ЖЫРТЫҚ ШАЛБАР
Қазір жас болсын, тіпті, жасы үлкен әйел де шалбарын «жыртып» кигенді жақсы көреді. Көшедегі жыртық шалбарға қарап, мына бір жайт еске оралады.
Студенттік шаққа жаңа қадам басқан кез. Өзімше сәнқоймын, сәнденіп киінуге барымды саламын.
Сол жылдары қыз-ұл демей бәлен бауы салақтаған, көп қалтасы бар шалбарлар сәнге шықты. Қалысамын ба, сәнқойлығым ұстап мен де біреуін алып кидім.
Бір жолы үйге барғанда бауы салақтаған шалбарымды киіп бардым. Ол кезде ата-анам Көкшетауда тұратын, ал мен Қарағандыда оқитынмын. Бір-бірімізді әбден сағынысып қалыппыз. Мәз болып қауышып, әңгіме айтып көп отырдық. Содан жатар уақытта орнымнан көтеріліп, кетіп бара жатқам. Әкемнің анама ақырын ғана «Баламның шалбары не деген жаман, албыр-жұлбыр...» дегенін құлағым шалып қалды. Өмірі бетіме қарсы келмеген әкем марқұмның бұл сөзі жүрегіме тікенектей қадалды. Жатар уақыт болса да, «үйге бекер киіп келіппін» деп ұзақ ойландым. Кейін ұмытылып кетті.
Бірақ арада қаншама уақыт өтсе де, әкем өмірден өткеннен кейін оны ренжіткен, көңіліне келген қылықтарым, іс-әркеттерім туралы көп ойланатын болдым. Бірақ өкінгенмен не пайда? Өтер әке өмірден өтті, өкініштің де орны толмайды...
Бәрінен де көшеде албыр-жұлбыр, жыртық шалбар киіп кетіп бара жатқан жандарды көргенде осы жайт ойыма оралады. Жыртық шалбар сияқты менің де киімім сол кезде әкеме қатты ерсі көрінген екен ғой. Амал нешік.
Ал қазір ішімнен олар да мен сияқты кейін өкіне ме екен деп ойланамын. Қазір шындап келгенде үлкендердің өзі де мұндай жайттарға аса мән беріп, айтпайды. Мүмкін өкінбейтін де шығар... Кім біледі?...
Өткенде сіңілім де «жыртық шалбар» киіп алыпты. Ештеңе дей алған жоқпын. Өйткені, әлі жас. Оны қатты жақсы көретіндіктен өзіме деген көңілін қалдырғым келген жоқ. Әрі бұл жаста ештеңенің парқына бармайтыны анық. Сондықтан оған бұл жайтты мен айтып, түсіндіруге міндеттімін. Бірақ бұл ойымды ақ қағазға түсірейін деп шештім. Өзгелерді білмеймін, мүмкін мән берер, мүмкін мән бермес. Бірақ өз сіңіліме бұл жайт ой салар деген үміттемін.
Әрине, қазір сәнқой болу керек. Бірақ менің түсінігімде сәнқойлық, ең алдымен, әлем-жәлемді үстіңе жапсыра беру емес, жарастырып кию. Таза, ұқыпты жүру. Не істесең де, әр іс-әрекетіңнің қазақы болмысымызға қайшы келмесіне мән беру.
Ал қазір «мода» боламыз деп «дода» боламыз. Сәннің жөні осы екен деп алба-жұлба болу еуропалықтарға тән ерекшелік. Меніңше, ол ерекшелік те емес, қазақта мұндайларды «жын пері» деп атаған. Жын-шайтанға ұқсағанды олар сән көргенімен, бізге қайшы. Рухани жанымызға қайшы қылық. Жалпы «психологтар да адамның сыртқы келбеті, оның ішкі жан дүниесінен көп хабар береді» дейді. Ендеше жын-шайтанға ұқсап «жыртық» шалбар кигеннің несі сән?...
Серікгүл Сұлтанқажы
Abai.kz