Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5153 0 пікір 12 Наурыз, 2016 сағат 14:50

ШЫЖАН МЫРЗАНЫҢ «ҚОҚАН-ЛОҚҚЫСЫНА» СІМ ЖАУАП ҚАЙТАРДЫ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытайдың төтенше және өкілетті елшісі Шыжан Қанқой (Чжан Ханьхой) мырзаның екі ел арасындағы виза мәселесі төңірегінде көтерген анти-дипломаттық, эмоцияға толы әм кіжіністі мәлімдемесіне түсінік берді,-деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ыдырысов тізгіншісі болып отырған министрліктегілер БАҚ-та қызу талқыға түскен елші мырзаның мұндай мәлімдемесіне (Қазақстанның СІМ-ін жекіп-ұрысқан, кейісті сұхбаты) таңқалыстарын білдірген.

СІМ таратқан түсініктемеде, Қазақстанның қазіргі сыртқы саясат ведомствосының визалық саясаты ашық әрі ҚР заңнамалары негізінде жүргізіліп жатқаны айтылады. Шыжан мырзаның агрессивті сұхбатына қатысты СІМ  сылап-сипап, бүй депті:

«ҚР СІМ-нің шетел азаматтары мен шетелдік дипломаттарға виза беру тәртібі вербалды нота негізінде елшіліктер мен консулдық қызметкерленінің жақын туыстарына (соның ішінде ҚХР елшілігігің қызметкерлеріне де) G1 категориясы бойынша үш реттік виза беріліп келген. Бұл категория бойынша шетел азаматтары 1 жылдың ішінде 90 тәулік ҚР территориясына кіріп, жүріп-тұру құқығы беріледі. Ал ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігінің үздіксіз талаптарын ескеріп, ҚР Үкіметі аталмыш режімді өзгертіп, ҚХР елшішіктері мен консулдық қызметкерлерінің жақын туыстары үшін В2 категориясы бойынша (1 жылдың ішінде бірнеше мәрте ҚР территориясына кіруге, әр кірген мерзімі 90 тәулікке дейін ұзартылған) «қонақ-визасы» беру туралы шешім шығарған. СІМ-нің бұндай шешімге келудегі негізгі мақсаты – екі ел арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық әрі серіктестікті сақтап қалу әм сенімді арттыру»,-делінген СІМ мәлімдемесінде.

Ескерет кетейік, Шыжан мырза тістеніп тұрып, «Хансу халқы ешқашанда қазақты, қазақстандықтарды кемсіткен емес, ешқандай шектеулер қойып көрген емес» дегенімен, елші мырзаның «өтірігі» осы жерде  әшкереленіп қалды.

Қазақстан Үкіметі хансулық дипломаттарға кеңшілік жасап,  әр 90 тәулікте бір мәрте виза жасауға мүмкіндік бергенімен, ҚХР Үкіметі қазақстандық дипломаттарға, елшілік қызметкерлеріне мұндай мүмкіндік бермей отыр.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінен түйгеніміз, ҚХР Үкіметі қазақстандық дипломаттарға қысқа мерзімді S2 категориясы бойынша виза береді. Бұл категория біздің саясаткерлерді Қытай территориясында 30 тәуліктен артық болдырмайды.

Сонымен қатар, Қытай үкіметі 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандық азаматтарға (туристік, жеке т.б. мақсаттар бойынша) виза беруді шектеген.

Осыған байланысты Ыдырысов мырзаның басшылық ететін министрлігі ҚХР үкіметіне хат жолдап, түсініктеме беруді талап еткен. Әзірге Қытай тарапынан «ләм» деген жауап болмай тұр.

Түйін: Естеріңізде болса Шыжын мырза шыжыңданып сөйлеген күні біз хансу дипломатының кәсіби іс жүргізу шеберлігін сынып, Қазақстан Үкіметін үркітіп-қорқытқан сұхбатына қатысты СІМ-нің жауабын білмек болған ек.

Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтының төменгі жағында көрсетілген төрт нөмірдің тек біреуі ғана жауап берді. Өзін «СІМ-нің баспасөзбен байланыс бөлімінің хатшысымын» деп таныстырған Ақмарал Төлегенова есімді азаматша Шыжан мырзаның ши шығарған кейісті сөздеріне қатысты нақты жауап беретін адам - Жайнақов Әнуар есімді жігіт екенін айтты. Жайнақов мырза баспасөз қызметінің басшысы екен. Алайда БАҚ-пен қоян-қолтық жұмыс жасауы тиіс Жайнақов мырзаның жұмысы тым қауырт көрінеді. Біз министрлік қызметкерімен байналыс орната алмадық.

Десе де, хансу елшісінің дөрекілігі БАҚ-та қызу талқыланып, қоғамдық ортаның ашуын келтірген соң, Ыдырысов мырзаның министрлігі мәселені сылап-сипап қоюды жөн көрсе керек. Әйтпесе өздерін «Әлемнің екінші экономикасы» санайтын Шыжан мырзаның елінің қаһарынан үрікті ме, әйтеуір екі ел арасындағы ынтымақтастық пен сенімділік туралы толғай айтып, визаны тоқсан күнен артық бере алмайтын жеткізіпті.

Ыдырысовтың органы Шыжан мырзаның талаптарына қарсы талаптар қоймапты. Дәлірек айтсақ,ҚХР Үкіметінің қасақана миллиондаған қандастарымыздың отанға оралуына кедергі жасап жатқаны туралы сөз етілмеген.

Айтып-айтпай не керек, дипломат мәдениетін ұрып қойған Шыжан мырза тепсініп, күшеніп, шыжынданып сөйледі. Министрлік оған сыпайы жауап қайтарды. Осымен бәрі бітті. Іс жылы жабылып қойды. Ал Қазақстанның ішкі саясатына орынсыз араласып, қазақстандық саясаткерлер мен Жоғарғы Үкіметті орынсыз сынаған, дипломатиялық әдепті ұмытып, ашық қоқан-лоққы көрсеткен елшіге еш жаза қолданылмады, еш ескерту жасалмады.

Осыдан барып, «Заңың жұмсақ, мемлекеттік қызметтегілерің мінәйі себептермен БАҚ өкілінің сұрағына жауап бере алмаса, әрине, шыжандар шыжынданып сөйлейді емес пе», демеске шараң жоқ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522