ЖАНКЕШТІ ТАҒДЫРДЫҢ САҚАБАСЫ
Орайы келген реттегі әр жылдардағы пікірлерімді тұжырымдай келіп: «Қазақ идеясы – Қабдеш Жұмәділовтың өмірлік мақсатының алтын діңгегі», Қабдеш Жұмәділов – ұлтының «рухани қуаты мен бақ-талайын, азаттықты аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысының, көз жасының аманатын, ар-ожданына кір келтірмей, қайсарлықпен орындап шыққан нысаналы тұлға, «Қабдеш қаламының қуатына туған халқы әлі де мұқтаж». Халықтан шыққан халықтық (халық емес) жазушы туралы бір ауыз лебізімді Альфред де Мюссенің: «Өткеннің барлығы өшіп тынды, ал болашақта не болатыны белгісіз... Кешегі қоғам біткен жоқ, ертеңгі қоғам өз өмірін бастап кетті», – деген сөзін желеу ете отырып, Қабдеш-Қабаң да өзі аңсаған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінде тойын тойлап отыр, кешегі тіршілікпен толық есебін айырысып үлгерді және оның рухын өлтірмей, мына дәуірімізге жалғастырып әкелді, енді ертеңгі келешекпен де жалғастыратын тұлғалы тағдырын бастап кетті», – деген алғаумен аяқтап едім.
Шындығында да, мұқым бір ұлттың қияметті де киелі болмысын қайталанбайтындай тебіреніспен, қолына қалам ұстаған кез келген суреткердің маңдайына бұйыра бермейтіндей құдіретті құштарлықпен, тағдырдың әбілһаят суына суара отырып жазылған «Соңғы көштен», «Тағдырдан», «Дарабоздан» кейін жан сусынын қандыратын туындыны өмірге әкеледі деп дәметудің өзі де, софы Аллаяр айтқандай, «дәрменсіздің үміті» еді.
Сүйінішке орай, біз қателесіппіз. Өзі тауып айтқандай, «соңғы көштен» кейін де – көш, «тағдырдан кейін да – тағдыр, «дара боздан» кейін де – дара боздар, «қайтқан қаздардан» кейін де – «ажалдан қашқан періштелер», «таңғажайып дүниеден» кейін де – «қыл көпір» бар екен.
Сондай бір жанкештілікпен өткен, «шығармашылық» атты «бейнет сусынын» (Абай) қана ішкен ұзақ жылға созылған салбурынды өмірден соң көзіңді жан терезесінен жоғары көтеріп, мынау жарық дүниенің «кең аспанына, елінің мейіріміне» жанарының құмарын қандыра қарап, бір ықылым сәтке ойын да, бойын да суытса – Қабдештің-Қабаңның бұл тіршілігіне де ел-жұрты сүйінішпен қарар еді. Бірақ зар күйін сақтаған «сәйгүліктей», тумысынан «бейнет сусынына» шөлі қанбаған Һас болмысты өнер иесіне тән жанкешті (жансебіл емес) құштарлықпен, екінші бір кең тыныспен қаламын қолға алыпты.
Ақыл азабына, сана сабылысына, көңілдегісін көпке жеткізуге ұмтылған неткен жанкешті (иә, тағы да осы сөзді қайталамасқа әддіміз жоқ), қуатты құштарлық десеңізші!
Мұндай құбылыс арғы-бергі әлем әдебиетінің, тіпті барша өнер атаулының тарихында сирек. Шығармашылығы бір әңгімемен, бір хикаятпен, бір романмен өлшенетін, көркем ой қуатының шама-шарқы соған ғана қаптал жеткен тамаша суреткерлер бар. Ал мына шоғырдың, соның ішінде Қабдеш Жұмәділовтың шабыт шарпуы мен қалам қарпуы жойқын. «Өмірден соң да өмір бар» деп рух рауаяттарында айтылатындай, бұл шоғыр бір адамға тиесілі шығармашылық жолды қайырып тастап, зар күйіне түскен нар жолының екінші айналымын да қайырып тастаған жайы бар.
Қабдеш Жұмәділов «қыл көпірден» өтіп, «академиктердің көз жасына көшті». Мұны, енді, көмбеге тура тартқан Алашағырдың бурыл құйрықты бозайғырының екпіні демеске лажың жоқ.
Қадари хадиске жүгінсек, ләухұл-махпуздың тақтасындағы маңдайыңа жазылған ырыздық пен кермек дәмді толық татпай, мына жалғаннан көшпек емессің. Бұл орайдан шалғанда, бала шағымызда сүйініп оқыған «Жас дәурен» жыр жинағының авторы Қабдеш ақынның өзі:
Әлемде талай қызық бар,
Аралап көрсең – нанасың.
Бөліп тұр қызыл сызықтар
Бақыт пен сордың
арасын, –
деп жырлаған бақ пен сордың сызығын арлы-берлі, аумалы-төкпелі, алма-кезек кесіп өткен жанкешті (иә, Қабдештің шығармаларын оқыған адамның осынау бір «жанкешті» деген жанкешті сөзді қайталамауы мүмкін емес) кейіпкерлердің тұтас бір қауымының (галерея деген аздық етеді) тартар азабы мен көрер қызығы Қабдеш қаламгерге жазмышынан бұйырса керек.
Егер де көркем уақыт пен кеңістікті өлшемге алып, Қабдешті – Қабдеш ретінде қатарға қосып, Қабдеш Жұмәділов деген атты әдебиеттің тақтасына ойып тұрып жаздырған «Қаздар қайтқанда» әңгімесінен бастап, қаламының ұшынан шыққан соңғы «Ажалдан қашқан періштеге» дейінгі Қабдеш бейнелеген кейіпкерлер қауымы арасына саңлау салмай, бір желінің бойына тізсек, онда, сізге өтірік, маған шын демейін, бізге өтірік сізге мәлім, Алтай мен Алатаудың арасындағы шекара бойын тұтастай кеудесімен жауып тұруға қапталынан жететін шеп құрылар еді және олардың барлығы шетінен жауынгер әрі отаншыл қаһармандар (кейіпкерлер емес). Сонда өз жерімізден басталып, өз жерімізге құятын ұлы дариядан қағыс қалдырған ырыздығымызды сол бір «өлім ішінен өмір, өмір ішінен – өлім іздеген отаншыл жанкештілер» өздерінің намысты ырысымен толықтай қайтарып берер еді.
Мұны асылық демеңіз, бір сәт қазақ даласын қайыстыра леки жортып, қылышын жарқылдата білеген «Дарабоздағы» сайын сарбаздарды, пайғамбардың желбіреген ақ туының шылауына ере шеру тартқан «Прометейдің алауындағы» дала сахабаларын, шекара бойлай бір сүйем жерді жаудың табан астында қалдырғысы келмей жанталасқан «Тағдырдағы» тауқымет иелерін, «Абылайдың ақырғы күніндегі» елін келешекке аманат еткен хан Абылайды, сол «Абылайдың соңғы батыры Бердіқожаны», азаттық үшін өмірін қылыштың жүзіне сертке байлаған «Көкжалдағы» көкжалды (Оспанды), бошалап кеткен ұрпақтың боталап қайтқан «Соңғы көшіндегі» жүрегі жаралы арыстарды, туған жерге деген аңсарын ешқандай атақ-абырой баса алмаған «Атамекендегі» ақыл зиялыларын, «Көкейтестідегі» наркескенді, желтоқсанның ызғары қарып, қыл көпірден өткен, тәуелсіздіктің ыстық табы бетін шалған «Қыл көпірдегі» рух қаһармандарын көз алдыңызға елестетіңізші!
Олардың барлығы күйбең тіршіліктің бұлдыр елесін, жалғанның жалған мағынасын іздеп жабығып жүрген шерменделер емес. Отаны үшін жүрегін отқа қарытқан, күресінді күйттемей, азат отанды кие тұтқан жанкешті шаһит қаһармандар! Отан сахабалары! Бірі ұлы Отанды жаудан азат етсе, екіншісі рух шекарасын бекітіп берсе, үшіншісі шекараның шебі үшін жанталасады, төртіншісі – ұлтының еркінен тыс жаттың қолымен кесілген кеңістіктің шебін бұзып, кектене ашынып, ұлы тарихи Отанға асығады.
Қабдеш Жұмәділовтің кейіпкерлерінің көкейін тескен бір-ақ аңсар бар, ол – Отан, Отан және Отан. Көркем қуат та, рух та, оқиға да, шиеленіс пен тартыс та, көркемдік шешім де Отан тағдырына құрылған. Түптің түбінде Қабдеш Жұмәділовтың сол отаншыл жанкешті қаһарман кейіпкерлеріне қойылған асқақ рухты ескерткіштердің рухы шығыс шебімізде самсай атойлап тұратынына мен сенімдімін.
Біз қазір «Отан» деген қасиетті сөзді айтуға кібіртіктеп, шытына қабылдайтын кепиетке ұрындық. Ал Қабдеш Жұмәділовтің «Қаздар қайтқандадан» бастап, «Ажалдан қашқан періштеге» дейінгі кеңістіктегі кейіпкерлері Отанына, тарихи Отанына ұмтылады.
Шағын ғана осы екі туындыда бүкіләлемдік нысана бар. Адам санынан алаңдамайтын бір жарым миллиард жұрттың туыт шектеу саясатын жегісіне жеткізген Моянның «Қызыл шаһа» романына «адамның тектік ар-ұятын қорғағаны үшін» Нобель сыйлығы берілді. Сол идеяны осыдан алпыс жыл бұрын, сонау «қаздар қайтқан» заманда жазып, мына дәуірде қайталай тәкіралаған Қабдеш Жұмәділовтің аманатты аңсары қазақ қоғамын былай қойып, қазақ әдеби сынының назарына да ілікпеді. Миллиардтар елі Моянның «Қызыл шаһасынан» соң екі бала, аз ұлттарға үш бала өсіруге рұқсат берді. Ұлы елдің орта дәрежелі қаласының санына қарайлас ұлтымыздың қызыл шаһаларының тағдыры бізді әл-әзірге алаңдатар емес. Отанымыздағы қызыл шаһа періштелер ажалдан қашып, шет ауып кетпесе екен деген тілеуден басқа қам-қарекетке біз де шарасызбыз.
Рух пен ұлт сақабасы атанған жазушылар әулетінің абызы Қабдеш Жұмәділов елінің алдындағы өзінің кезекті бір парызын осылай орындаған.
Айтпақшы, рух сақабасы демекші, Рахманқұл (Бердібай) дегдарды тітірендірген көзқамандар мен Оралханды (Бөкей) түршіктірген дүдәмалдардың мысы басып бара жатқан мынау «беті суық заманда» біз осы иманымызды үйіретін Жаратқанның өзінен сескенуден қалып бара жатқан жоқпыз ба деген күдік пен күмән ойымызды жеңе бастағандай. Қуық балақ, сыпсың сирақтарды былай қойғанда, ернін қимылдатуға ерінбеген ересек еркектер мен кексе әйелдердің өзі ислами құндылықтарды былай қойып, пайғамбарымызды өсектің тақырыбына айналдыруға машықтануға бет алып бара жатқаны – ақиқатты шындық.
Сондай бір зауалды нышандарды байқағанда, Қабдеш Жұмәділов «Прометей алауы» романындағы сайын сақараға рух нұрын шашқан, Ақтайлақ би мен Құнанбай қажы арқылы Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар Әуезовтен бастап, Мұхтар Құлмұхамедке (жазушының емеурінді кейіпкері) дейінгі ұрпақтарды шарпыған сауап уағызының салауаты ойыңа оралады. Бес тал сақалмен, бес елі етекпен күресуді мемлекеттік идеологияға айналдыруға ден қойғанымыз, шынымен де, алаңдатса – алаңдатарлықтай. Ал «иман айнасының» (Абай) ұлттың ар-ождан тазалығы мен әдеп тәрбиесін сақтауға тигізетін сауабы осы шығармада барынша мейіріммен суреттелген.
Сондай қасиетті алауға сүйіне ұмтылған қазақ қауымының алдынан «Тозақ оты» тосып тұрғанын, азаттық аңсаған бұла тәнінің Такламакан шөлінің аңызақты аптабына қақталарын, бостандық іздеген көштің «Көкжалының» өміріне қанды қақпан құрыларын, аялаған «Аққуларының аранға түсерін» кім білген? Жазушы Қабдеш Жұмәділовтің маңдайына бейне бір қазақ елінің тағдыр тауқыметін түгендеу жазылып қойғандай, аталған үш хикаяттағы тозақ азабы «Қыл көпірде» жазушының ой желісімен қайталана сабақтала сараланады.
«Үш хикаяттағы басты желі – азаттық үшін тартқан азап тауқыметі. Мейлі, Тарымның тары құмында, Алтайдың бауырында, Алатаудың алқымында, Сарыарқаның сауырында болсын, бәрібір ұлтының ар-ожданы үшін күйіндіге ұшыраған ер-азаматтар мен ақ жаулықты арулардың тағдыр зауалы біреу-ақ. Ол – ұлт намысы. Елін сүйгені үшін – ел ағалары, ерін сүйгені үшін – ел аналары азап шегеді.
«Бостандықтың дәмі тәтті, ырыздығы ащы» деген сол. Осындағы азапты өмірге ашына отырып, тәуелсіздік жолының қандай ауыр сынақтан өткенін сезінесің. Бүгінгі тәуелсіз өмірдің шуағында Қабдеш Жұмәділов суреттейтін «Тозақ отындағы», «Көкжалдағы», «Аранға түскен аққулардағы» азат рухты жандардың жан азабы бар екенін ұғынасың. Бұл ойды жазушы «Қыл көпірдегі» ой ағымында барынша қанық қалам қуатымен иландыра талдайды. Бұл шығармалардың барлығы да: қазақ елі қыл көпірден өтті, енді сенімді қадаммен келешекке қарыштай адымдайтын шағымды шақ туды – деген нысаналы сеніммен рухыңды көтере баяндалып, ертеңгі күннің ерен құбылыстарына емеуірін танытумен аяқталады.
Осы романдар мен хикаяттардың арасында Қабаңның екінші тыныс алған кезеңінде жазылған шағын жанрдағы шығармаларының өзі трагедиялық тақырып пен трагедиялық ситуацияға құрылған. «Ажалдан қашқан періште» мен «Тұл махаббат» әңгімелерінің көркемдік шешімі – өмірге деген құштарлықпен, жаныңа үміт сыйлаған шуақты сезіммен аяқталады. Екі туындыдағы кейіпкерлер тағдырдың тұңғиық тылсымына шөгіп бара жатып, жан дәрменінің септігімен қараңғылық тұмшалаған тереңнің түбінен өмір сәулесіне ұмтылады. «Тұл махаббаттағы» зәрлі зәузат зары өмір жырына ұласады. Жас жұбайлардың бақытқа ұмтылып, бақытсыздықпен аяқталған тағдыры қамтылған «Жеті ата» атты шағын әңгімедегі ата-баба рухының зауалы да сол шикі өкпе ұрпақтардың қамы. «Пәни мен бақи арасындағы» кейуана Қаншайым мен мейірлі Мониканың бауырынан өрген үмітті ұрпақтың ертеңі күдікті көңілге сенім ұялатады.
«Қалың елім, қазағым» деген ауқымға сыйып кететін пікірлер шоғырында даналық та, ағалық та, адалдық та, намыс та, тіпті шамкөстік те бар. Мұның барлығы ұлыларға тән мінез. Ол бәріміз жиі айтатын, бірақ орындай бермейтін:
Айтып өткен адамда арман
бар ма,
Жүрегінің түбіне кір
жасырмай, –
деген аңсарды ұстанған шығармашылық ұстын.
Мұндай шамырқанулардың барлық себебі мен салдары «Кешірімде» айтылған. Ол адамдарды, олардың ой-қырын біз де білеміз. Біріне түсіністікпен, біріне түсініссіздікпен, біріне әттеген-аймен, біріне «дұрыс екен, жарайсыз, Қабе!» – деп қараймыз да, біз де «кешірімге» жүгінеміз. Кешірімге жүгінеміз де, қылдай қиянаттың өзін ауырсынатын пенде Қабдештің жанын жаралаған пенделерге, әсіресе жазушыны жастайынан талаған қырқылжыңға қаратылған қыжылымызды кешірімге қимаймыз. Өйткені ол бір Қабдешке емес, алдыңғы толқын арыстарға да (Әди, Ілияс, Әнуар, Олжас, Мұхтар), тіпті азу тісіміз шығып үлгермеген кезде бізге де қадалған кәрі шөңге – тікен еді. Ал қайымдасқандардың уәжіне жазушының жауабы да берілген. Олардың ақ-қарасына төрелік айту біздің міндетімізге жатпайды. Қалай дегенмен де, бұл толайым пікірлерде қаламгер Қабдеш пен пенде Қабдештің тұлғасын толықтыратын, жан дәрменін білдіретін ақ адал ойы бар.
Жазушының жан сыры мен психологиясы «Еменнің иір бұтағы», «Басынан Қаратаудың көш келеді», «Жеті ата», «Бір шөлмек сыра», «Демократия», «Кешірім», «Қыл көпір» атты туындылардағы өтпелі кейіпкер Айжарықтың ой ағымы арқылы ашылады. Тек бұл шығармаларда ғана емес, жалпы тәуелсіздіктен кейінгі жазылған үлкенді-кішілі туындылардың барлығында да жинақтай баяндау үрдісі анық аңғарылады. Бұл тәсіл – жазушы мәтіні арқылы ойды саралай талдауға, жауапкершілікті өзіне ала отырып, айтар ойын ашық білдіруге, яғни жан толғанысын барынша шынайы жеткізуге, сол арқылы оқырманын күмәнсіз сендіруге мүмкіндік береді. Шығармашылық иелерінің тұлғалық болмысын түсінуге жол ашады.
Қорыта айтқанда, Қабдештің қаламынан шыққан шығармалардың барлығында жан айқайы мен жан ашуы бар, жанкешті тағдыр бар. Атақты шыншыл, жазған хаттарының өзімен Николай бірінші патшаны түршіктірген Шағатайдың үрімі Петр Чаадаев: «Маған барлық күнәні артуға, мені кез келген қылмыспен айыптауға болады, бірақ «халқын алдап, өтірік айтты» дей көрмеңіздерші!» – деген екен. Сол сияқты біз де: Қабдеш Жұмәділовке қарата кез келген жаланы жабуға болады, бірақ оның қаламы ұлтының ар-ожданына адал қызмет етті, оның жан айқайы мен жан ашуында жалғандық жоқ, – деп кепілдік бере отырып, осы тәмсілімізді аяқтаймыз.
Бір аңсар: жаңа Қабаңның отаншыл, жанкешті қаһармандарына Бақтының түбінен бастап, Аягөзге дейінгі аралықта ұлы көштің кейіпкерлеріне ескерткіш орнатуды – осы жиынның тілегі ретінде ұсынамын.
Сонда жер сатылып кеткен күннің өзінде – олар сенімді түрде қазақ шекарасын сатпай, сатылмай, күзетіп тұратынына толық сенімдімін.
Тұрсын ЖҰРТБАЙҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор
ҚАБДЕШ БОЛУ БҰЛ КҮНДЕ ӘРКІМГЕ АРМАН
(ағаға арнау)
Алатаусың сен бүгін, асқақ кеудең,
Именбейсің жаудан да тап-тап берген!
Бір облыс жұрт болды бұл күндері
Арғы беттен қазағың бастап келген!
Шеттегі елде шерлі көп, шерменде көп,
Күтеді ылғи телміріп елден көмек!
Ақорданың бүгінде ақылшысы –
Сол көшке еріп бесікте келген бөбек!
Табыстырдың сол елді елмен жаңа,
Империя өзі оған берген баға!
Мемсыйлықтың иесі бұл күндері –
Сол көшке еріп тайыншамен келген бала!
Болдың бүгін біз үшін аға сыйлы,
Кең кеуденің ғана елге жаны ашиды!
Айтқаныңды тыңдайды бүкіл қазақ,
Жазғаныңды жастанып тағы оқиды.
Жаңылмадың сертіңнен, мақсатыңнан,
Қосылдың кеп талантты топқа тыңнан!
Оқырманың емес пе бір партия,
Құрам десең, қасқайып сапта тұрған!
Таулар аз ба өзіңдей даламда асқақ,
Сол тауларды бір сұмдар арандатпақ!
Біз бақытты болар ек, сертте тұрып,
Соған мүше болуға жарап жатсақ!
Іс бітпейді лепірген тойдағы әнмен,
Пана бола алмайды қойға қанден!
Қабдеш болу бұл күнде әркімге арман,
Қалай болу жағын да ойлаған жөн!
Тоқым төсеп, басына ер жастаған,
Енді қайтып кешегі келмес бабам!
Жалғай алсақ жақсы еді, арғы беттен,
Үзіп алмай сол Көшті сен бастаған!
Қанат – қанат болмайды жел бітпеген,
Тұрмау керек ешқашан ерлік төмен!
Үмітіңді ақтар ек, сол Көшіңді
Жеткізе алсақ жерлерге сен діттеген!
Заман бізді барады ескі ағысқа ап,
Тізгініңді тұрмасаң тектеп ұстап!
Көштің туын ұстадың, сол туыңды
Бір ініңе жақсылап бер табыстап!
Пана болдың, жел соғып, уық сынса,
Аямадың заманды ел былықтырса!
Қазақ сорлы ешкімнен болмас еді,
Сексен жылда бір Қабдеш туып тұрса!!!
Ауыт МҰҚИБЕК,
Астана – Алматы
«Общественная позиция» (проект «DAT» №21 (338) от 26 мая 2016 г.