Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 9778 0 пікір 30 Мамыр, 2009 сағат 10:53

Топонимиканы зерттеудің кейбір өзекті мәселелері

Қазақстанда шамамен 2,7-3 млн. шамасында әртүрлі географиялық атау бар деп есептелінеді. Өкінішке орай, осындай халықтың рухани байлығы қазіргі уақытқа дейін толық жүйелі түрде жинақталмаған. Осы кезге дейін ірі масштабты топокарталар географиялық атаулардың бірден-бір сақтаушысы ретінде саналуда.
Қазақстан топонимикалық кеңістігінің әлі шешімін таппаған мәселесі көп. Тіл мамандары, тарихшылар, географтардың бірлесіп жұмыс істемеуі салдарынан топографиялық карталардағы атаулардың жартысынан көбі үлкен бұрмаланумен берілген. Қазақстан картасын қазақша сөйлетеміз деп жүрген азаматтар тілді жетік білмегендіктен, оның үстіне тіл мамандары және топонимистермен ақылдаспағандықтан, өз еңбектерінде өрескел қателер жіберді. Мәселен, бір ғана Шығыс Қазақстан облысының топокартасында Үржар – Ұрыжар, Өрел – Өргіел, Берел – Бергіел, Шанағаты – Шанағатты түрінде өзгеріспен берілген. Ал, Листвяга делінетін жота Қоржынтау түрінде, Тарбағатай (Барқытбел) жотасы Таутекелі түрінде берілуі – аймақты жақсы білмеу салдарының көрінісі.
Орыс саяхатшылары Листвяга түрінде картаға түсірген тау жотасы бұрын да, қазір де Қоңыржон деп аталады. Таутекелі болса, Тарбағатай жотасының бір ғана сілемі, бұл атаулар жергілікті тұрғындардың бәріне аян.

В.Н.Попованың «Словарь географических названий Казахстана. Павлодарская область» (2001, I, II том) атты ғылыми еңбегінде 5 000-ға жуық атау қамтылған деп көрсетілген. Алайда, осы атаулардың қай картадан алынғаны белгісіз, атаулардың этимологиясында көптеген өрескел қателік орын алған. В.Н. Попованың қателіктерін әлгі атауларды зерттеушілер мен жергілікті өлкетанушылар бірден анықтады. Мысалы, Кеңес үкіметі тұсында Арбиген түрінде жазылған атау В.Н. Попованың сөздігінде – Арбөген мағынасында беріліп, су қоймасымен байланыстырылған, өйткені ғалым бұл жерде ешқандай су нысаны жоқ екеніне назар аудармаған. Шындығында, әлгі атау ертеде «арбаны иіп жасау» мағынасындағы Арбаиген түрінде қалыптасқан. Сондай-ақ аталмыш сөздікте біршама жерлердің географиялық атауы бұрынғы әкімшілік бөлініс - болыстардың атауларымен себепсіз байланыстырылған және тұрғындардың басым бөлігін қазақтар құрайтын аудандардағы (Баянауыл, Май, Лебяжі, Ертіс, т.б.) қазақша жер атауларының көпшілігі бұрмаланып берілген.
Жер-су атауларын жинақтау, оларды реттеу, дұрыс таңбалау, тарихи атауларды қалпына келтіру, аймақтық сөздіктер шығару сияқты топонимиялық, теориялық және қолданбалы мәселелерге республика үкіметі үлкен мән беріп, тиісті заңнамалық актілер қабылдады. Осы орайдағы Бағдарламада терминологиялық және ономастикалық сөздіктер шығаруға, әкімшілік-аумақтық карталарды мемлекеттік тілде сөйлетуге жан-жақты көмек көрсету, қаржыландыру мәселелері көрсетілген. Бағдарлама шеңберінде ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша алғаш рет қазақ тілінде «Павлодар облысының топонимикалық кеңістігі» (2007) атты монография, Павлодар облысы тілдер дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша алғаш рет қазақ тілінде «Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық бірліктері мен физикалық-географиялық атауларының көрсеткіш анықтамалығы» (2007), «Ертістің – Аққулы өңірінің жер-су аттары» (2007), м-бы 1:300 000 болатын әкімшілік-аумақтық карталар топтамасы (Ақсу, Екібастұз, қ.ә.қ.а., Ақтоғай, Ертіс, Баянауыл, Железин аудандары), Қ.Т. Сапаровтың жетекшілігімен жарық көрді.
Бұл ғылыми еңбектерде Павлодар облысының топонимдерінің пайда болуы, дамуы, қалыптасу тарихы, тілдік қабаттарының құрамы, олардың тарихи өзгеру, қалыптасу заңдылықтары жергілікті халықтың тарихы, тұрмысы, экономикалық-әлеуметтік байланыстарымен сабақтастырыла баяндалған және әкімшілік-аумақтық бірліктері мен физикалық-географиялық атаулар бастапқыдағы дұрыс нұсқасымен жазылған.
Қазіргі таңда ұлттық мәртебемізді әлемге танытатын құжат тәрізді Қазақстан Республикасы географиялық атауларының каталогтары құрастырылуда. Оны жасау бірер адамның қолынан келмейді және осы орайда Йан Маклеодтың «Тарих – тым жауапты іс, оны тарихшыларға сеніп тапсыруға болмайды» деген қанатты сөзі еске түседі.
Қазақстан Республикасы БҒМ жанындағы география институтының топонимика тобы карталардағы топонимдерге объективті түрде ғылыми баға беруде, сондай-ақ әрбір облыстың бұрмаланған атаулар қалпына келтірілген «Географиялық атаулардың каталогтарын» жарыққа шығаруда. Мәселен, осы күнге дейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының (1-2 т.) каталогтары т.б. дайындалды. Қазақстанның жер-су, елді мекен, т.б. атауларының орыс және басқа тілдерде жазылуы бір ізге түсіріліп, халықаралық стандартқа сай келетін күн де алыс емес.
Халық тарапынан қойылған жер-су атаулары – сол жердің табиғи құжаты болып табылады. Әрбір географиялық атау географиялық картада, ресми құжаттарда өз орнын табуы керек. Ол үшін ел болып жұмылып, түзетіп, қалпына келтіру, зерттеулер жүргізу, баршамыздың міндетіміз болып табылады.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
Сапаров Қ.Т. Павлодар облысының топонимикалық кеңістігі. Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007. – 308 б.
Телғожа Ж. Қазақ Ономастикасы. Казахская Ономастика. I том, Астана: «ІС Сервис» ЖШС, 2006. – 400 б.
Мадиева Г.Б., Иманбердиева С.К. Ономастика: зеррттеу мәселелері, Алматы, 2005.– 240 б.
Маргулан А. Географические названия Казахстана//Казахстанская правда. Алматы,1937. №7
Мурзаев Ә.М. Очерки топонимики. М., 1974. – 382 с.
Достай Ж., К. Мәмбеталиев. Қазақтану және топнимика. Қазақтану өрісі: Оқу құралы. Ред. Басқарған Ж.
Молдабеков. Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 204 б.
Маканова А.У. Этапы развития географической терминологии в Казахстане//Географическая наука в Казахстане: Результаты и пути развития, Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. 312 с.
Сапаров Қ.Т. Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық бірліктері мен физикалық-географиялық атауларының көрсеткіш анықтамалығы, Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007–353б.
Қуат Табылдыұлы Сапаров, география ғылымдарының кандидаты, доцент, «Ғылым сардары» сыйлығының иегері.

«Ертіс дидары» газеті
http://www.ertisdidary.ucoz.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963