«БЕКБОЛАТТЫҢ БЕДЕЛІ – БӘРІМІЗДІҢ БЕДЕЛІМІЗ» ЕМЕС
«Қамшы» порталында Сәруар Айнабеков деген ағамыз Бекболат Тілеуханды қорғап (кімнен?) «Бекболаттың беделі – бәріміздің беделіміз» деген мақала жазыпты. Ағамыз ренжімесе өзімнің ойымды бөлісіп көрейін.
«…жер туралы айтқанда ел бас сап Бекболат Тілеухан мен Нұртай Сабильяновқа жабысты», – дейді ағамыз. Аға, «суға кеткен тал қармайды» дегенді білесіз ғой, жауапты шаруада қорған болар деп үміт еткен азаматтар болған соң жабысамыз. Халықтың мұңын түсінеді, жанайқайын өзінікі етіп жеткізеді деп сенгеннен жабыстық. Билікке, заң шығарушы органда жүргендіктен сөзін өткізе алады деп ойлағаннан жабыстық.
Алайда, Бекболат ініміз ел ойлаған мүддеден шыға алмады. Жасықтығын көрсетті, ұлтшыл емес екендігін білдіріп алды. Кешегі комиссия отырысында өзі айтқандай «…билікте жүргендер халықтың ішінен қайнап шыққандар» еместігін дәлелдеді. «Бар сенгенім Баян-ды, ол да бүйірін таянды» дейді мұндайда қазақ.
Жер дауы-елдіктің, азаттықтың сынға түсер сынағы. Себебі жер кетсе, бәрі кетеді. Мейлі, сатпай-ақ жалға берудің өзі, оның ішінде шетелдіктерге, басымен ойлайтын адам үшін-Тәуелсіздікке төнген қатер.
«.. Жерді кім жалға бермей жатыр. Мүгедекпін, мұғаліммін, дәрігермін деп үкіметтен үй алып, оны да жалға беріп отырғандар қаншама? Бұның жанында мемлекеттің белгілі бір нысанды, жер учаскесін жалға беруі, оның заңдық негізін жасап, қорғалуын қамтамасыз етуінде тұрған не бар?!», -дейді ағамыз. Нағыз қауіп осындай немқұрайдылықтан шығады. Бұл жерде мүгедектер мен мұғалімдердің, дәрігерлердің алған үйлерін жалға беріп қоюы туралы әңгіме айту, сауатсыздықтың белгісі. Жеке меншік пен мемлекеттік меншікті жалға берудің айырмасы жер мен көктей екендігін айтпағанның өзінде, мемлекет тұрған жерді біреуге, (шетелге), жалға беріп қойып, өзің сол біреудің жалға алған жерінде мемлекет болып тұрасың ба деген сұраққа жауап бере алатын адам бар ма?
«Сенген қойым сен болсаң, маңырағаныңа болайын» демекші, әншейінде Абайдан мысалдар келтіріп, ұлт жанашыры болып көрінгенсіп, көсемсіп отыратын Бекболаттың негізгі бейнесі-данышпан болып көрінуден арыға аса алмады. «Ел мақтаған батырды жауда сынап» көріп едік, «мақтаған қыздың» қылығы мұның әрекетінің қасында айналайын болып шықты.
«Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,
Ел жаңылып, етегін басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе
Жабысып қалады екен аспан жерге» – ел басына күн туғанда етігімен су кешпеген соң, Әйтекеше айтқанда
«Батыр болсаң жауға найзаң тисін,
бай болсаң халқыңа пайдаң тисін.
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
бай болып елге пайдаң тимесе-
елден алабөтен үйің күйсін!»
Ағамыз дұрыс айтады, кейбіреулер Бекболаттың абыройын, беделін көре алмайды, іштарлық жасайды. Ол әнші, ол көнені жаңаға жалғаушы-өнердің адамы. Оның бұл қасиетіне «…Үш қиянның қазағы, тақ тұрады алдында». Бірақ… тап осы жолы Бекболаттың беделі- бәріміздің беделіміз емес!
Меңдібай Ізтұрғанұлы
Дереккөзі: juldizdar.kz
Abai.kz