ҚАЗАҚ МЕДИА НАРЫҒЫНДАҒЫ ЕСЕК ФЕНОМЕНІ
Маған қазақтың жерінде түсірілген кино, клип, телеарнадағы хабар, жасалған мультфильмде жүрген есектер ұнамайды.
Ауыспалы мағынадағы есек емес, тіке, әлгі құлағы салпайған кәдімгі шын есек.
Егер түсіру керек болса, қасиетіңнен айналайын жылқы жануарымыз бар ғой. Оны қалай мақтасақ та, қалай әспеттесек те жарасады. Жылқыны қолға үйреткен біздің бабаларымыз екен деп ғылым жаңалық ашып жатыр.
Ал, мына еті харам, еңбегі адал есектің қазаққа өтіп кеткен не өтілісі бар?!
Кеше балама қазақша мультиктер іздеп отырып Нұр-Мұқасанның "Қос Қарлығаш" әніне жасалған мультфильмді жүктеп алдым. Үйге апарып қарап отырсақ әлгі жануар мұнда да жүр екен.
Отандық кино мен клип нарығында ол тіпті қаламақы төленбейтін ең адал "актер".
Осыдан бірнеше жыл бұрын "Хабар" мен "Қазақстанның" қайсысынан көргенім есімде жоқ, Бекжан Тұрыс ағамыз жайлы хабар түсірілді. Бекжан ағам ауылы Шошанайға барып кластастарымен бірге есеккөкпар тартты. Өз көзіме өзім сенбедім, қабылдай алмадым. Есекке мінген Бекжан Тұрыс көз алдымнан кетпей қойды.
Сөйтсем, біздің өнерді де, әдебиетті де, күллі қазаққа тән құндылықтың бәрін есекқасиеттендіріп, оған теріс мінгізіп жіберген екен бұл медиа-нарық. Әрі, оны көрсете-көрсете елдің көзін де, етін де үйретіп алған.
Жылқыға мінсе қазақтың рухтанып, абарланып, қаны қызып кететінін білген ғой.
Оған қатысы болса әлгі біздің мұртты көкеміздің қатысы бар-ау сірә!
Мейіржан Әуелханұлы
Facebook-тегі парақшасынан