Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 6421 0 пікір 8 Шілде, 2016 сағат 14:58

ОН ПАЙЫЗ ЖЕР ОРАЛМАНҒА ҚАЛСЫН. САЯСАТКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Жерді әуелде шетелдіктерге сатпақ болып, халық наразылығы өршігеннен соң оны жалға беріп, пайдаға кенелуді ойлаған Үкіметтің бастамасына Президенттің өзі пәрмен беріп, арнайы комиссия құрылды.

Қазірдің өзінде алты рет кездесу өткізген комиссияның құрамына қатысты күдік-күмәндар айтылғанымен, «жерсәбет» жанталасып жұмыс жасауда. Ондағы талқыланып жатқан мәселе біреу ғана – Жер туралы Заңның керекті-керексіз тұстарын реттеу.

Осы ретте қоғам қайраткері, сайтымыздың тұрақты авторы Ауыт Мұқибектің «Он пайыз жер оралманға қалсын» деген ұсынысы «Abai.kz» порталында жарияланды. Жер реформасы туралы комиссияның мүшесі әм комиссияның «құқықтық бөлімінің» жетекшісі Мұхтар Тайжанға жазған хатында ақын Ауыт Мұқибек қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отырған Жер мәселесінде шеттен келген қандастардың да құқығының толық ескерілуін сұраған.

Алдымыздағы сенбі аталған комиссияның кезекті отырысы өтуі тиіс. Жиындабіз көтеріп отырған мәселе де талқыға салынатын болады, әрине.  Осыған байланысты біз қазақстандық саясаткерлердің, қоғам белсенділерінің пікірін білмекке асықтық.

КОМИССИЯНЫ ЖЕРГЕ ЕМЕС – ОФШОРДАҒЫ АҚШАНЫ ҚАЙТАРУ ҮШІН ҚҰРУ КЕРЕК ЕДІ

Серікболсын Әбділдин, саясаткер:

- Біріншіден, бұл жерде ешқандай пайыздың керегі жоқ. Өйткені Үкімет шетелден келетін қандас азаматтарға жерді де, үйді де, жеңілдікті де тегін беруі керек. Көмек көрсетуі тиіс. Олардың Қазақстанға келгендегі негізгі мақсаты - жеке бастарының қамы емес, осы елге қайтсек пайдамызды тигіземіз деген пиғыл. Біле білсе, оралман бауырларымызға алдымен Ауылшаруашылығы министрлігі мұқтаж болып отыр. Себебі, ол - еңбек күші.  Осы ретте мен Ауыт Мұқибектің ұсыныс өте дұрыс деп есептеймін. Жермен айналысамын деген адамға (Қазақстан азаматына) жерді жалға беру керек және оған ешқандай пайыздың керегі жоқ. Біз бұрын Жоғарғы Кеңесте Жер туралы Заңды қабылдағанда, қазақстандықтарға 49 жылға жалға беру дегенді нақтылап көрсеткен едік. Бұл - жермен айналысамын деген шаруаға былай да былай жететін мерзім. Жалпы Үкіметтің  Жер туралы комиссия құрып, жер-жерді аралап, ананы-мынаны айтысқа салып жүруінің өзі бекершілік. Себебі Заңда жазылған баптарды шешу бір адамның ғана құзырында болып тұр ғой.  Өткенде халық наразылығы туғанда бірден сол қисық баптарды Заңнан алып тастаса, мұндай мәселе көтерілмес те еді. 

Менің ойымша, бұл комиссияны Жер туралы емес – офшорда жатқан ақшаларды әкелу үшін құру керек еді. Өкінішке орай, менің комиссия туралы ойым - осы.

ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІМІЗ ТЕҢ ҚҰҚЫЛЫМЫЗ

Жабал Ерғалиев, Сенат депутаты:

- Негізі бұл мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылды ғой. Қазір аталған комиссияның қалай жұмыс жасап жатқанын біз бақылап отырмыз. Көріп отырмыз. Ал, Ауыт Мұқибектің  ұсынысына көзқарасым оң болғанымен, қазір біздің оны талқылауымыз дұрыс па? Өйткені, Жер комиссиясы  бізге ұсыныстары мен өзгертулерін дайындап, шешімдерін шығарғаннан кейін ғана біз бұл мәселені талқылайтын боламыз.

Ал енді оралмандарға он пайыз жер беру мәселесіне келетін болсақ, тек оралмандарға ғана емес, шаруашылықпен айналысамын деген әр қазаққа, әр қазақстандыққа жер жалға берілуі тиіс. Оралмандарды қалың халықтан бөліп алып қарауға болмайды. Заң бәрімізге ортақ. Ол заңнан аттап, біреуіне ерекше жағдай жасауға біздің құқымыз жоқ. Қазақстанға келген, азаматтық алған қандастарымыз – жерге иелік етуге толық құқылы болады. Демек, ол оралман емес – қазақ, Қазақстан азаматы. Ал азаматтық алмағандарға қазір Мемлекетіміз жағдай жасап отыр. Азаматтық алу бұрыңғыдай қиын емес. Өткенде Заңға енгізілген өзгертулерде азаматтықтың 1 жылдың ішінде берілетіні жазылды. Енді шетелдегі қандастарымыз бір-ақ жылдың ішінде азаматтық алып, жерге иелік етуге мүкіншілігі бар. Сондықтан, Заң шеңберінде біз бәріміз тең құқылымыз. Оралман немесе басқа деген жоқ. Сол бойынша оралмандардың да құқықтары толы ескерілуі тиіс.

АЗ ҚАЗАҚТЫ БӨЛІП-ЖАРУҒА ҚАРСЫМЫН!

Расул Жұмалы, саясатанушы:

- Мәселе күрделі. Біріншіден мен ашық түрде бұл ұсынысты  қолдай алмаймын. Мен, тіпті оралман деген сөздің көнергенін, дұрыс емес екенін баяғыдан айтып келе жатырмын. Олар – отандастарымыз, қандастарымыз, өзіміздің қазақ азаматтары. Олардың жағдайы шын мәнісінде көп жағдайда аянышты болып қалуда. Әлі де болса дискриминацияға ұшырауда. Шаруашылық, қаржылық, тілдік мәселелер бойынша қиындықтар жоқ емес. Мысалы, 25 жылдың ішінде шетелден келген қандастарымыздың ішінен бірде-бір әкім, депутат  немесе министр тағайындалған жоқ. Оның үстіне жаңағы айтып отырғандай Жерге иелік ете алмай отырғаны және шындық. Мұның бәрі, әрине, көші-қонға қатысты мәселелердің шешімін таппай отырғанын көрсетеді.

Әйткенмен де, бұл мәселелер күн тәртібінде шешілуі керек. Моңғолиядан, Қытайдан және басқа елдерден келген бауырларымызға жер берілу керек. Оның ішінде де, анау ғылым-білім, бизнеспен айналысатын емес, таза ауылшаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілуі тиіс. Бергенде де біздің демографиялық жағдайды ойлап барып беру керек. Менің айтып отырғаным, оңтүстік аймақтарда халық көп, тығыз орналасқан. Солтүстікте керісінше. Оның ішінде солтүстік аймақтарды қазақыландыру саясаты бар, сондықтан берілетін жерлер сол аймақтардан қарастырлуы керек деп ойлаймын.

Жалпы, «оралмандарға» жерді беру Заң шеңберінде қарастырылуы керек. Онда он пайыз ба, жиырма ма, бірақ шеңберден шықпауы керек.

 Жалпы "оралман" дейтін уақытша мәртебесі бар ағайындарымызды қалың қазақтан бөліп қарауға болмайды. Келген қазақ – Қазақстан азаматы. Оны оралман қазақ, жергілікті қазақ деп бөлу – қазақтың өз ішінде алауыздығын тудыратыны сөзсіз. Яғни, оралмандарға он пайыз жер беру керек десек, ертең қазақтың тағы бір бөлігіне жиырма пайыз беру керек болады.  Содан кейін ұйғырлар шығады, «бізге де бес пайыз беріңдер»,-деп. Сондықтан, қазақты бөліп жармай, бірдей қарау керек. Мысалы, қазір жұмыссыз отырған тек қана «оралмандар» емес қой. Қазақстанда бұрыннан тұрып жатқан қазақтар бар. Олар да алсын, оларға да берілсін жұмыс істеуге мүмкіндік.  Ертең «оралмандарға» бөлек жер берілсін деген Заң қабылданса, басқа қазақтар арасында наразылық тумай ма? Соны да ескеруіміз керек. Бұл жер – қазақтікі. Конституция бойынша оған иелік етін – халық. Енді сол халықты бөліп-жармай тең қарауымыз керек.

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІНЕ ЖЕР БЕТІНДЕГІ БАРША ҚАЗАҚ ИЕЛІК ЕТУГЕ ҚАҚЫЛЫ

Дәурен Қуат, Abai.kz порталының бас редакторы:

- «Он пайыз жер оралманға қалсын».  Дұрыс ұсыныс. Бұл ұсынысты қазақтың тұтастығы ұғымында қарастыру керек. Қазақ – қай қиырда жүрсе де қазақ. Дэн Сяопиннің «бір қытай екі система» деген теорясы болған. Яғни, социалистік қоғамдағы қытай да – бір, капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқан қытай да – бір деген сөз бұл. Біздің жағдайда сырттан көшіп келген ғана емес, түрлі себептермен көшіп келе алмай жатқан қазақтың да арман тілегі тоғысатын үлкен арна осы – Жер мәселесі. Жердің иесі – қазақ. Қазақтың жеріне жер бетіндегі барша қазақ баласы иелік етуге қақылы. Өйткені олардың ата-бабасы осы далада шейіт болды, жауымен алысты, дүниеге ұрпақ әкелді. Сондықтан тұтас қазақ бабақонысына бас қосып, төрт көзі түгел жиналғанша, жерді әлдекімдерге  жалға да меншікке де беруге тиіс емеспіз. Мен Ауыт Мұқибектің ұсынысын осы мәселеде құптаймын.

Біз көші-қон, оралман дегенде көп ретте айналамыздағы жақын жұрттарда өмір сүріп жатқан ағайындарымыз туралы көп ойлап, көп жазамыз. Бұнымыз дұрыс, әрине. Бірақ Жер мәселесі тұтас қазақты толғандырып тұрған мына заманда неге Батыс елдеріндегі ағайындарымыздың мүмкіндігі туралы айтпаймыз.

«Мүмкіндігі дегеннен» шығады. Түркияда ма, әлде, Германияда ма тұратын бір іскер бауырымыз Өскемннен тері илейтін зауыт ашпақ болады. Оған шығысқазақстандық бір туысы серіктес болуға келіседі. Екеуі сөйтіп жұмысты қолға алады. Түркиялық, әлде германиялық бауырымыз елге ақшасын әкеліп, зауытының жарақтарын көшіре бастайды. Батыс адамы ырғалып-жырғалып жүруді білмейді ғой, сөйтіп, зауыттың шаруасын дөңгелентіп ала жөнелуге енді кіріскенде, біздің алаяқтар әр қапталдан алақандарын ысқылап шыға келіпті. Пара сұраған, тері өңдеудің экологияға зияндылығын көлденең тартқан, өйткен, бүйткен – қысқасы аттап бастырмаған. Ақырында кәсіпкер бауырымыз жеті басты жалмауыздардан қашып құтылыпты.  

Жер комиссиясының  құрамында Үкіметтің астауынан жем жеп жүргендер арпылдап, "сырттан инвестиция тарту үшін, жаңа технология енгізу үшін жерді жалға беру керек, меншікке сату керек" деп отыр ғой дес бермей. Жерді жалға беру керек болса, сол алыста жүрген ағайындарға беру керек. Инвестицияны да солар құяды, жаңа технологияны да солар әкеледі. Әрине, олардың іс-әрекеті де заң аясында белгіленіп, заңның шегінде болуы керек.        

Пікірлерді топтастырған - Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір