Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 3908 0 пікір 18 Шілде, 2016 сағат 09:28

ЖУРНАЛШЫЛАРЫҒА ТОЛМАЧЕВ МӘШҺҮР ЖҮСІПТЕН АРТЫҚ ПА?

«Намыс»  дейміз. Ол не? Меніңше, ол – адамның ұлттық сана-сезімінің сипаттамасы. Одан кейін: ер болсын, әйел болсын және жас болсын, кәрі болсын – оның жеке басының ар-ұят нышаны. Яғни, ол – баға жетпес адами қасиет. Осыны әлде түсінбей, әлде әдейі түсінгілері келмей жүрген, немесе бағалай білуге немқұрайды қарайтын қазақ журналшыларымыздың бары - мен үшін де өте өкінішті.

Журналшы дегенде жалпы қазақ журналшыларының тарих көшін  кім бастадыға тоқталсам, мен: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дейтін едім. «Сегіз - қырлы, бір - сырлы» болған Жүсекеңді журналшы деу себебім: оның аңыз негізді біраз шығармаларының бірнеше нұсқасы бар. Мысалы: «Жиренше шешен», «Жігіттер сыбағасы», «Барпық өнері», «Едігенің көрген түсі», «Торайғырдың құн беруі», «Қаржас пен Қанжығалы дауы», «Үшқұрт», «Көтештің бір қызбен  айтысы»... атты туындыларының 2-3-тен нұсқасы бар. Арғы-бергі ақын-жазушылардың қайсысында бар мұндай шығармашылық еңбек? Мен ондайды кездестірген жоқпын. Тарихи болсын, әдеби болсын,  белгілі бір деректің ел аузындағы түрлі нұсқаларын түгелдей жинап жазу, насихаттау - білмекке құмар журналшыда ғана болатын қасиет.

Жүсекеңнен бүгінге дейінгі аралықта осындай қасиетке ие болған журналшы-ақын-жазушыларымыз болды және бар. Менің айтайын дегенім – олардың журналшылық еңбектерін шолу, талант қырларын талдау емес, олардың марқұмдарының аруағын сыйлауды ойламауымыз, намысымыздың таразысының бір басына Мәшһүр Жүсіптен бергі аса көрнекті журналшыларымыздың әруағын, екінші басына күні кеше советтік ортақол журналшы болған Геннадий Толмачевтің әруағын салып және оны басым етіп қойғанымыз. Ол өлшегіштікті кім, қашан бастады?  Бұл сұраққа толық жауапты мен «Түкістан» газетінің жақындағы, 7-шілдедегі,  санының 11-бетінен таптым. Атағы алуан Олжас Сүлейменовтің фотосы астында «Алматыда журналистер марапатталды» деген хабардан оқып білдім. «Бұл сыйлықтар қазақстандық белгілі журналист-жазушы Геннадий  Толмачевтің  атымен аталған. Сонымен қатар, 2007-жылы «Ленинская смена» (қазір – «Экспресс К») газетінің құрылтайшылығымен тағайындалған» депті. Ол сыйлықты алғашқылардың бірі болып алған  қаламдасыммен хабарласып, сыйлықтың тарихын да білдім. «Ол сыйлықты беру  Олжас Сүлейменовтің қалауымен, жаңа өзің атаған газеттің бастауымен Қазақстан Журналшылар одағының жыл сайын таңдаулы журналист-публицистке беретін сыйлығы болды. Біз 5000 доллардан алдық, бүгінде қанша екенін білмеймін, ал қаржы иесі – Олжекең»  деді.  Мен оған: «Олжас көкеңнің қазақ журналистикасы мен публицистикасынан хабары жоқтың қасы, сондықтан өзінің досы болған Толмачевтің атын қойды, ал сен қазақ журналистикасына елеулі еңбек сіңірмеген соның атындағы сыйлықты алуға ұялмадың, сол кезде тым болмаса әйгілі публицист болған Саттар Ерубаев ағамыз есіңе түспеді ме?» дедім. Ол: «Қойшы! Өтті-кетті!» деп телефонын жаба салды. 5000 доллардың салмағы жатыр ғой арғы жағында, намысты қайтеді ол?!

Газеттің жазуына қарағанда, бұл сыйлыққа лайықтыларды таңдауды «Қазақстан газет-журналдарының редакторлар алқасы» жүргізетін сияқты. Әрине, «таңдағыштарға» дауа жоқ. Ондағы мырзалар сыйлық туралы бірінші рет сөз қозғалғанда Қазақстан Журналшылар одағының сыйлығына ат қоюға қазақ публицистикасының  Мәшһүр Жүсіптен  бергі тарихи тұлғалары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет  Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Саттар Ерубаев, Мұқан Иманжанов, Баубек Бұлқышев, Әнуар Әлімжанов, Темірбек Қожакеев, Сейдахмет Бердіқұлов, Камал Смайылов және басқалар ешбірі лайық емес, ең лайық публицист – Геннадий Толмачев дескен болды. Олай демесе, 2007-жылдан беріде: «Мұнымыз қалай?» деп айылдарын бір жиып көрер еді.  

Г. Толмачевті білетінмін. Ол орташа ғана журналшы болды. «Простор» журналында редактор кезінде  Д. Қонаевпен сұхбаттасқаны туралы және досы О. Сүлейменов туралы кітап жазып шығарды. Оны Димекеңе жақындатқан да ақын досы екені сөзсіз.  Жол тапқанға не жетсін!

Сол досының ұлы Римнің әуежайында бір шетелдік ұшақты басып алмақ болып, ойы орындалмай, тұтқындалып, сотты болғанын өзіміздің газеттерден  оқыдық қой. Сонда Олжас досына арашашы болып, біраз әуре болғанын да білеміз. 

 Г. Толмачев атындағы сыйлықты алған қазақ журналшылар, оның суреті бар дипломды құшақтап мәз болып жүрсіздер ме?!.  Әрине, құр диплом емес, доллары бар.

Биыл бұл сыйлық Қазақстан Журналшылар одағының сыйлығы делінбепті, өйткені Одақтың төрағасы Сейітқазы Матаев жалалы іске тап болып, үйқамақта отыр, яғни «Журналшылар одағы» деген сөз енді керек емес.

Солай, мырзалар. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтірер» заман «өтті – кетті». Қазақы намыссыз, бірақ қалтасы қалың тағы бір қазақ алаяқ «Александр  Солженицын атындағы» сыйлық тағайындай қалса, бұйырса, - оны да ала беріңіздер!

Жұмаш КӨКБӨРІ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540