Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5756 0 пікір 16 Наурыз, 2016 сағат 13:36

ЕЛ САЙЛАУҒА НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?..

Сайлауалды үгіт-насихат басталған кезде «Сайлауға барасыз ба? Не үшін дауыс бересіз?» деп сайт оқырмандарына сауал тастаған едік. Соның ішінде «Бармаймын, сайлаудың әділ өтетіндігіне сенбеймін» дегендердің қарасы өте көп (төмендегі суретті қараңыз).

 

Әрине, бұл кешенді сауалнама болмаса да, сайлаушылардың көңіл-күйінен хабар береді. Яғни, қоғам әділ сайлаудан күдер үзген. Бұл – қауіпті құбылыс. Қауіпті болатыны, сыртқы күштер сайлаудың әділдігі мен тазалығына деген қоғамның сенімсіздігін пайдаланады. Демек, сайлаумен ойнау – саяси ойындардың ең қауіптісі. Тіпті аяқ астынан қоғам сайлау әділдігін талап етіп шықпаса да, көпшіліктің әділ сайлауға сенбеуі биліктің халық алдындағы беделі мен абыройы көрсеткішінің тым төмендігінің белгісі. Халық пен биліктің жеке-жеке оқшаулану процесін одан әрі жеделтеді. Биліктен бөлектенген қоғам өзі сенетін саяси күштерді, тұлғаларды шығарады. Ал, билік қоғамды өзіне қарата ұстау үшін әкімшілік-полициялық күшін қолданады. Яғни, билік пен халық арасындағы негізгі тірек – сенім жоқ жерде кез келген әрекеттен от шығу қаупі зорая береді. Әзірге екі жақты жалғап тұрған нәрсе – амалсыздық қана сияқты. Билік саяси реформаларды жүргізудің уақытын өткізіп алды. Соның кесірінен халық сенімі жоғалды. Кешенді әрі түбегейлі болмаса да ұшқындап қана жасалған экономикалық реформаларға деген қоғам сенімін билік сүйеніш етіп отырған еді, оны мұнай бағасы құлатып кетті. Сөйтіп, қоғам мен билік арасындағы сенім көпірі құлады. Екі жағалауды жалғауға осы жолғы сайлауды пайдалануға болар еді. Бірақ, билік баяғы үйреншікті әніне қайта басты. Биліктің де бұдан басқа амалы жоқ. Себебі, билік өзіне сенбейді. Яғни, ішкі сенімі күйреген билік терең дағдарыста. Әрине, жалаулаған, ұранды нәрселер айтыла береді. Түрлі сарапшылардың аузымен сайлаудың алда болатын реформалар үшін жасалып жатқанын да айтқызады. Бірақ, оның бәріне халықтың сенімі жоқ. Кез келген билік үшін ең басты капитал халық сенімі. Ал, ол бізде жоқ. Бір партияның бірнеше түрлі бейнесі сияқты саяси партияларда сенім мәселесін сөз ету тіпті ыңғайсыз. Айналып келгенде, Есілдің бергі жағының сайлауға сенімсіздігі Есілдің арғы жағына сайлауды қалауынша өткізуіне кедергі бола алмайды. Алайда, қираған сенім көпірін қалпына келтіру сайлаудан кейін де күн тәртібіне шығарылмайтыны өкінішті. Сайлаушының сенімі жоқ жерде сайланбалы биліктің ғұмыры тағы қанша уақытқа созылатыны беймәлім...

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520