ОҚУ ЖЫЛЫ ТАМЫЗДАН БАСТАЛСА...
Мамыражай мамырдың 25 күні бүкіл Қазақстандағы орта мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Биылғы жыл аталмыш рәсімнің барлық мектептерде бір күнде соғылуының соңы осы болса керек. Келесі жылы орта мектептің 5 күндікке көшуіне байланысты соңғы қоңыраудың соғылуы әр түрлі мезгілде орын алуы мүмкін. Оқу жылының аяқталуы маусым айының ішіне қарай жылжиды. Бұл – министрліктің байламы.
Орта мектептің бастауыш деңгейі бес күндікке көшіп, соның салдарынан оқу жылы маусым айына қарай ауысуы және жазға демалыс күндерінің қысқаруы ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар тудырды. Алаңдауға негіз бар. Себебі баланың өсуіне жауапты тұлға, алдымен – ата-ана. Мектеп те, мемлекет те сырт қалмайды. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің азаматы. Ал сол азаматтың дені сау, бәсекеге қабілетті болып өсуі – ортақ қоғамдық мәселе. Демек, мәселені мемлекет пен ата-ана бірлесе отырып шешуі қажет. Ата-аналарды алаңдатын мәселелер: мектептің жүктемесі ауыр, білім деңгейі төмен, жазғы демалыс кезеңінде күн ыстық, сондықтан баланы оқыту азапқа салу т.б.
Сөз жоқ, мектепте басы артық сабақтар көп. Кезінде ақпараттың, мамандардың тапшылығына байланысты өмірге қажетті көптеген білім мен дағдыны мектеп арқылы орнықтыру саясаты жүргізілген болатын. Қазір заман өзгерді. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатыр. Сондықтан басы артық пәндерді факультативтік формаға немесе ата-ананың функциясына ауыстырып, оқушылардың негізгі жүктемесін азайту керек. Бұл – бір.
Екіншіден, ұстаздар мәртебесін көтеру – өткір тұрған мәселе. «Мектептің жүрегі – мұғалім» деген Ы.Алтынсариннің ойлы сөзі өз мәнін жойған жоқ. Жүрегі дімкәстің жұмыс істеу қабілеті қаншалықты екені белгілі. Қазіргі таңда мұғалім әлеуметтік жағынан ең аз қорғалған топ. Жалақысы төмен, жағдайы жоқ. Сондықтан олардың өз ісіне деген жауаптылығы да сондай. Үкімет мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына түбегейлі бет бұрып, бюджеттік саладағы ең жоғары жалақы, сөзсіз, ұстаздарда болуын қамтамасыз етуі тиіс.
Үшіншіден, кеңестік жүйеден шыққан елдердің басым көпшілігінде жазғы демалыс мерзімі өте ұзақ. Ұзақ мерзімнің бір кесірі баланың білімін тежеп, бойкүйездікке жол ашатын, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеуге әкеп соқтырады. Ұлы Абайдың мына сөзін еске түсірейікші: Тамағы тоқтық //Көйлегі көктік// Аздырар адам баласын.
Біздің ұсынысымыз: оқу жылын мамырдың 31-нде аяқтап, жаңа оқу жылын тамыздың алғашқы күнінен бастау. Себебі тамызда күн ыстығы біршама қайтады. Күн көзінің ұзақтығында баланы оқыту экономикалық тұрғыдан да тиімді. Керісінше, күн көзі қысқа, суық қыс күндері көбірек демалыс беру қажет. Бұл мәселемен кеңірек танысу үшін мына сілтемені ұсынамыз (http://abai.kz/post/view?id=4509).
Баланың бәсекеге қабілеттілігін дамыту – ата-ана мен мектептің (мемлекеттің) ортақ міндеті. ХХІ ғасырдағы бәсекелестікке қабілетті болу тек біліммен ғана байланысты болып тұрғаны әркімге аян. Географиялық орналасу кеңістігіне қарай Қазақстан үшін білім арқылы қабілеттілікті дамыту өте маңызды мәселе.
Жалпы, білім саласында көзделіп отырған өзгерістерге байланысты мәселелер қоғамда үлкен дау тудырып жатыр. Биағаның (Б.Майлиннің) көркем шығармашылығынан туындаған «Даудың басы –Дайрабайдың көк сиыры» деп келетін мәтел сөзбен айтсақ, даудың басы «үштілділіктен» шықты. Қоғам неге дүрлікті?
Қазақстанда кеңес үкіметі тұсынан бастап қостілділік қалыптасты. Бірақ қоғамға қос тілдің біреуі ұзын, екіншісі қысқа болып орнықты. Ұзыны – орыс тілі, қысқасы – қазақ тілі. Орыс тілінің ұзын болатын себебі – ертеден өрге шауып төрден ойып тұрып орын алған, қолданысы кең, Еуразия кеңістігінде еңсесі (әлеуеті) жоғары. Қазақ тілі – 100 астам диаспора тұратын Қазақстанда көбінесе қазақтардың өзара ғана сөйлесетін «қысқа» құрал. Ұзын мен қысқаны бәйгеге қатар қосып жарыстыру әділетсіздік. Тірсек мүмкіндік бермейді. Сондықтан қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, оның бойының эволюциялық жолмен ұзарып өсуіне жағдай жасалып келе жатқан. Енді бойы Африканың жирафындай болатын үшінші ағылшын тілі қосылғанда, онсыз да «ұзынмен» арпалысып келе жатқан «қортықтың» өкпесі өшіп қала ма деген қауіптің өрши түскені анық. Тіл де жанды нәрсе сияқты. Қолданған сайын жаны кіре бастайды. Керісінше болса, өшіп, өледі. Қолданыс кеңістігінде «ұзынтұра» орыс тілімен бәсекеге түсіп жүрген «мыртық» қазақ тілі шашауына шаң жұқпайтын ағылшын тілі бәйгеге қосылғанда, есеңгіріп (нокдаун) немесе естен танып (нокаут) алып қалады ма деп ойлайсың! Алдымен қазақ тілін бәйге бәсекесіне тең түсе алатын дәрежеге көтеріп барып, жарыс жалауын көтерген дұрыс. Бәйгеде бақ шаппайды, бап шабады. Баптауы кем жүйрікті кемерде ұстай тұрып, кемшін тұстарын «келтірген» абзал!
Алмас Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz