Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8350 1 пікір 17 Сәуір, 2016 сағат 09:24

«КОЛОРАДО ҚОҢЫЗЫ» РЕСЕЙДІҢ БОЛАШАҚ ТУЫ

Соңғы жылдары 9 мамыр жақындаса бітті, жер әлемді Георгий лентасы басып қалатын болып жүр. Міне, биыл да шығысымыздағы Өскемен қаласынан бастап, өзге қалаларда аталмыш лента тарала бастады. Қоғамның кейбір өкілдері «колорадо қоңызына» ұқсататын бұл белгі нені білдіреді? Бұл белгібаудың түп-тарихын білесіз бе?

Георгий лентасын әлемге жаппай тарату шарасы 2005 жылы жеңістің 60 жылдығына орай Ресейде басталғаны белгілі. Сол жылдан кейін бұл шараны Ресей билігі дәстүрге айналдырып үлгерді. Бұл дәстүр 2008 жылы рекорттық көрсеткішке қол жеткізіп, Ресей, Грузия, Абхазия, Беларусь, Украина, Греция, Франция, Италия, Эстония, Латвия, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Молдавия, Әзірбайжан, Қытай, Вьетнам, Бельгия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Ауғанстан бастаған әлемнің 30-дан астам елінде таратылды. Сол жылы Георгий лентасын таратушылар  24 сәуір мен 12 мамыр аралығында 50 миллионға жуық лента үлестіргендерін мақтанышпен айтқан болатын-ды. Ал, қазір бұл көрсеткіш 100 миллионға жетіп жығылатыны туралы ақпараттар бар. 

Қош! Әлем саясаткерлері Ресейдің осы біржапырақ лентасын империялық саясаттың жанданып келе жатқанына балайды. Оған бірнеше деректерді мысалға келтіреді. Оның біреуін ғана айталық. Мәселен, Қырымда, кейіннен Украинаның шығысында орын алған саяси шиеленіс кезінде федерализацияны қалайтындар мен Украина тұтастығына қауіп төндірген сепаратистер осы лентаны тұмар еткені белгілі. Неге? Өйткені, бұл белгінің тарихы империялық дәуірден басталады.

Нақты деректерге назар аударыңыз. Георгий лентасы XIX ғасырда пайда болды. 1806 жылы орыс армиясында Георгий марапат жалаулары енгізілді. Жалаудың басында Георгий кресті бейнеленіп, оның жоғарғы жағына қара және сары түсті Георгий лентасы (дәл қазіргідей) байланды. 1878 жылдан бастап бұл лента «Георгий лентасы» аталды. Тіпті, орыстар бұл белгіні христиан дінінің сеніміне сәйкестендіріп, ең қасиетті медаль дәрежесіне дейін көтерді. Бұл осы кезеңнен бастап, Патшалық Ресейдің рухын асқақтатар әскери ең жоғарғы наградаға айналды. 1917 жылдан бастап, Кеңес үкіметі бұл белгіге түпкілікті тыйым салды. Тек 1992 жылдан бастап, Ресейде Георгий орденін беру қайта жандана бастады. Тағы да тарихты ақтарсаңыз, Патшалық Ресей тұсында осы Георгий орден-медальдарымен біздің елдегі казактар марапатталып отырғанын көресіз. Ал, сол казактардың дені қазақты қалай қырғаны, қандай қасірет әкелгені бәрімізге белгілі. 

Бұл лентаны Ресей болашақта мемлекеттің туына айналдыруы әбден мүмкін. Мамандардың айтуынша, Ресей бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы бір-ақ күнде мемлекеттік туды өзгерте алады. Қазір оның алғышарттары да жасалып жатыр. Мысалы, былтыр РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Михаил Дегтярев «Говорит Москва» радиосының эфирінде бұл жөнінде өз ойын білдіріп, «мемлекеттік ту ретінде Георгий лентасын пайдаланатын кез жетті» деп мәлімдеген. 

Михаил Дегтярев, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты («Говорит Москва» радиосында сөйлеген сөзі):

– Мемлекеттің туын Георгий лентасына, ой, қалай атаушы едік, қара-сарғылт түстегі Гвардиялық лентаға ауыстыруды ұсынамын. Бұл азаматтарымыздың белсенділігін артырады, оларды біріктіреді. Өйткені, бұл барлық кезеңді қамтиды: монархистерді де, кеңестік жүйеде шыңдалғандарды да...

Депутат Михаил Дегтяревтің сөзіне сүйенсек, Ресейге біркелкі идеология қажет. Ол үшін мемлекеттік туды өзгерткен жөн екен-міс. 

Соңғы кездері Ресейдің туын өзгерту жайы өте көп айтылып жүр. Демек, «Ресей идеологтары осы бағытта жұмыс жасап жатыр» деуге негіз бар. Егер де расымен бұл лента көршіміздің туына айналып кетсе, біздің жайымыз не болады? Әр қазақ көрші елдің жалауын тұмар етіп алғандай әсерде қалмай ма? Сіз не дейсіз? 

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5531