Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 5818 0 пікір 17 Наурыз, 2016 сағат 12:43

ДЕБАТ: КЕЙ ПАРТИЯЛАР ҚАЗАҚТІЛДІ АУДИТОРИЯНЫ МҮЛДЕ ЕЛЕМЕДІ

Дәл кеше дебат өтті. Санаулы күндерден соң сайланушылар сарғая күткен Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы болады. Дода думаны қызған сәтте елміздегі саяси партиялар теледебат жасады. Әуелде тікелей эфирде өтеді деп жоспарланған пікір-талас таспаға жазылып, өңделіп, сұрыпталып барып жұрт назарына ұсынылды.

Партия тізгіншілері миллион шаршы метр баспана тұрғызуға, шағын және орта кәсіпкерлер үшін салық көлемін төмендетуге, жас жанұялардың несиелерін кешіруге, жанармай бағасын литріне 40 теңгеге дейін түсіруге уәде берді.

«ШЕШЕНДЕР» 2 МИНУТТАН СӨЙЛЕДІ

Хабар арнасы еншілеп таратқан теледебат ұзын-ырғасы бір сағаттан артық жалғасты. Ал партия жетекшілерінің әрқайсысына регламент бойынша 2 минуттан сөз берілді.

Парткомдардың пікір-таластырған тақырыбы – «экономика – еліміздің өркендеуінің кепілі» және «Қазақстандағы адам капиталын жақсарту» болған. Әр партия өкіліне аталған тақырыпты ашуға 2 минуттан уақыт берілді. Қалған кезде төрағалар мырзалар мен ханымдар пікір таластырып, ой жарыстырды.

«Еліміз бойынша 740-тан астам «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлімі барын және оған 2 миллионнан астам адам жүгінгенін нақты сандар арқылы білдік. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 22 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың мәселесі шешілді», - деді А.Мырзахметов әуелі.

Ал Парламенттегі бизнестің партиясы саналатын «Ақ жол» тізгіншісі Азат Перуашев еліміздегі кәсіпкерлікті арттыруға ынта-шынтасымен дайын екендігін жеткізді. Перуашев ұсыныс айтты. Елдегі шағын және орта бизнес өкілдерін құрылған алғашқы үш жылда  салықтың түрлі санатынан босату керек деді.

«Біздің партия Қазақстандағы даму институтын парламенттік бақылауға алуды және шағын және орта бизнесті дамытуға күш салуды қолдайды. Біздің пікірімізше, Мемлекет өз бетінше тырбанып жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді қолдауы, қорғауы тиіс»,-дейді Азат Перуашев.

Ал сайлауға қатысу туралы шешімді соңғы сәтте ғана қабылдаған Жармахан Тұяқбай партиясы оппозициялық, демократиялық бағытта болғандықтан дебат барысында шетелдік инвесторлар еншілеп алған мұнайды, шикізатты жоқтады. Жиырма жылда жарымаған халықтың қазіргі ахуалын ащы тілмен айтқан Жармахан Тұяқбай да көп сөйлемеді. Берілген 2 минутта 25 жылдағы жағдайды сөз етті. 

«Еліміздің мұнай нарығы мен шикізат нарығының 80 пайызы шетелдік инвесторларға тиесілі. Ал халық сол мұнайдың қызығын көріп отыр ма?»,-деп түйіндеді Тұяқбай мырза.

Осы және өзгеде көкейтесті мәселелерді «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы да атап өтті. «ҚКХП» төрағасы, 80 жастағы ақсақал Владислав Косарев мырза бастаған өкілдер сайлауалды сөз жарысында осы тақырыптарды кеңінен талқыға салды.

Әр партия жетекшілері 2 минуттан көсіліп барып тоқтаған соң, кезек сөз-жарысқа берілді. Бұл кезеңде партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойып, сәті келсе сөзден жығуға тырысты.

Сонымен кім қалай сөйледі? Біз саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлының көптен күткен теледебат туралы пікірін білген едік.

Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы: 

«Нұр Отан» Асқар Мырзахметов екі тілде теңдей сөйлеп, ашық саясаттағы алғашқы сөзжарысын өз деңгейінде өткізді. Оның бұрыннан бизнестегі, атқарушы биліктегі жұмыстары жоғары бағаланып келеді. Партия басшылығына тағайындалғанда шаруашылық адамының идеологиялық жұмысқа келуі жайлы аз жазылған жоқ. Дегенмен, бұл сайлау науқаны оның саяси тәжірибесін арттырғанын көрсетіп тұр. Облыстарды аралап, халықпен жүздесіп келген ол қалған 5 қарсыласына қарағанда әлдеқайда жүйелі сөйледі. Нақты цифрлар мен статистикаларды әрбір сөзіне дәйек ретінде пайдаланды. Бұл – кез келген оратордың сөзін салмақтандыра түсетін қасиет. Атқарылған жұмыстар туралы да ауыз толтырып айтқан Мырзахметов болды.

Қалған партиялардың өкілдері ұсыныстармен шектелді.

Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өзін еркін ұстады. Бұған дейін ол 2012 жылы да пікірсайысқа қатысқан. Оның көліктік-логистикалық әлеуетін жүзеге асыру үшін жүктерді кедендік рәсімдеу жүйесін жетілдіру туралы ұсынысы ұнады. «Транзиттік жүктер апталап, тәуліктеп шекарада жататын болса, онда дәл бүгінгідей жағдайда жүктердің бәрі елімізді айналып өтетін болады» дегені өзекті дүние.

«Ауыл» Бектаев – саясаттағы жаңа фигура. Оның ел алдына шығып сөйлегенін бұрын-соңды көрмегенбіз. Спичрайтерлері әрбір секундқа дейін есептеп, тәптіштеп жазып бергені көрініп тұр. Оның ауылшаруашылығының негізгі салаларын Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері негізінде дамыту керек деген пікірін атап өтуге болады. Оның айтуынша, еліміздің тек ірі қара мал етінің көршілес Ресей мен Қытайға экспорттық әлеуеті 5 млрд. доллардан асады екен.

ҚХКП 2012 жылғы Парламент сайлауы алдындағы саяси дебатқа да бұл партия Владислав Косаревті шығарған болатын. Соңғы 4 жылда қазақтілді электораттың саны көбейгенін ескеру керек. Осы бойынша орталық сайлау комиссиясы да статистика жариялау қажет. Себебі Қазақстан халқының өсімі ауылдық жерлердің есебінен көбейіп келеді. Коммунистер бұны ескермеді. Қазақтілді аудиторияны не сыйламайды, не мүлде үміт күтпейді. Әйтеуір партияда екітілді фигуралар бола тұра, Косаревтің шығуын өз басым қабылдай алмадым. Сөз де, сөйлем де, ұран да ескі.

ЖСДП 2012 жылғы теледебатқа Жармахан Тұяқбайды шығарған еді. 2005 жылы да, 2012 жылы да асықпай сөйлеп, өзіне берілген уақытты өткізіп алған болатын. Публика алдында шешен сөйлейтін, халықты соңынан ерте алатын тұлға емес екенін ол сол кезде-ақ көрсетіп алған. Егер сол жылдары Әміржан Қосанов шыққанда жағдай басқаша болар ма еді. Қосановты сыйғызбаған партия биыл Зәуреш Батталоваға сенім артыпты. Ол кісі – азаматтық қоғам өкілі. Партияда ресми қызметте емес. ЖСДП-ның алғашқы қателігі осы жерден басталса керек. Өзге партияның үгіт-насихат жұмыстарына кедергі келтіріп, онысын видеоға түсіріп таратқан азаматтар өздерін саяси дебатшы санап жүргенде сол азамат шыға ма деп ойлаған едім. Абырой болғанда Зәуреш Қабылблекқызы сөз ұстап шыққан екен. Рас, Батталова сенаторлық қызметтен кейін үлкен мінберден көрінбей кеткен. Қобалжу байқалды, қағазға көбірек үңілді.

"Бірлік" партиясы экономиканы емес, экологияны көбірек қозғады. Жалпылама, жаттанды сөздер көп. Леонардо ди Каприо сияқты ғаламдық климат туралы емес, Алматы, Семей, Қызылорда, Атыраудағы экологиялық жағдайлардың өзін сырт айналып кетті. Атыраудағы мұнай қалдықтары, Протонның ұшырылуының зардабы сияқты мәселелер айтылмады. Ди Каприоның өзі Арал мәселесіне әлем назарын аудартқан еді. «Бірлік» партиясы үдеден шыға алмады. Роза Қуанышеваны халық танымайды. Оның орнына Мұрат Қожамқұлов шығуы керек пе еді... Әйтеуір әлі де бір қайнауы ішінде партия сияқты көрінді.

Түйін: Ескерте кетейік, соңғы 20 жылдың ішінде бірде-бір сайлау алды теледебаттары тікелей эфирде ұйымдастырылған емес.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір