ЧЕЛАХ ІСІ: БҰҰ ШЕШІМІ НЕ ӨЗГЕРТЕДІ?
«Арқанкергенде» 14 шекарашы мен орманшыны аяусыз қырып салды деп айыпталған Владислав Челахтың қорғаушысы Серік Сәрсенов «Челах ісіне» қатысты жаңа деректерді ұсынды,-деп хабарлайды «Informburo.kz» порталы.
Серік Сәрсеновтің айтуынша, жауапкер тарап Челах ісіндегі «қисынсыз» шешімге қатысты шағымды БҰҰ-ның Адам құқықтары комитетіне жолдаған.
«Арқанкергендегі» қанды оқиғаның жалғыз айыпталушысы, қатардағы жауынгер Владислав Челахтың қорғаушысы Серік Сәрсенов таратқан ақпаратта БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау комитеті Челах ісі бойынша қорғаушы тараптан түскен шағымды қарастыруда. Адвокаттың айтуынша, БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау комитеті 2016 жылдың ақпан айында аталған шағым бойынша шешім шығаруы тиіс болған.
«БҰҰ-ның біздің арыз-шағымымызға жауабы келуін күтіп отырмыз. Егер БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау комитеті кепілдік қағазы біздің пайдамызға шешілетін болса, онда Челах ісіне Халықаралық және саяси сипат беруге әбден болады. Себебі, бұл жерде Қазақстан Халықаралық адам құқықтарын қорғау туралы пакт ережелері толықтай бұзылып отыр. Әрине, БҰҰ-ның кепілдік қағазы Челах ісі бойынша Сот үкімін өзгертуге еш ықпал ете алмайды. Десек те, бұл өз кезегінде Қазастанның Халықаралық аренадағы беделі мен имиджіне айтарлықтай дақ түсіретіні сөзсіз. Біздің қазіргі күтіп отырған құжатымыз, Қазақстанның Сот орындау жүйесі Халықаралық адам құқықтары, айыпталушының азаматтық және саяси құқықтарын ескермеу, сот орындау процессінде біржақты шешім шығару туралы 14-бапты өрескел бұзғанын растайтын кепілдеме қағаз. Егер БҰҰ-ның шешімі біздің топшылауымызға дөп келетін болса, Челахтың анасы бұл растама арқылы өз құқытарын қайта талап етуге мүмкіндік алады. Бұл жерде Қазақстан үкіметі Халықаралық құжатты өзі ратификациялап, сол құжатты енді өзі бұзып отырғанын көрсетеді»,-дейді адвокат Сәрсенов.
Сонымен қатар, адвокат Серсенов мырза БҰҰ-ның жауабынан кейін Челах ісі қайта қаралуға жіберіліп қалуы ықтимал екенін де жасырмайды.
«Ал негізі БҰҰ-ның дәл осындай растамасынан кейін күмән келтірген істер қайта қаралымға жіберіледі. Ал мен өзім Челахпен соңғы рет екі жыл бұрын көрістім»,-дейді адвокат.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау комитеті қазақстандық «Рембо» - Владислав Челахтың ісіне қатысты шағымды қарастыра бастаған.
Естеріңізде болса, 2012 жылдың 28-мамыры күні «Арқанкерген» шекара бекетінде адам айтса сенгісіз жан түршігерлік қырғын орын алып, 14 шекарашы мен бекет маңындағы орманшы кісі қолынан қаза тапқан болатын. Қазақстанның жоғарғы тергеу органдары сол қанды қырғынға кінәлі деп – шекарадағы шытырманнан аман қалған жалғыз сарбаз Владислав Челахты айыптады.
Іс бойынша тергеу амалдары барысында Челах 14 сарбаз бен орманшыны өлтіргенін мойындағанымен, кейін сөзінен айнып, кінәсін мойындамағанын айтты. Ал 2012 жылдың 11 желтоқсанында Челах 15 адамды аяусыздықпен өлтірді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына кесілген.
Челах ісінің күңгірт тұстары да жоқ емес. Осы оқиғаның төңірегінде қазақстандық және әлемдік БАҚ беттерінде «Челахтың қанды қырғынға қатысы жоқ», «Арқанкерген ісіне қатысты тергеушілер шындықты жасырып жүр» деген мақалалар жарияланды. Біреулер бұл сұмдықтан «гомосексуализмнің» белгілерін байқаса, енді біреулер мүлде өзгеше саяси астар іздеді. Тіпті, журналист Бендицкий, «Если бы собаки заговорили» деген мақаласында Челахты ашық айыптап, оның «гей» болғанын да айтты.
Осыдан кейін қазақ қоғамын айран-асыр еткен «Челах оқиғасы» тағы бір жұмбаққа келіп тірелді. «Челах НАТО-ның тыңшысы екен» деген де ақпарат БАҚ бетінде жарияланды. Ғаламтор бетінде 14 шекарашы мен аңшыны жалғыз жайратып салды делініп келген Владислав Челахтың қолынан табылған тапанша шекара қызметінің қару базасына тиесілі емес екен деген ақпараттың негізінде қауесеттер гуледі.
Челах қорғаушысы Сәрсеновтің болжамынша, БҰҰ-ның Челах ісіне қатысты қорытынды растамасы істің бағытын 180 градусқа өзгертіп жіберуі ықтимал. Демек, екі жылдан бері тынышталып қалған «Арқанкерген» ісі қайта көтерілуі әбден мүмкін.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz