ҚАЗАҚТЫҢ ЖАС КӘСІПКЕРІ БРЮССЕЛЬ МІНБЕРІНДЕ СӨЗ СӨЙЛЕДІ
25 жастағы кәсіпкер Арман Тосқанбаев Брюссельде өтіп жатқан «Кәсіпкерлік қоғамдастық» және «Ақылды аумақ» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Арман Тосқанбаев – Қазақстандағы «Отан патриоты» атты сағат мануфактурасын ашқан жас кәсіпкер. Сонымен қатар, ол – «Қазақстан жас кәсіпкерлер қауымдастығының» өкілі ретінде жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін тренингтер өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген жастардың бірі.
Арман Тосқанбаев 9 наурыз күні Брюссель қаласында басталған «Кәсіпкерлік қоғамдастық» және «Ақылды аумақ» халықаралық конференциясына қатысып жатыр. Аталған шараға 40 елден келген бизнес қауымдастықтардың, билік органдарының, жастар бірлестіктерінің өкілдері жиналып, жаһандық кәсіпкерлік мәселелерін талқылауда. Арман Тосқанбаев бұл конференцияға қатысардың алдында Европа білім қорының (ETF) арнайы шақыртуын алған.
«Маған конференцияға қатысушылардың алдында сөз сөйлеу мүмкіндігі бұйырды. Қазақстанда жинаған тәжірибеммен бөлісіп, өзге елдердің жастарының ой-пікірін тыңдап, біздің елге қажет жайттарды есте сақтап алуға тырысып жатырмын. Мұнда өзге елдердің бизнес өкілдерімен іскерлік байланыстар орнатып, жаңа жобалар іске қосатын боламыз. Израиль, Оман секілді елдерден іс-тәжірибе бөлісуге шақыру алдық», – деп жазады Арман Тосқанбаев facebook-парақшасында.
Қазақстандық жас кәсіпкер елімізде инновацияны дамыту керектігін де ескертеді. «Израиль тәжірибесіне қарасақ, инновациялық стартаптарға көп көңіл бөлінеді. Әрине, елдің болашағының кілті инновацияда екені ешкімге жасырын емес, бірақ өкінішке орай біздің елде бизнесті ең алдымен сауда мен қызмет көрсету секілді нәрселерге ашады. Ал, Израильде инновациялық технологияларға жіті назар аударып, бірінші кезекке қояды. Жаңа идеялардың пайда болуына және іске асуына барлық жағдай жасайды. Таптаурын болған кәсіптерге уақыт та, күш те жұмсамайды. Жеке басым енді қалай қарай жүру керек екенін ұғып, даму бағытымды анықтап алдым»,– дейді Арман Тосқанбаев.
Арман Тосқанбаевтың ойынша, біздің ел жастары мұндай шараларға жиі қатысып тұруы қажет. «Жастарымыз дамыған елдердің азаматтарымен бір ортада ой бөлісіп, жаһандық ойлау жүйесін жақсартады. Шетелдердің тәжірибесін үйреніп, өз елімізде дамыту жағын ойлайды. Жаһандық көзқарасы мен ұстанымы бар азаматтар легін қалыптастырады», – деп ол алдағы уақытта ендігі шетелдік тәжірибесін, түйген-білгендерін іс жүзінде пайдаланатынын жазған.
Abai.kz