БӘРІНЕ -"БОЙКОТ"
Осы мен сайқал саясаттың ойындарын түсінбеймін. Түсінгім келмейді. Мәселен біздің саяси партиялар халыққа біресе "былай" дейді. "Айтты-ау сабазың" дегенше екі күн өтпей жатып, әлгі "батырым" екінші жамбасына аунап түсе салады. Осындай пәтуасыз саясаттан шаршадым.
Атын атап, түсін түстемейін. Кеше еліміздегі "белсенді" партиялардың бірі "сайлау додасынан шығу және саяси шараға бойкот жариялау мүмкіндігін қарастырып жатқанын" хабарлады.
"Ойбай бойкот" деп бәріміз шу ете түстік. Бүкіл халықтың көңілі сол партияға ауды. Миссия орындалды. Енді ертең, "біз бағымызды сынап көретін" болдық дей салады.
Қазақстандағы 17 миллион халықты осындай қулықпен алдауға бола ма?
Алдамады делік... Ендеше "халқым сенген" партия сөзінде тұрсын! Тәуелсіз Қазақстан саясаты тарихына елеулі оқиғаны жүзеге асырушы болып, атын қалдырсын!
Атын былай қойып, егер ол партия осы қадамға барса, біздегі сайлау жүйесінің әділетсіздігін, қазақтың саяси ойлау жүйесі ондай әділетсіздікке енді төзбейтінін көрсетер еді.
Мұндай қадамға баратын партия "қарастырылып жатыр" деген ақпарат таратпайды. "Бойкот жариялаймыз" деп шешіп айтады. Шешіп айтпады ма, бәрі бекер...
Мазақ болған халқым-ай! Көшеге шығыңыз, толған баннер... Суреттерге телміре қарайсыз. Қызығушылығыңыз оянып, "қай партияның өкілдері екен?" деп қарайсыз... Сол өзіңіз білетін бір-ақ - партия...
Cайлауға түсетін жалғыз күш сол секілді (секілді деппін-ау).
Басты саяси күштеріміз осындай болған соң, басқадан не қайыр? Не үміт?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz