Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 7294 0 пікір 16 Наурыз, 2016 сағат 09:42

АЛМАТЫ МЫҢ ЖЫЛДЫҚТЫ ТОЙЛАУҒА НЕГЕ АСЫҒАДЫ?

Abai.kz порталының электронды поштасына «Алматы мың жылдықты тойлауға неге асығады?» деген материал келіп түсті. Автор еліміздегі бетке ұстар рухани шаһарымыздың тарихын мың жылдан бері қайыруды құптамайтынын, бұл қаланың тарихы одан да терең екенін айтқысы келеді. Той өткізгеннен гөрі, тарихи зерттеулер жүргізу керектігін баса айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алматының тарихы Верный бекінісі салынған күннен басталды» деп той жасағандар болып еді. Оның қасында мың жылдық деген «айналайын» ғой.

Еркін ойлы қоғамда әркім өз көзқарасын айтуға құқылы. Сол себепті де аталған мақаланы толығымен жариялап отырмыз. 

Abai.kz

 

Тағы бір тойдың төбесі көрінді. Ол – Алматының 1000 жылдық мерейтойы. Оңтүстік астананың басты көшелерінде тойға дайындықтың әрекеті байқала бастады. Академик-археолог Карл Байпақов жуырда өткен «Алматының мәдени жасы – 1000 жылдық тарихы» деген дөңгелек үстелді «талай жылға созылған дискуссияның қорытындысы» деп атады.

2008 және 2010 жылдары да бұл тақырыпқа халықаралық екі конференция арналған. Оның мәлімдеуінше, Алматы аумағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде және кездейсоқ табылған археологиялық материалдар мен нумизматикалық коллекцияларды талдауға, этнографиялық және шығыстану саласындағы зерттеулерге сүйене отырып, Алматының жасы 1 мың жылдан кем емес деген ұйғарым жасауға болады. Академиктің айтуынша, Алматы пайда болды деп болжанған 10-11-ғасырлар мұсылман ренессансы дәуірі болып, Шығыста әл-Фараби, Бируни, ибн-Сина, Омар Хайям сияқты мәдениет пен ғылым қайраткерлері өмір сүрген.  Тағы бір деректерде Алматының тарихы 1000 емес, 3000 жылдықтарға тереңдеп кеткенін айтылады. Оған дәлел – Есік қорғанынан табылған Алтын адам. Алматы маңында тек Есік обасы емес, бірнеше қорғандардың бар екені белгілі. Соңғы табылғаны – Алматының Розыбакиев – Жандосов көшесінен табылған ескі Сақ қорғаны. Бұл да сүйікті қаламыздың тарихының мың емес, бірнеше мыңжылдықтарға тереңдеп жатқанын дәлелдеп тұр.   

Осы тұста Алматының мыңжылдық тарихын ЮНЕСКО шеңберінде аста-төк етіп тойлау кімге қажет деген сұрақ туады. Өткен жылдың қазан айында ғана Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлан асыр болып тойланды, бюджеттен қаржы бөлінді. Осы той барысында Түркістанда немесе Тараз қаласында Хандар мұражайы бас көтереді деген арман бар еді көп көңілінде. Бірақ  той өтті, кетті. "Тойдан кейін не қалды?" деп жан-жағымызға қарасақ, елдің абыройын асқақтататындай ештене еске түспей тұр. "Сендер 550 жылдықтарыңды атап өттіндер, сендердің бай тарихтарың бар екен" деп алыс-жақын шетелдердің де көзқарасы өзгерген жоқ. Біздің 550 жылдықпен шектелген тарихымыз туралы халықаралық журналдар да ауыз ашқан жоқ. Олар ауыз ашпағасын әлемдік деңгейде мойындалды деп айтуға да аузың бармайды. Арада жыл ауыспай жатып, дағдарыс  жағдайында тағы бір той деп желігуге қандай қажеттілік туып тұр деген сауал турады.  Себебі, әлемдік өркенниеттің көз басында жүрген елдердің тәжірибесіне көз жүгіртер болсақ, олардың бірде-бірі мемлекетіміз немесе бас қаламыз мынадай жасқа толды деп әлемге жар салмапты, біз тәрізді ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізбегіне кіреміз деп жанталаспапты. Азиядағы ТОКИО, Еуропадағы  Париж, Стамбул тарихы есте жоқ замандарды қойнына бүгіп, толған айдай толықсып жатыр. Мысалы жапониялық саясаттанушы Ока Нацуко  мемлекеттің, қалалардың мерейтойын мақсатты түрде тойлау соншалықты ақылға сиымды әрекет емес екенін айтады. Мысалы әлемге әйгілі Париждің 5000 жылдық  тарихы бар екенін  сол елде тұрып жатқан екі француздің бірі біле бермейді. Өткені, өткен тарихыңмен мақтану – тоқмейілшілдікке алып келіп, алға дамуға кедергі келтіреді деп ойлайды. Бай- қуатты  екеніңді мойындатсаң, еліңнің кезекті мерейтойын сен емес, алыс-жақын көршілерің тойлауға ынталы болатын көрінеді. Қазақстандық  журналист, "Литер" газетінің редакторы бізбен әнгімесінде  Дмитрий Шишкин біз аспанға қарап, қол жайып "мыңжылдығымызды тойлайық" деп бәтуаға келгенен ештеңе өзгермейтінін айтады.  

- Шовинистік дертке шалдыққан кейбіреулердің пайымдауынша Алматының тарихы 1854 жылдан басталады, олардың пайымдауынша Алматыға 1854 жылы казактар келгенше, ешкім тұрмаған. Мен бұған келіспеймін. Алматыда 161 жыл бұрын да, 3 мың жыл бұрын да адамдар болған. Бірақ тарихи деректер біркелкі емес.  Мен өзім туып өскен Алматымның мерейтойы  ЮНЕСКО көлемінде расталған тарихи-құжаттармен дәлелденгенін қалаймын.    1000 жылдық  тарихы бар қаладағы ең көне ғимарат осыдан 110 жыл бұрын салынған.  Алматының 1000 жылдығын атап өтуге аса ынталы болып отырған топ мыңжылдықтардың тарихын қойнына жасырып жатқан қорғандарды зерттеуге ЮНЕСКО шеңберіндегі ғалымдарды шақырсын, ғылыми зерттеулер жүргізсін. Қорғандардың үстіне салынған жеке сектормен келіссөздер жасасын. Оларды айғай-шусыз  жайлы пәтерлерге жайғастырсын.  Тарихи деректерді  құжаттандырсын. Оны халықаралық деңгейдегі журналдарда жариялап, әлем тарихшыларын мойындатсын! Мен қаламыздың тарихы мыңжылдықтардан да тереңде жатқанына   сенемін. Алматы  Жібек жолының бір тармағы болған.  Біз мұны ел шеңберінде емес, халықаралық деңгейде дәлелдейік. Егер, қаламыздың бай тарихы туралы  әлем ғалымдары  халықаралық журналдарда бір-бірінен сүйінші сұрап, жазып жатса,  мына қорған хан ордасы болған, бұл деректер біздің әлемдік тарихқа ықпал ете алған алып империя болғанмызды дәлелдейді, –  дейді.

Егер әдемді олай мойындата алмасақ, мыңжылдыққа  қазіргі дайындық, қарабайыр тілмен айтқанда  масқара.  

–  Күні ертең шетелдік  қонақтар "сіздердің қалаларыңыздың жасы сіздер айтқан 1000 жыл емес, бар болғаны – 161 жаста емес пе?" деп сұрақ қоюы мүмкін.  Менің жанталасқан  жауаптарыма қарамастан "түсінікті" деп   Боратты көз алдына елестетуі әбден  әбден мүмкін.  Себебі  елді мекендердің құжаттандырылған тарихының өзі ғылым.  Біздің Алматының 1000 жылдығы туралы айтып келе жатқанымызға талай жыл болды. Бірақ «Википедияға» Алматының мыңжылдықтарға созылған тарихын енгізе алмадық. Енгізуге талпынсақ, оның редакторлары оны бірден қабылдамайды, тек теория деп түсінеді. Біз қаласақ, кез келген  мерейтойды ел көлемінде тойлай береміз. Мысалы, қырғыздар "Манас" эпосының  3000 жылдығын тойлады. ОҒАН ЕШКІМ назар аударған жоқ. себебі оның шын жасын ешкім білмейді. Егер, Түрік қағанатының 1500 жылдығын тойлағымыз келсе, бұл датаны түркі елдері қауымдастығымен келісіп алуымыз керек, – дейді Дмитрий  Шишкин.

Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауда­нының жерінде алып «патша қорған­дары» көптеп кездеседі. Бұл жерде сақ дәуірінің 200-ден аса обасы орналасқан. Бірақ солардың ішіндегі ең көнесі – Алтын киімді адам табылған Есік қорғаны. Оның орны бөлек. Алматыдан әзірге 19 қорған табылды. Бұл әзірге белгілісі ғана. Бірақ оларға, халықаралық ғалымдар емес, отандық ғалымдардың да қолы жеткен жоқ. Біз Алматының 1000 жылдық тарихын ЮНЕСКО көлемінде тойламастан бұрын  қала ішінен табылған 19 қорғанның тарихына әлемдік ғалымдардың назарын аударайық, олар жайлы халықаралық тарихи ғылыми журналдарда мақалалар жариялайық. Біз той қамына кіріспестен бұрын, осы мәселелерді кешенді түрде қолға алғанымыз дұрыс. Сол кезде Алматымыздың жасын мыңжылдықтарға ұзартуға, Алматы қаласының басшылығы емес, әлем ғалымдары, ЮНЕСКО мүдделі болатын шығар. Себебі осыдан бірнеше жылдар бұрын  Өзбекстан Самарханның бірнеше ғасырға созылған тарихын әлем алдында тойлады. Ешкім ештеңе демеді. Себебі онда әлемдік тарихқа ықпал еткен Ақсақ Темір – Әмірдің Көрі жатыр. Бізде де қаза берсек, іздене бірсек, Алматының тарихын бірнеше мыңжылдықтарға созатын себептер жетеді. Соның бастысы –«Алтын адам» табылған Есік қорғаны.  

Тойға дайындық барасында ғаламтор беттерінде «Алтын киімді» адамның  бассыз мәйітінің  қаладағы мұражайларда ескі қорапқа салынып, елеусіздеу жатқаны туралы ақпараттар пайда болды. Сол кезде ғана тиісті орындар сүйекті жер қойнына беру қажеттігін еске алды. "Бас қайда кетті?"  деген сауалдар  тағы да қоғамның көкейінде түйіншік болып қадалып қалды.

«Алтын киімді» адамның жоғалып кеткен басына, Алматыдан табылған – Алматы тұрғындарының дәретханасы мен моншаларының астында көміліп жатқан Сақ қорғандарына  әлемнің назарын аудармай жатып, Алматының 1000 жылдықпен кысқа қайырылған өмірін ойлауымыз –  асығыстық....

Гүлбаршын САБАЕВА

Abai.kz

0 пікір