Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5028 0 пікір 12 Шілде, 2016 сағат 12:05

БИЛІК АРДАГЕР-МҰНАЙШЫЛАРҒА ОБАЛ ЖАСАП ОТЫР

«Маңғыстаумұнайгаз» (ММГ) АҚ-ның 600-ден астам акционерлері он жылдан бері сергелдеңге түсіп, өз жерінде, өздері алғашқылардың бірі болып игерген «қара алтыннан» тиесілі несібесін ел қатарлы ала-алмай, яғни заңды құқықтарын қорғай алмай, әбден торығып, басқа амал таппағасын Елбасына жүгінуге мәжбүр болды. Бұлардың көпшілігі – сонау 1961 жылғы 5 шілде күнгі Жетібай кенішіндегі №6-ұңғымадан атқылаған мұнай бұрқағының бүгінгі көзі тірі куәгерлері. Керек десеңдер, сол бір ұмытылмас қуанышты күндердің Маңғыстау топырағынан сәтті басталуына өз үлестерін қосқан мұнайшылар.

Қалай болғанда да, Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ өндірісінің қалыптасуына бүгінгі зейнеткер-мұнайшылардың ерен еңбектері орасан зор еді!.. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, «ММГ» акционерлерінің негізгі талабы – өздеріне тиісті акцияның құны көтеріліп, дивидендтердің толыққанды төленуі болатын. Жалпы қазақ билігінің «ММГ» компаниясы айналасындағы істеп отырған озбырлық әрекеттері – Маңғыстау халқына таза қиянат!.. Мақаланың барысында мұнайлы өлкенің биліктен көріп отырған қорлығын тәптіштеп көрсетуге тура келеді!..

Сонымен, акционерлердің негізгі талабына тоқтайық. Бүгінде «ММГ» еліміздегі бірден-бір ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорын. Өндіретін мұнайының көлемі аймақ бойынша 31 пайыз, республика бойынша 8 пайызды құрайды. Жыл сайын 5 млн. тонна мұнай өндіріп отырған осындай компанияда артықшылығы бар акция үшін төленетін дивидендтің мөлшері 100-174 теңгеден аспайды. Тек 2007 жылы ғана бір акция үшін – 2000 теңге төленгені бар... Бұдан артық қандай қорлық болуы керек?.. «ММГ» компаниясында ҚР «Акционерлік қоғам туралы» заңның талаптарының орындалмайтыны, акционерлердің құқықтарының көпе-көрнеу бұзылуы жөніндегі деректер соңғы кездері БАҚ-да қылаң беріп қалып жүр. Заң жүзінде иелігінде 1 (бір) акциясы бар акционер тиісті ұжымнан қажетті ақпараттарды алуға толық құқылы бола тұрса да – аталмыш компанияда олардың оған қолдары жетпейді. «ММГ» АҚ-ның дивидендтік саясаты, өз акционерлері үшін мүлдем құпия десек – артық айтпаған боламыз. Акционерлерге қоғамдағы түсіп жатқан табыстың кіріс-шығыс құжаттары туралы т.б. қабылданып жатқан қаржылық өзгерістер жөнінде ақпарат беру – бұл компанияда атымен жоқ десек ұятқа қалмаспыз.

Мысалы, жыры көп акционерлік қоғамда жай акцияның қатары 9805142-ден 98051398-ге өсіп, барлығы 107856540 құрағанымен (аталмыш акцияның саны 100 есеге артқан), артықшылығы бар акциялар саны бұрынғы 1086378 дана күйінде қалды. Заң аясында акционерлік капитал еселеніп көбейгенде – жай акцияның да, артықшылығы бар акцияның да саны бірдей мөлшерде өсуі керек еді. Бұл жерде артықшылығы бар  акция иелерінің құқығы шектеліп отыр. Ал, артықшылығы бар акция иелері болса, қабылданған шешімдерден бейхабар. «ММГ» АҚ басқармасы жай акцияларды көбейту туралы шешім қабылдағанда – компания тарапынан ҚР «Акционерлік қоғам туралы» заңның 13,73 баптарының, акционерлік қоғам Жарғысының 14 бабының талаптары өрескел бұзылған. Алдын-ала шешім алу барысында артықшылығы бар акция иелері бұл мәселелерден мүлдем хабарсыз болған, яғни, құлағдар болмаған. Және де тиісті жиында  дауыспен олардың келісімі алынбаған. Сөйтіп, артықшылығы бар акция иелерінің құқығы аяққа тапталып, тек қана жай акцияларды көбейту арқылы – 100 есеге арттырып, жалпы санын 107856540 жеткізіліп, компания активтерін белгілі мүдделі жақтар үшін сауда-саттыққа түсірген.

Осы жерде кімдер үшін деген сұрақ тумай ма?.. Жалпы, мұндай ауқымды мәселелердің шешімі жалпы жиналыстың құзіретінде екені бесенеден белгілі. Заң-закон осылай дейді. Алайда, осындай жиындарда ардагер акционерлерге өз мүдделерін қорғап – атсалысуға есік тастай жабық!.. Оларды елеп-ескеріп, жоғарыда көрсетілген заң-талаптарын орындап жатқан басшылық, сірә, жоқ!.. Қалай десек те, «ММГ» акционерлік қоғамындағы акционерлерді толғандырып жүрген сұрақтардың жауабы бүгінгі таңда құпия болып тұр... Аталмыш компанияға қаншама пайда түсіп, қалай бөлініп жатыр, оның қандай бөлігі дивиденд төлеуге жұмсалуда т.б. мүдделі тараптарға қатысты қабылданған шешімдердің хаттамаларымен танысу акционерлер үшін жұмбақ күйінде қалуда.

Сонда, бұл «ММГ» компаниясына ешкімнің тісі батпайтындай, не қылған құдірет?!. Қаншама талап-шағымдар жолданып, үлкенді-кішілі құзырлы органдарға жеткізілсе де – бәрібір нәтиже жоқ!.. Тіпті, БАҚ-да бұл мәселелер үздіксіз көтеріліп, ел-жұртты елеңдетсе де, атышулы компанияға шаң жуытылмайды!.. Осындайда «ММГ» компаниясына биліктің ұшар басында тұрғандар қамқорлық жасайды деген қаңқу сөз распа деп қаламын!..

Ең соңы, еліміздің Президентіне ашық хатта жолданды, дей тұрғанмен, одан күні бүгінге дейін хабар-ошар жоқ!.. Қарап отырсақ, осы жыры көп дивиденд жөніндегі түйткілді мәселелерде Маңғыстау өңіріндегі «Қаражанбасмұнай», «Өзенмұнайгаз» компанияларында дау-дамай туындауға жол берілмеген. Бұл ұжымдарда өз акционерлеріне толыққанды дивиденд төленеді. Төленгенде де, адам сенгісіз көп мөлшерде!.. Мысалы, қайсыбір жылдары «Қаражанбасмұнай» компаниясында бір акциясының құны – 24 мың теңгеге дейін бағаланған!.. Міне, жомарттық деген!..

Енді салыстырмалы түрде алайықшы, Қытаймен ым-жымы бір болып, білгендерін істеп отырған «ММГ» АҚ-дағы соңғы он жыл ішіндегі бір артықшылығы бар акция үшін төленіп келген дивидендтің құны 100-174 теңгеден аспаған!.. Сонда, «ММГ» компаниясы қаражанбастықтардан кем мұнай өндіріп отыр ма?.. Тиын-тебен деген осы емес пе?.. Бұған енді не айтуға болады?.. Мен сөз таба алмай отырмын!.. Көрсетілген екі компаниядағы айырмашылықтар жөнінде аймақ басшысының уәжіне сенсек – ол шығарылған акция санына байланысты көрінеді!.. Әкім мырза: «Қаражанбасмұнай» 100 акция шығарса – оның төлейтін дивиденді, 1000 акция шығарған «Маңғыстаумұнайгазға» қарағанда, көп болмай ма?.. – деп, ардагер акционерлерді жұбатады. Басшымыздың бұл жұбанышы қисынға келе ме, келмей ме – ол жағын оқырмандардың өздері айырып алар!.. Менің айтайын дегенім, қаншама акция шығарсын-шығармасын, обал-сауап деген бар, бұрынғы ұжымдастырына деген қайырымдылық һәм жанашарлық қасиет болғаны дұрыс еді. Бірақ, бұндай қасиеттер айтулы қоғамның басшыларына дарымаған. «

ММГ» акционерлері өз талаптарын көтере бастаған 2007-2008 жылдарда атышулы мекеме қандай табыс тапты десеңдер – бұл енді батпан құйрық!.. Биылғы жылғы басылымдардағы кейбір деректерге үңілсек, аталмыш компанияға жылына кем дегенде 1 млрд. доллар таза пайда түсіп тұрған. Және де 2007 жылы тек дивиденд түрінде бұл компания 2,3 млрд. доллар жұмсаған («Жас-Алаш» №18, 3.03.2016 ж.). Осы жерде қайда жұмсалды, кімдерге төленген деген сұрақ тумай ма?.. Сонда деймін-ау, осындай мол қаржыға былғанып отырған компания, өз акционерлеріне, яғни, артықшылығы бар акция иелеріне 200 теңгеге жетпейтін пұлды көздері қиып қалай төлеп отыр екен деген ой, мені қатты мазалайды. Қалай мазаламайды, бұдан артық қорлық бола ма?..

Қарайықшы, Маңғыстау өлкесіндегі мұнай-газ өндіруші компанияларындағы мұнайшылардың атқарып жүрген жұмыстарының бір-бірінен не айырмашылығы бар?.. Олардың атқарып отырғандары – бір терінің пұшпағын илегені емес пе?.. Бұл кәсіпорындардың өндіріс ошақтары орналасқан аймақтар табиғи ерекшеліктері жағынан бір тектес – Маңғыстаудың ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ табиғаты емес пе?.. Сондықтан да, мұнайшылардың көріп жүрген азаптарында да ешқандай айырмашылық жоқ десе де болады. Сөйте тұра, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақылар, сый-сияпат т.б. төлемдерге келгенде мұнайшыларға көрсетілетін құрмет ала-құла. Бұндай алалаушылық дивиденд төлеуге қатысты екеніне де өздерің көз жеткізіп отырсыздар. «ММГ» компаниясының қожайындары дейміз бе, әлде басшылары ма, өз акционерлеріне қатты обал жасап отыр!.. Бұған биліктің де қатысы бар, себебі, тым жақсы табыс тауып тұрған жоғарғы рентабельді кәсіпорынды өз мүдделері үшін жекешелендіріп, Маңғыстаулықтардың нәпақасын ауызынан жырып, қақсатып отыр. Жалпы, бұл өлкеміз үшін баға жетпес кәсіпорынның адам айтқысыз өрескел заңсыздықтармен беймәлім инвесторға сатылуы жөніндегі толық мәліметті мен шығарған «Мұнайым бар-мұңым бар!..» атты кітабымнан оқи аласыздар.

Қараңдаршы, «ММГ» компаниясы, 1996 жылдың қорытындысы бойынша, сатылған өнімнен – 397 млн. доллар пайда тапқан. Ал баланс бойынша түскен пайда – 144 млн. долларды құраған. Жыл қорытындысында тапқан таза пайдасы – 101 млн. доллар, яғни, осындай көлемде кіріс түсірген. Осындай рентабельді кәсіпорын жекешелендіріліп, кен алаңдарындағы мұнай қорымен, барлық инфрақұрылымымен саудаға түскен. Міне, аймағымызға аса пайдалы кәсіпорын билік тарапынан айтылған: «Қаржылай тығырыққа тіреліп тұр, өзін-өзі ақтай алмай отыр, мемлекетіміздің мүмкіндігі жоқ, инвестиция тарту керек!..» – дегендей негізсіз желеулермен күмәні көп инвесторға сатылып тынды!.. Сонымен, 1997 жылдың 11 мамырында Қаржы министрлігінің жекешелендіру департмаенті мен «Сентрал Азия Петролеум-ЛТД» компаниясы арасында «ММГ»-дың 60 пайыз пакет-акциясын сату жөніндегі № 04/031-97 келісім-шартқа қол қойылды. Сөйтіп, «ММГ»-дың 60 акциясын «индонезиялық» деп жүрген тоқпағы күшті инвесторымыз мемлекетімізге бар болғаны 238 миллион доллар төлейтін болып (бұл соманың 129 млн. 507 мың доллары бюджетімізге түспеген), ең маңызды кәсіпорынымызды, бұрынғы кіріс министріміз З.Кәкімжановтың сөзімен айтқанда: «Барлық актив, пассивтерімен сатып алған!..». Ал, үкіметіміздің иелігінде қалған 30 пайыз акция – үлесімізді 2000 жылдың аяғында жыры көп инвесторымызға бар болғаны 100 млн. долларға сатып, содан, «ММГ»-дың активтерінен қол көтердік!.. Қалай айтпайсың, тап сол кездерде «ММГ»-ның активтері, кен алаңдарындағы мұнай қорының құнын қосып есептегенде, миллиардтаған долларды құрайды емес пе?.. Бұл жерде осындай алып кәсіпорынның активтерінің арзан бағаға сатылуына мүдделі күштер бар екенін бұл халық біліп отыр!.. Бірақ, ауызын ашпайды, атып тастайды деп қорқады!.. Міне, инвестиция тартып қарық боламыз деп, бар байлық-дүние мүлкімізден айырылып қалдық!.. Бұл енді биліктегі алаяқтар тарапынан барып тұрған нағыз бассыздық!.. Керек десеңдер, бұл шырақтар қылмыстық әрекеттерге барып, қолдарын былғап отыр!.. Турасы, бұл әрекеттер Маңғыстау халқына көрсетілген таза қорлық десем – артық айтпаған болармын.

Енді мына былыққа назар аударайық. Бұл атышулы инвесторымыздың иелігіндегі «Сентрал Азия Петролеум-ЛТД» компаниясының 100 пайыз акциясын «Қазмұнайгаз» ҰК мен қытайлықтар қайдағы бір 50/50 үлесі бар біріккен кәсіпорын («Mangistau Investments B.V.») құру арқылы сатып алады. Сонда бұл не ойын?.. Бұл голландиялық компания не үшін құрылды, кімге дәнекер керек болды?.. Жалпы, осы жұмбақ инвестордың айналасындағы былықтарды ашатын мезгіл жетті деп есептеймін. Бұл тойымсыз инвестор 1997-2009 жылдар арасында маңғыстаулықтардың өз жерінде өндірілген «қара алтындағы» несібесін армансыз сорды!.. Бұндай былық-шылыққа биліктегілердің қатысы жоқ деп қалай айта аласың?.. Өлкеміздегі маңдай алды кәсіпорынды үпит-сүпит деп көк тиынға сатып алып, оның ірге тасын қалаған ардагер акционерлер һәм зейнеткер мұнайшыларға өзеріне тиесілі несібесін толыққанды төлемесе!.. Бар пәле «ММГ»-дың алаяқтықпен жекешелендірілуінде жатыр. Қарап отырсақ, бүгінгі таңда қазақ еліндегі өндірілетін мұнайдың кем дегенде 80 пайызы шетелдік инвесторлардың үлесінде көрінеді. Осы инвесторлардың арасында, «ММГ» компаниясына иелік еткен қожайындар сияқты, өзіміздің қаншама инвесторсымақтар жүр десеңдерші!.. Құдайдың алдында күнәкар болмаспын, жоғарыдағы көрсетілген 80 пайызды иелік ететін шетелдік инвесторлардың жартысы десем артық айтпаған болармын, өзіміздің шенді-шекпенділер, бай-манаптар, яғни аюдың терісін теріс жамылып жүрген нағыз судырахметтер. Тағы бір ескеретін жәйт, қай инвесторды алсаң да – қытаймен қосақтасып жүреді. Нағыз сыбайластық әрекеттерді осы төңіректен іздеу керек деп есептеймін!.. «Қаражанбасмұнай да» сау сиырдың боғы емес, бұл компания жөнінде де ел ішінде алып-қашпа әңгіме өріп жүр. Енді қараңдар, алдағы күндері «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының активтері жекешелендіріледі, оның ішінде «Қазмұнайгаз» ҰК де бар. Сонда деймін-ау, осы ұлттық компаниямыз жекеге өткенде не боламыз?.. Бұл биліктің не ойлағаны бар?.. Ел бюджетіндегі мұнайдың үлесі 44 пайыз десек – ертеңгі күні бұл қараша халық қалай күн көреді?.. Бұл жұртшылық не ойлайды?.. Кімге сенеді, мен тіпті түсінбедім!.. Ал, биліктің ойлағаны, жоғарыда айтып өткенімдей, жалған инвесторлардың үлестеріндегі мұнай-газ саласындағы активтерін заңдастыру. Басқа түк те емес!.. Әрине, бұл менің болжамым. Осы жерде, белгілі экономист Т.Есіркепов мырзаның бір сұхбатындағы мұнайдан түсетін мол табыс жөніндегі дерегі есіме түсіп отыр. Тек 2013 жылы біз 68,1 миллион тонна мұнайды экспортқа шығарған екенбіз, одан 52,2 миллиард доллар ақша түскен екен деп көрсетеді Тоқтар мырза. Енді ішкі тұтынатын мұнайымыз 13,7 млн. тонна болды десек, жалпы өніміміз 81,8 млн. тоннаға жеткен. Ал, жалпы өндірілген мұнайдан 58,9 млрд. доллар ақша тапқан екенбіз деп атап көрсеткен. 2013 ж. дейін 3-4 жыл қатарынан 80 млн. тоннадан кем мұнай өндірілген жоқ, сөйтсек, жылына көрсетілген көлемдегі табыс түсіп тұрған ғой – сонда бұл елде қайдағы дағдарыс?.. Міне, еліміздегі тек қана бір жылдағы мұнайдан түскен табыстың көлемі, көп пе, аз ба – ол жағын өздерің ажыратып алыңдар!.. Бұл мол табыстың ішінде «ММГ» компаниясының үлесі де бар, енді олардың, яғни ардагер акционерлердің қарнын тойдырар несібесі жоқ деп кім айта алады?.. Осындай миллиардтаған доллар табыс әкеліп отырған мұнай-газ саласын жекеге өткізуді ойлап тапқандарды халық жауы демеске амалың бар ма?.. Соңғы кездері Қазақ елінің билігіне не болып барады өзі?.. Халықтың жағдайын ойлаудан қалған, көздегендері – бар дүниені бай-манаптар үшін жекешелендіру!.. Бүй деп қалай айтпаймын, қара халық нан таба алмай жүргенде – «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының активтерін не қылсын!.. Одан қалды, сауда саттыққа түсіріп жоқ қылу, қайткенде де елді көгертпеу!.. Көгертетін болса – мемлекет үшін «стратегиялық» маңызды кәсіпорындарды саудаға сала ма?.. «Қазмұнайгаз» ҰК, «ҚазАтомӨнеркәсібі», «Қазақтан Темір Жолы» жүйесі ұлттық қордағы аса маңызды активтер емес пе?..

Енді келіп, Ата-бабаларымыздың қалдырған мұрасы – жерді жаппай саудаға шығарып, аукцион арқылы сату керек деп, елді дүрліктірді. Шаруаларда аукционға түсетіндей қаржы-қаражат бар ма өзі?.. Шетелдіктерге жер сатылмайды деп жұбатады, сөйте тұра, 25 жылға дейін жалға беруге болады деп заңдастырып қойды. Жалға беру уақыты өткенде – екіжақты келісіммен ұзарту мүмкіндігі шектелмеген!.. Сонда, сатылмаған несі қалды?.. Сөйтіп, миллиондаған гектар жер шетелдік жеке немесе заңды тұлғаның қолына өтіп, тозып кетпей ме?.. Биліктің уәжіне сенсек, құлдырап бара жатқан ауылшаруашылық саласын ретке келтіріп, түзу жолға салмақ!.. Әйтеуір, даудың арты ымыраласумен аяқталып, жер сатуға мораторий жарияланды!.. Оған да шүкір. Сонда, мұнайдан түскен табысты келістіре алмай отырғанда – жер сатып байиын дегені ме бұл бассыздардың?.. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында миллиард жарымға жуық тонна мұнай өндіріп отырып, 17 млн. халықты асырай алмау деген сұмдық емес пе?!. Не масқара!.. Бұл азғантай халық бір Мәскеу қаласының тұрғындарымен шамалас емес пе?.. Менің болжамымша, жоғарыдағы көрсетілген мол көлемдегі мұнайдың құны, кем дегенде, 1 триллион доллардан асып кетеді. Кейбір жылдары мұнайдың бір баррелі 150 долларға дейін жетті!.. Осындай көл-көсір қаржымен тегін білім бере алмаса, тегін медициналық қызмет көрсете алмаса, зейнетақыны өз қаражатының есебінен жинатса, ондай үкіметтен халыққа не қайыр?!. Қалай болғанда да, мемлекеттің басқару жүйесін түбегейлі өзгерту керек!.. Мұндай үкіметпен алысқа бара алмаймыз!.. Жалпы, қазақ елінде аймақтардың өзін-өзі басқаратын принциптер бойынша заңнамалар қабылдайтын уақыт жетті деп есептеймін!.. Әділ сайлау, таңдау құқықтарымызды да талап ететін уақыт келді!.. Жақында ғана Мәжіліске депутаттар сайланды... Не өзгерді?.. Жер дауы ушығып, өз сайлаушылары дүрлігіп жатқанда – бұл сабаздар мүлгіп отыр. Мәжілісте отырған осыларды халық қалаулылары деп айта аламыз ба?.. Әрине, бірен-сараны болмаса... Кейбір деректерге үңілсек, үкіметтің, алдын-ала дайындап беретін заңдарын қабылдай салатын қауқарсыз Парламентті ұстап тұру үшін мемлекет қоржынынан жылына 100 миллиард теңге қаржы жұмсалатын көрінеді!.. Бұған енді не айтуға болады?.. Осындай миллиардтаған қаржыны зая кетіріп, азғантай ғана халқы бар елге қос палаталы Парламент керек пе?..

Қорыта айтқанда, мұнай-газ секторындағы құпиялылықтарды аштырмай, оларды халыққа жария етпей – ел-жұрттың бағы ашылмайды!.. Мұнымен Маңғыстау халқының да, «қара алтынды» өндіріп жатқан мұнайшылардың да еш уақытта көсегесі көгермейді!..

Теңдігімізді талап ететін уақыт жеткен жоқ па?!.

Қамысбай Бесінбергенұлы, Ақтау қаласы

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510