Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4401 0 пікір 16 Наурыз, 2016 сағат 11:50

ДІНІМІНІҢ ЖАУЫ - МЕНІҢ ЖАУЫМ

Қаржылық дағдарыс адамзаттың басын даң-дұң етіп жіберді. «Сасқан үйрек - артымен сүңгіп», қайсыбір «жүйкесі жұқа» елдер естері ауысып, қолға қару алып, соғысқа кірісіп кеткенін де сезбей қалды. Орысың Қырымға ұрынып, оңбай омақасты. Украинаң  демократия аңсап жүріп, астан-кестен болды. Қырғызың қайсарлыққа қызығып, қанға ұрынды. Гүржің мыңжылдық көрші-отандасын орнына қоя алмай, біраз жерінің бос орынын сипап қалды. Армения Қарабаққа қарайлап, қылқына түсті. Араб жұрты «көктемге» елітіп, есеңгіреді. Сирия «семіздікті көтере алмай», сергелдеңге килікті. Түртінектеген түріктер отпен ойнап, орыспен жаға ұстасты. Едіреңдеген Еуропа есерлігінің сазайын тартып, мигранттардың мибатпағына ұрынды...

Әл-ауқатының аз-кем ауытқығаны болмаса, әлемдегі алып екі жұрт салмақты қалпымен алысқа қасқая қарайды, олар: Америка мен Қытай... Атамыз қазақ: «Үйренген жау - атыспаққа жақсы» деген, қоңсы қытайдың сыры бізге біршама мәлім, Абылайхан атамыздың өсиет-өнегесі бар...

Бізге ең қауіптісі - бүгінде жаңа президентін сайлауға қамданған аждаһа Америка. Әрине, сайлауалды үміткерлерінің қалың қатары бүгінде мейлінше сиреп, табиғи сұрыпқа түсті. Бірақ, бірде-бір америкалық көңіл қойып, көз тоқтатпаған Дональд ТРАМП атты бір байшыкеш күннен-күнге АҚШ-тың басшысы болу арманына там-тұмдап жылжап, жақындап келеді...

Қазақ Елі қаржылық дағдарыспен итжығысып жүріп, Мәжілістің мылжың депутаттарын сайлаудың қарбаласында қалып, орасан мұқиттың арғы жағынан елдің келешегіне төнуі мүмкін зор қауіпті сезбей отырған секілді...

...Нью-Йорктің жылжымайтын мүлік магнаты Дональд Трамп (суретте) салмақты саясаткерден гөрі, жүйкесі жұқарып-тозған, болмысында мұсылман иісінен тұншығатын тарпаң есуасқа көбірек ұқсайды. «Демократия» ауасының күлімсі шуашына елітіп, есірткіні езіп ішетін американдықтардың басым бөлігі рухани деградацияға ұшырап, «жақсы мен жаманды» айыра алмайтын сырқатқа ұшырағандай көрінеді. Айталық, басында сайлауға түсуге ниет танытып жүрсе де ешкім көзге ілмеген Дональд Трампты жас пен кәрі, еркек пен әйел жабыла қолдап, жаздың  шыжыған ыстығында стадион толы адам жинаса да, Республикалық партия жетекшілері оны байсалды үміткер ретінде мойындамады. Партияластарымен ерегісе түскен Трамп: «Мексикамен шекараға биік дуал тұрғызамын!» - деген әйгілі популистік мәлімдеме жасағанда, әңгүдік американдықтар бір серпіліп қалды.

Артынша Республикалық партия атынан АҚШ президенті сайлауына түсетінін ашық жариялаған Трамп тамағы қарлығып, дыбысы шықпай қалғанша: «Сириядан келетін босқындар тасқынын тоқтатамын!» деп, кеудесін қаққанда, америкалықтардың тамырын дәл басқанын өзі түгіл, қарсыластары да мойындады.

Бәдікбай Трамптың бәсекелестерінен суырылып озып шығуы - қоғам мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланса да, бір қызығы, Республикалық партия серкелерінің көбі: «Трамп өзі-ақ сайлаудан бас тартады» - деп сенді. Бірақ, олай болмады, «Американы қайтадан ұлы елге айналдырамын!» - деген сөздер даңғой да дарақы АҚШ халқының қышыған жеріне тиді. Бүкіл ел аумағындағы Трамптың рейтингі қарсыластарынан екі есе жоғары өсті. Республикалықтарды Дональд Трамптың кандидатурасына деген үрей меңдеді.

Дәп осы тұста кезкелген адамның ең нәзік те осал жері - асыл діні екендігін білетін көркеуде кандидат: «Мен мұсылмандарды АҚШ-қа кіргізбеймін!» - деп, қойып қалды. Өз дінінің адамзатқа әкелген қасыреті исламнан мың есе көп болса да, әрбір мұсылмен емес америкалық Трамптың құр айқай, бос қоқан-лоққысын уәде ретінде қабылдап, оны қолдаушылар күрт көбейіп кетті. Тіпті, Трамптың нағыз құлаккесті фанаттары пайда болды.

Қай жерде де Трамп мінберге шыққанда, қара халықтың шуы мен ысқырығы күшейгенін көрген Республикалық партия басшылығы науқанның бас кезіндегі Трамп жетістігін паш ететін «дабыл сигналдарын» байқамай қалғандығын кештеу түсінді. Тіпті, «Суперсейсенбі» аталған атышулы күні партия үміткерлері сынағында құрама штаттардың басым көпшілігінде Трамп жеңіске жетіп, президент сайлауына түсуге жақындай түсті.

Қазір американдықтардың таңдау жасауына уақыт аз қалды. Бүгінде мұнайы мүжіліп, әл-ауқаты әлсіреген АҚШ сәтсіз кезеңді бастан кешуде. Өзгеге өштік, өршіл өркөкіректік, мәнсіз мақтан, әлсізге азуын батыру заманы АҚШ-ты аттап өтіп кетті.

Демек, әрбір американдық бала-шағасының болашағына бас қатырса, даңғой кеудемсоқтықтан аулақ болып, бейбітшілік пен бітімге бет бұруға тиіс. Өйткені, американдық мұсылмандардың саны күн санап, сағат санап көбейіп келеді. Сондықтан, «Мұсылмандарды АҚШ-қа кіргізбейтін» америкалық Дональд Трамп пен «Үнді мұқитына орыс солдатының шұлғауын кептіретін» орыс Владимир Жириновскийдің құтты орыны - жоғары саяси мінбер емес, «Жындыхана үйінің» жекеленген жансақтау бөлмесі ғой...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

«Қазақ Елі» Халықтық қозғалысының төрағасы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522