"ОБЛЫС" ДЕГЕН СӨЗДІ, "ҰЛЫС" ДЕП ӨЗГЕРТСЕК, ҚАЛАЙ?
Біз ескі сөздеріміздің бір азын орыстардан қабылдап, солардың мәнерімен беріп жүрміз. Соның бірі "волость" дегеннен шыққан "болыс" сөзі. Орыстар әуелде оны "ұлыс" дегеннен бұрмалап алған. Кейін оның астарына үңілмей, сол күйі "болыс" деп кеттік. "Товар" сөзінің де түп-төркіні өзіміздің "табар" дегеннен келіп шыққан. Қазір оны да "аударып" алып, "тауар" деп тантып жүр. Қашқарлық Мақмұт та "табар" деп жазады. Қазақтағы "малтабар", "мал табу" деген сөздер осымен мағыналас болып келеді. Орысшадан бір нәрсені аударғанда, оған "қазақы қалып" беріп, әріптерін сәл ғана бұрмалай салмай, сол сөздің этимологиясына да көз жүгіртіп отырса ғой. Әйтпесе, "тауар" демей-ақ, "табар" дегенімізде, қазақ тілінің үндестік заңына әлдеқайда жақындау болып шығатын еді. Ауылдағылар онсыз да бұл сөзді "тауар" деп тілін бұрамай-ақ, "табар" деп қана айтады...
Жолымбет Мәкіш
Abai.kz