Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9661 0 пікір 18 Шілде, 2016 сағат 17:31

ЕЛ ІШІНЕ ЕНГЕН ҚАУІП БІР ЖАҚТЫ ЕМЕС, ЖАН-ЖАҚТЫ!

Алматыдағы бүгінгі шетін оқиғаға байланысты ел азаматтары Abai.kz ақпараттық порталына пікір білдіріп жатыр. Бізбен шағын сұхбатқа келіскен белгілі саясаткер Әміржан Қосанов (суретте) әңгіме барысында :«Ел ішіне қауіп енді! Және де ол бір жақты емес, жан-жақты қауіп!» деді.

Алматы қаласының тұрғындарын дүрліктіріп жатқан бүгінгі оқиға туралы не дейсіз? Бұны дәл қазіргі сәтте не деп бағалауға болады?

Нақты баға беру әлі де ертерек болар. Келіп жатқан ақпарат та алуан-түрлі. Бірі-біріне кереғар боп та жатыр. Оның өзі қоғам ішінде әртүрлі алып-қашпа әңгіме туғызып жатыр.

Оның үстіне (қасақана ме, әлде жоқ па, білмедім) дәл осы дүйсенбі күні Алматыдағы барлық республикалық телеарналар үзіліс жариялапты! Яғни, ел күнде қосып жүрген теледидардан ешқандай да ақпарат ала алмады. Ал жұрттың бәрі Интернетке телміріп отыр, бәрінде де Фейсбук бар деп айта алмаймыз. Тек түстен кейін ғана ТВ-дан ресми ақпарат тарай бастады. Оның өзі там-тұмдап қана беріліп, көптеген сауалдарға жауап болмай қалып жатты.

Сонымен бірге осындай оқыс оқиғалар тұсында сайттар мен әлеуметтік желілер өзінің коммуникациялық мүмкіндіктері таныта біліп, нағыз қоғамдық күш екенін дәлелдеді: жұртшылық алғашқы ақпаратты осы жақтан алып тұрды. Әрине, ол хабарлар ішінде бір қайнауы ішіндегі жаңалықтар да кездесіп жатты. Бірақ, меніңше, Интернеттегі жұртшылық ненің не екенін о бастан-ақ танып білген, сондықтан анау-мынау арандатуға көне қоймайды.

Сағат 11-ден басталған төтенше оқиға барысына қатысты ресми орындар жарытып ештеңе айта алмай отыр. Таяуда ғана болып өткен Ақтөбе оқиғасынан сабақ алмағанымыз ба бұл?

Жалпылап айтсақ, оқиға бүгін сағат 11-де басталған жоқ! Одан ертерек басталды.

Төтенше оқиғалар жағдайында өмір сүру әдетіне біз бұдан бұрын көшіп қойған жоқпыз ба?! Содан бері ешқандай сабақ алған жоқпыз! Ол үшін Жаңаөзеннен бастап, ойлану керек еді! Соңғы сабақ Ақтөбе болды. Ол оқиғаның да анық-қанығына жетпеген сияқтымыз: тергеу барысы туралы ешбір ақпарат жоқ!

Сабақ алмауымыздың басты бір себебі бар. Ол үшін міндетті түрде билік өзінің бір кінәсін мойындауы шарт. Яғни, біреулер айыпты деп танылып, орнын босатуы тиіс. Өзара тонның ішкі бауындай араласқан билік органдары ондай қадамға бара алмайды. Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Сондықтан да баяғы жартас – сол жартас...

Өркениетті елдерде дәстүр басқаша. Осындай, елді дүр сілкіндірген оқиғалар кезінде ел басқарған азаматтар сол жерге барып, халқын қолдап, бір ауыз болса да, қолдау сөзін айтып, елге рух беріп жатады. Бізде не тиісті министр, не басқа тұлға ол жерде бой көрсете алмады!

Ақтөбедегі оқиғаға қатысты билік «бұны жасағандар салафиттер» деді. Бүгінгі оқиға да солардың сойқан әрекетінің жалғасы деп айтамыз ба?

 Әзірше ондай мәлімдеме жасалған жоқ қой. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, Ақтөбе мен Алматыдағы  оқиғалардың нақты себептерін анықтап алғаннан кейін ғана ондай жорамал жасауға болады.

Бір нәрсе айқын: қалай десек те, Қазақстан өз дамуының аса қауіпті кезеңіне енді! Ол террористік пе, салафиттік пе, әлеуметтік пе, Төлешовке қатысты айтылғандай, трансұлттық па – әйтеуір, бір орасан зор қатерге қатысты кезең! Керек десеңіз, қатердің осы түрлері бір-біріне ұласып кетуі де әбден мүмкін! Басқаша айтсақ, ел ішіне енген қауіп бір жақты емес, жан-жақты!

Алматыны басына көтерген бірді-екілі қылмыскерді тәртіпке сала алмай жатқан күштеу органдары нығыз сын сағатта не істейді екен?!

Осы сөзіңізден шығады. Алматының тұрғындарын әншейінде аттап бастырмайтын қалың полиция жасағы неге «4-5 содырды» құрықтай алмай жүр?

Әрине, полиция ішінде де елі мен заңға адал азаматтар жоқ емес. Олар бүгін де өз бастарын қауіпке тігіп, қылмыскерлермен алысуда. Қаза тапқандары да бар.

Бірақ, жалпы түрде айтсақ, осы жылдар ішінде полиция заман әрі заң талаптары сай жұмыс істеудің орнына көп жағдайда жемқорлыққа салынып, өз кәсібилігінен айрылып қалды. Ел ішінде нағыз қылмыскерлердің полицияға пара беріп немесе жоғарыдан шалынған телефон қоңырауы арқылы жауапкершіліктен құтылып жүргені туралы әңгіме баршылық. Оның өзі жер-жерде дәстүрге айналып кеткені де рас! Ондай жағдайда полиция бүлінбей, кім бүлінеді?!

Оның үстіне билік оны саяси күрес құралына айналдырып, қылмыскерлермен емес, бейбіт азаматтармен күресуге жұмсап келді.  

 Бүгін кешке не ертең Елбасы болған оқиғаға қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, елге басу айта алады деп ойлайсыз ба?

Оған үлкен күмәнім бар. Өйткені, ІІМ ресми мәлімдемесіне қарасақ, бар оқиға бір адамның тұрмыстық деңгейдегі қылмысына телініп қойылған. Сондықтан да олар сол «бір бұзықтың» әрекеті туралы әңгіме айтып, елбасының мазасын ала қоймас!

Сұхбаттасқан - Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502