ПАРЛАМЕНТКЕ ҰСЫНЫЛҒАН ЖАЙЫЛЫМДАР ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ. БІРГЕ ТАЛҚЫЛАЙЫҚ!
Парламентке Жер мәселесіне тікелей қатысы бар Жайылымдар туралы Заң жобасы ұсынылып жатқан көрінеді. Бұл Заңның қандай артықшылығы, қандай кемшілігі бар? Оны халық болып талқылайық деген ниетпен аталмыш Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Сәлімжанұлы Дүйсенбиновтен өтініш жасап сұрап алып отырмыз. Кезінде "Жер кодексі" қабылданып кеткеннен кейін сан соғып қалғанымыз рас. Сондай олқылықты болдырмау үшін оқырмандарымыз Заңмен толық танысып шығып, өз ойлары мен ұсыныстарын осы материалдың астына пікір ретінде жазып қалдыруына болады.
Abai.kz порталы
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Жайылымдар туралы
Осы Заң жайылымдарды ұтымды пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін жақсартуға, жайылымдардың тозу процестерінің алдын алуға бағытталған.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жайылым – ауыл шаруашылығы жануарларын жыл бойы немесе маусымдық жаю үшін пайдаланылатын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құрамындағы жер учаскелері. Бұған қоса, осы Заңның мақсаттары үшін мал жаюға болатын, басқа санаттағы жерлердің құрамындағы жер учаскелері жайылымдар деп танылады;
2) маусымдық жайылымдар – ауыл шаруашылығы жануарларын қолайлы табиғи-климаттық жағдайларда жаю үшін көктемде, жазда, күзде, қыста пайдаланылатын жайылым;
3) жайылымды пайдаланушы – осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жайылымдарды пайдалану құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
4) шалғайдағы жайылымдар – шалғайдағы мал шаруашылығы үшін пайдаланылатын және ауыл шаруашылығы жануарлары елді мекендерден алыс жерлердегі аумақтарда ұсталатын жайылым;
5) жайылымдарды пайдалану туралы келісім – аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларға сәйкес, жер учаскелерінің меншік иелерімен немесе жер пайдаланушылармен және жайылым пайдаланушылардың өкілдерімен жасасатын келісім;
6) жайылымдық инфрақұрылым объектілері – құрылыстар, көпірлер, жолдар, суландыру құрылыстары (ұңғымалар, құбырлы және шахта құдықтары, апандар), мал айдайтын трассалар, малды аялдатуға және суаруға арналған алаңдар, қойларды тоғытуға арналған бактар, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қажеттіліктеріне арналған қоралар мен қоршалған жерлер, бақташылардың маусымдық тұруына арналған тиісті құрылыстар және жайылымдарды ұстау және пайдалану үшін қажетті өзге де жылжымайтын мүлік;
7) жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
8) жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің шекті рұқсат етілген нормалары – жайылымдық пішеннің ботаникалық құрамы мен оның шығымдылығына залал келтірмей малды жаю жүзеге асырылатын, өңірлер бөлінісінде жайылымдардың жалпы алаңына ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері бойынша түсетін жүктеменің сараланған нормалары;
9) ауыспалы жайылым – белгілі бір кезеңділікпен (жыл сайын, маусым сайын немесе бірнеше жыл сайын) пайдалану мерзімдері ауыстырылатын және пайдаланылатын жайылымдарды дейектілікпен ауыстыру (жаю, шөп шабу және тынықтыру) қолданылатын жайылымдарды пайдалану және оларды шығымдылығы жоғары жай-күйде ұстап тұру үшін оларға күтім жасау жүйесі және жайылымдарға күтім жасау және оларды жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
10) жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау – жайылымдардың шығымдылығын, пішеннің құрылымы мен құрамын, оның өсіп-өнген жерін, малдың әр түрін жаюға арналған жайылымдарды пайдалану мүмкіндігін, жайылымдардағы шөпті және ағашты-бұталы өсімдіктердің сапасын және оның қорларын айқындау, сондай-ақ су көздерінің, мал айдайтын трассалардың және жайылымдарды кезеңдік пайдалану мүмкіндігінің болуына қатысты жайылымдарды пайдалану сипатын айқындау мақсатында жүргізілетін зерттеп-қарау.
2-бап. Қазақстан Республикасының жайылымдар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жайылымдар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленетін болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Жайылымдардың құқықтық режимі
Жайылымдардың құқықтық режимі Қазақстан Республикасының жер, орман, су заңнамасына, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленетін, олардың белгілі бір жер санатына тиесiлi екеніне және оны пайдалану тәртібіне негiзделе отырып айқындалады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жайылымдарды пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) уәкілетті органды айқындайды;
3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) жайылымдарды пайдалану және қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) жайылымдарға мониторинг жүргізуді ұйымдастыруды жүзеге асырады;
3) жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарауды ескере отырып, ауыспалы жайылым схемасын әзірлейді және бекітеді;
5) кешенді экожүйелік зерттеулер негізінде нақты өңірлер үшін жайылымдардың тозуымен және шөлге айналуымен күресу жөніндегі іс-шараларды бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағындағы шалғайдағы жайылымдарды басқа облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ұзақ мерзімдік пайдалануына беру туралы ұсыныс енгізеді;
7) жайылымдардың жай-күйі, сапасы және өткізу қабілеті, жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің жай-күйі туралы деректерді жинауды жүзеге асырады;
8) жайылымдарды пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
9) өсімдік жабынын жақсарту үшін инновациялар негізінде жасыл технологияларды қолдану жолымен жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау және тиімді пайдалану үшін ғылыми-зерттеу, іздестіру, жобалау жұмыстарын ұйымдастырады;
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органының құзыреті
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органының құзыретіне:
1) жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті өзін-өзі басқару өкілдерінің қатысуымен, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылары туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының есебін тыңдау;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
7-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының және аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыреті
1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының құзыретіне:
1) жергілікті өзін-өзі басқару органымен келісу бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу және оны ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органына бекітуге енгізу;
2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органына жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылару туралы есепті ұсыну;
3) басқа ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағындағы жайылымдарды ұзақ мерзімдің пайдалануға беру бөлігінде облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыныстар енгізу;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі:
1) жергілікті қоғамдастық жиынына тиісті аумақтардағы жайылымдарды бөлу және пайдалану бөлігінде жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын жүзеге асыру мәселелері бойынша есепті ұсынады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзінің қарауына жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.
8-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қарауына жатқызылған мәселелер
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдары:
1) тиісті аумақтардағы жайылымдарды бөлу және пайдалану бөлігінде, оның ішінде жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды әзірлеуге қатысу бөлігінде жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын жүзеге асыру мәселелері бойынша аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдайды және талқылайды;
2) тиісті аумақтарда жайылымдарды пайдалану бөлігінде жайылым пайдаланушылар бірлестіктері басшыларының ақпаратын тыңдайды және талқылайды;
3) халықтың малын жаю үшін аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумақтары шегінде орналасқан жайылымдарды анықтау және айқындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
4) жайылым пайдаланушылар арасында жайылымдарды бөлу бойынша аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне ұсыныстар енгізеді;
5) аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер аумақтары шегінде жайылым пайдаланушылар бірлестіктерінің қызметін ұйымдастыруға қатысады.
9-бап. Жайылым пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Жайылым пайдаланушы:
1) жайылым пайдаланушылар бірлестігін құру мақсатында бірлескен қызмет туралы шарт жасасуға;
2) жайылымдарды пайдалану туралы келісім жасасуға;
3) жайылымдарды беру шарттарына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын жаю мақсатында жайылымды пайдалануға;
4) жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастың жиналысына қатысуға;
5) жайылымдық инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі жұмысты белгіленген тәртіппен орындауға;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Жайылым пайдаланушы:
1) жайылымдарды беру шарттарына және жайылымдарды пайдалану туралы келісімнің ережелеріне сәйкес жайылымды тиімді пайдалануға;
2) жайылым айналымын сақтауға;
3) жайылымдарда зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға;
4) басқа жайылым пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
5) жайылымдарды пайдалану кезінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
10-бап. Жайылым пайдаланушылар бірлестігі
1. Жайылымдарды пайдалану кезінде бірлескен қызметті жүргізу үшін жайылым пайдаланушылар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалатын, бірлескен қызмет (қарапайым серіктестік) туралы шарт негізінде жайылым пайдаланушылар бірлестігін құра алады.
2. Жайылым пайдаланушылар бірлестігі өзара келісу бойынша ортақ істерді басқару мен жүргізуді жайылым пайдаланушылардың біреуіне тапсыра алады.
3. Жайылым пайдаланушылар бірлестігі жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдарының алдында есеп береді.
4. Жайылым пайдаланушылар бірлестігінің қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен айқындалады.
11-бап. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану
1. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі бекітілген жоспарға сәйкес жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жүзеге асырылады.
Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі
жоспар – ауыл шаруашылығы жануарларының жемшөп қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерінің алдын алу үшін қысқа мерзімдік және (немесе) ұзақ мерзімдік кезеңдерге бекітілетін нормативтік құқықтық акт болып табылады.
Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды әзірлеу кезінде тиісті аумақтарда мал жаю дәстүрі ескеріледі.
2. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар:
1) құқық белгілейтін құжаттар негізінде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар бөлінісінде әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жайылымдардың орналасу схемасын;
2) жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау жай-күйі туралы мәліметтерді;
3) маусымдық жайылымдарды пайдалану кезінде өсімдік жабынының жай-күйін сақтау үшін ауыспалы жайылымдардың қолайлы схемаларын;
4) иелерін – жайылым пайдаланушыларды көрсете отырып, мал басының саны туралы деректерді;
5) жайылымдарды пайдалану шарттары ретінде жайылым пайдаланушылар сақтауға тиісті, ауыл шаруашылығы жануарларының саулағына қатысты шаралар (вакцинациялау, тоғыту) тізбесін;
6) жайылымдардың, алаңдардың сыртқы және негізгі ішкі шекаралары, жайылымдық инфрақұрылым объектілері және жайылымдардың сапалық жай-күйі белгіленген картаны;
7) малды жаятын және оларды айдап өтетін маусымдық маршруттарды белгілейтін, жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік графикті;
8) малды айдау кезіндегі сервитуттар туралы мәліметтерді;
9) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікке тән басқа да мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген мәліметтерді Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар береді.
4. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды бекіткеннен кейін ауыспалы жайылым ескерілетін және жайылымдар мен жайылымдық инфрақұрылым объектілерін беру мен оларды ұтымды пайдаланудың негізгі шарттары қамтылатын, жайылымдарды уақытша өтеусіз пайдалану туралы келісім әзірленеді және жасалады.
5. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларға сәйкес жайылымдарда ауыл шаруашылы өндірісін жүргізу үшін берілетін жер учаскелерін айқындау кезінде жайылым пайдаланушылар мынадай шарттарды:
1) мал басының санын;
2) жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің болуын және олардың жай-күйін;
3) жер учаскесіндегі жемшөп шүйгінділігін ескереді.
6. Жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарлары болмаған не жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің шекті рұқсат етілген нормасының жиырмадан аз пайызын құрайтын мөлшерде болған және (немесе) екі жыл бойы жемшөп дайындау мақсатында шөп шабылмаған жағдайда, жайылымдарда ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге берілген жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген тәртіппен алып қоюға жатады.
7. Жайылым алаңының бірлігіне оңтайлы жүктемені есептеу кезінде басқа ауыл шаруашылығы алқаптарының ішіндегі алаңы 20 гектарға дейінгі шағын контурлы (себілген) жайылым ескерілмейді.
12-бап. Жайылымдарды беру тәртібі
1. Жайылым жеке және заңды тұлғаларға жеке ауласын ұстау, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу, сондай-ақ тауарлық ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беріледі.
2. Кенттердің және ауылдық елді мекендердің жанында орналасқан, мемлекеттік меншіктегі жайылымдар аналық (сауын) мал басын ұстау бойынша жергілікті халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшін беріледі.
3. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің шекті рұқсат етілген нормалары сақталған кезде ғана осы баптың 2-тармағында көрсетілген жайылымдарда басқа ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға рұқсат етіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю кезінде жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің шекті рұқсат етілген нормалары асып кеткен кезде жайылым жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі бекітілген жоспарларға сәйкес әкімшілік-аумақтық бірлік (ауылдық округ) шегінде беріледі.
4. Ауылдық елді мекендер шегінде жеке ауланы ұстау үшін жайылымдарды беру аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің, ал әкімшілік-аумақтық бірлік (ауылдық округ) шегінде – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімімен жүзеге асырылады және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұсынымдары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Әкімшілік-аумақтық бірлік (ауылдық округ) шегінде орналаспаған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мал басы жергілікті өзін-өзі басқару органымен келісу бойынша шалғайдағы жайылымдарға орналастырылады.
13-бап. Шалғайдағы жайылымдарды беру және пайдалану тәртібі
1. Шалғайдағы жайылымдар мемлекет меншігінде болады.
2. Бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағындағы шалғайдағы жайылымдарды басқа облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ұзақ мерзімдік пайдалануына беруді уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
3. Бір ауданның, облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы шалғайдағы жайылымдарды басқа ауданның, облыстық маңызы бар қаланың ұзақ мерзімдік пайдалануына беруді облыстың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
4. Шалғайдағы жайылымды беруде жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспар негізінде шалғайдағы жайылым учаскелеріне тікелей жақын орналасқан елді мекен аумағында тұрақты тұратын жайылым пайдаланушылар мен осы Заңның 12-бабының 5-тармағына сәйкес ауылдық округ аумағының шегінен тыс мал басын ұстау ұсынылған жайылым пайдаланушылардың артықшылықты құқығы бар.
5. Мал басы шалғайдағы жайылымдарда ұсталатын жайылым пайдаланушылардың бюджет қаражаты есебінен шалғайдағы учаскелерде салынған, малды суаруға арналған суландыру құрылысы мен табиғи су айдындарына қол жеткізуде басым құқығы болады.
14-бап. Қазақстан Республикасының жайылымдар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жайылымдар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
15-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев
«Жайылымдар туралы»
Қазақстан Республикасы Заңының жобасына
ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
Жоғарыда аталған заң жобасы отандық мал шаруашылығын дәстүрлі түрде жүргізу үшін жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және қайта жандандыру қажеттігі көрсетілген, Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты Стратегиялық ұлт жоспарында көрсетілген 35-ші және 97-ші қадамдарды іске асыруға бағытталған.
Республикада шамамен 188 млн. гектар жайылымдар бар, олардың 80 млн. гектары ғана пайдаланылады, бұл небәрі 43 %-ды құрайды. Бұл ретте, осы мөлшердің ішіндегі 27 млн. гектар жайылым тозған және олардың басым бөлігі елді мекендерге жақын орналасқан жерлерге тиесілі. БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының деректері бойынша бұдан келетін шығын жылына 1 млрд. долларды құрайды.
Елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерде мал санының тым көп болуы олардың тозуына себеп болады. Жемшөп теңгерімінің нашарлауы салдарынан ауылдық өндірушілерде, бір жағынан, мал басын көбейту, екінші жағынан, қолда бар мал басының өнімділік деңгейін арттыру мүмкіндігі жоқ. Республика бойынша тұтастай мал шаруашылығының рентабельділігі мен шығындылығының төмен болуы осыдан туындайды.
Екінші себеп – инфрақұрылымның болмауына, бірінші кезекте алыс жерлердегі жайылымдарда суландырудың болмауына байланысты, шалғайдағы мал шаруашылығының тиімсіз пайдаланылуы, бұл оларды мал жаю үшін пайдалануға қиындық туғызады. Барлық ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының
80 %-дан астамы жеке аулаларда ұсталады, олардың қожайындары экономикалық факторларға байланысты малдарын тұратын жерінен
5-7 км радиуста жаяды.
Осы тұрғыда, республикада тұрақты жемшөп базасын құру үшін және экологиялық таза әрі арзан мал шаруашылығы өнімдерін алу үшін жеткілікті дәрежеде пайдаланылмай жатқан табиғи жайылымдық алқаптар әлеуетінің зор екені көрінеді.
Көбінесе мұндай жағдай жайылымдарды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды нақты заңнамалық реттеудің болмауына байланысты. Жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі уәкілетті орган әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде айқындалмаған.
Ұлыбританияда «Жайылымдар туралы» Заңмен оларды пайдалану, мал жаюды ұйымдастыру және зиянды өсімдіктермен күресу мәселелері реттеледі. Мұндай акт Моңғолияда да бар. Оған сәйкес жайылымдарды мелиорациялау және суландыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылады. Бұл елдің Үкіметі жайылымдарды дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға жыл сайын 2 – 2,8 миллион доллар бөледі.
Осыған ұқсас заңдар Ресейде, Қырғызстанда, Тәжікстан мен Түрікменстанда бар, ал Қазақстанның жайылымдық жерлері жалпы жер алаңының 70 %-ын немесе 188 миллион гектарды алып жатса да, бүгінгі күнге дейін жайылымдар туралы арнайы заңы жоқ.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастары негізінен Қазақстан Республикасының Жер кодексімен және «Шаруа немесе фермер қожалықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
Жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілердің нормаларында жайылым ресурстарын басқару және ұтымды пайдалану саласында туындайтын мәселелердің кең ауқымы жеткілікті дәрежеде регламенттелмеген.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары – «Нұр Отан» Фракциясының мүшелері әзірлеген заң жобасы уақтылы әрі аса өзекті болып табылады және жайылымдар инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылымдық жерлердің тозу процестерінің алдын алуға және қоршаған ортадағы жайылымдық экожүйелердің экологиялық тұтастығын сақтауға, сондай-ақ Қазақстан ет пен ет-сүт өнімдерін өндіру саласында жаһандық ойыншы бола алатындай, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға бағытталған.
Әзірленген заң жобасында мыналар көзделеді:
- уәкілетті органның және жергілікті өзін-өзі басқару органының жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі құзыретін айқындау;
- жайылымдарды аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдық елді мекендердің және шалғайдағы жайылымның шегінде, шегінен тыс беру және пайдалану тәртібі айқындалды.
Сонымен қатар заң жобасында жайылымдарды ұтымды пайдалануды мемлекеттік реттеу сияқты мәселелер қамтылады.
Осы заң жобасын іске асыру қосымша қаржы қаражатын бөлуге әкеп соқпайтынын атап өту қажет, өйткені жайылымдық жерлердің тиімді пайдаланылуын мемлекеттік қолдау мәселелері Елдің агроөнеркәсiптiк кешенді дамыту жөнiндегi 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасының шеңберінде іске асырылатын болады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары З. Балиева
А. Базарбаев
С. Дьяченко
Ж. Дүйсебаев
Д. Құсдәулетов
«Жайылымдар туралы»
Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдаудың
ықтимал экономикалық, әлеуметтік-экономикалық,
экологиялық салдарларының
БОЛЖАМЫ
«Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді, онда отандық мал шаруашылығын дәстүрлі түрде жүргізу үшін жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және қайта жаңғырту қажеттігі көрсетілген.
Заң жобасында:
1) Үкіметтің және уәкілетті органның жайылымдарды ұтымды пайдалану саласындағы құзыреті;
2) уәкілетті органның және жергілікті өзін-өзі басқару органының жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі құзыреті;
3) жайылымдарды аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдық елді мекендердің және шалғайдағы жайылымның шегінде, шегінен тыс беру және пайдалану тәртібі айқындалады.
Заң жобасын қабылдау бірқатар оң әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салдарларға әкеледі:
1) халықты сапалы әрі арзан мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды;
2) шалғайдағы мал шаруашылығын және тұтастай ауыл шаруашылығын дамыту үшін жағдай жасайды;
3) мал басын көбейту және жемшөп қорын құру, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын азайту және еттің экспорттық әлеуетін ұлғайту.
Осы заң жобасын іске асыру үшін қосымша қаржы қаражатын бөлуге қажеттілік туындамайтынын атап өту қажет.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары З. Балиева
А. Базарбаев
С. Дьяченко
Ж. Дүйсебаев
Д. Құсдәулетов
Abai.kz