Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Мәйекті 4282 0 пікір 16 Сәуір, 2016 сағат 13:05

ЗИРАТ САТЫП АЛАМЫЗ


(бүгінгі сатира)

Өткенде қайтыс болып кеткен бір қарияны жер қойнына тапсыра алмай, біздің ауылда сұмдық шу болды. Қабірін қазайық десек, жер жоқ. Жер жоқ емес-ау, бар, бірақ...
Осы ауылға тиесілі пәленбай мың гектар жерді өткенде Қытайдан келген бір алпауыт пен Ресейдің ақшалы бір дөкейі қақ бөліп сатып алған.

Енді ауылдың іргесіндегі үлкен қорымның жартысы ресейлік, қалған жартысы қытайлық «инвесторлардың» билігінде кетіпті. Олардың рұқсатынсыз зиратқа барып, қабір қазуға болмайды екен.

Амалымыз таусылғасын, жиналып ауыл әкіміне бардық. Оның қолында не билік бар, сасқалақтап ауданға телефон шалып жатыр. Ол жақтан дұрыс жауап болмады-ау деймін, абдырап бізге қарады.

– Не істесек екен, ә,... аудан әкімі ұрсып жатыр, әзірше сақтай тұрыңдар дейді, мәйітті... Ана кісілер алыс сапарда жүр екен, бірер айсыз оралмайтын сияқты...

Халық шулап жатыр:

– Ойбай-ау, о заманда, бұ заман, өлікті сақтаңдар деген не сұмдық!

– Әй, қайда сол әкімің, неге келмейді өзі?!

– Шақыр осында әкіміңді, әйтпесе өзіміз барамыз ауданға...!

Әйтеуір, ертеңінде түс ауа әкім мырза да төбе көрсетті-ау. Айнадай жалтыраған «джипінен» әрең деп түсіп, біздің ала-құла топқа таяғысы келмей қабағын шытып біраз тұрып, біреу күштеп сүйрегендей, құлықсыз жақындады.

– Не шу бұл?, – деді ауыл әкіміне көзін алартып.

Ол байқұстың жаны мұрнының ұшында:

– Мына кісілер... енді айтқанға түсінбейді... ескерттім, қоя тұрыңдар деп...

– Дұрыс емес сіздердікі! – деді қабағы шытынған әкім топқа қарап. –Дұрыс емес! Дәл мынадай кезде понимаете.., саботаж ба бұл, не?! Бұлай рұқсатсыз өлуді... иә, не... мезгілсіз нетуді қою керек. Ол кісілер еріккеннен келіп отырған жоқ бұнда. Сіздер үшін, сіздердің өмірлеріңізді жақсартам деп қаржы салып отыр. Общем, мен бұл шаруаны бір рет өз жауапкершілігіме алам, бүгінше қойыңыздар, ал әрі қарай білмеймін....

Халық тағы да шулап жатыр. Бір қария:

– Әй қарағам, сен не сөйлеп тұрсың өзің, сонда өлмей мәңгілік жасауымыз керек пе?! Ата-бабамыздан қалған жерге сүйегімізді қоя алмасақ, онда біржола жер аударып жіберіңдер! – деді ашынып.

– Білмеймін, ақсақал, білмеймін, оны мен шешпеймін. Үкіметтің қаулысы бар, жер сатылып кеткен. Бұл жер енді біздікі емес...

Осыдан кейін біздің ауылдың адамдарының бармаған кеңсесі, аттамаған босағасы қалған жоқ. Ақыры ауылдың іргесіндегі зиратты инвесторлардан өзіміз қайтадан сатып алатын болдық. Рас, қымбаттау екен, әр шаршы метрі бәленбай жүз мың теңге. Не істейміз бірақ, аламыз, ертеңгі күн сүйегіміз далада қалмас үшін.

Осы жаңалықты жеткізу үшін аудан әкімі өзі арнайы келіпті.

– Рахмет айтыңыздар! – деді ол біздің сүреңсіз топқа немкеттілеу қарап. – Рахмет айтыңыздар, билік пен үкіметке. Сіздер үшін инвесторлармен жасаған шартты бұзып, зираттарыңызды қайта қайтарып отырмыз, әрине,... тегін емес. Қазір нарықтың заманы, оны түсініңіздер... Бірақ естеріңізде болсын, сіздер қашанда билік пен үкіметтің назарандасыздар, далада қалмайсыздар!

Қазір ата-бабадан қалған сол қорымды қайтадан сатып алмақ болып, ақша жинап жатырмыз. Қымбаттау әрине, бірақ әрқайсымыздың өз меншікті жеріміз болады ғой. Мәңгілікке! Ұзындығы екі метр, ені бір метр деп көрсетіпті құжатта. Соған да тәубә дедік. Қанша дегенмен басқанікі емес, өз жерің деген аты бар ғой!

Сайлау Байбосын 

Abai.kz

0 пікір