Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 8111 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 09:11

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ. ҚАЗАҚТЫ «ОЯТҚАН» ҮШ СЕБЕП

Жерге қатысты даудың ушығуы Қазақстанда қазақ ұлтының мобилизацияланып жатқанын айқын көрсетті. Мобилизация – ұлттық мәселелерді, оның символдарын, тарихы мен мәдениетін, тілі мен дінін саяси тұрғыдан түсіндіріп, жұмылу дегенді білдіреді. Бұл – тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде қазақтардың екінші рет жұмылуы. Бірінші кезең Желтоқсан оқиғасынан соң басталып, тәуелсіздік алғаннан бірер жыл өткен соң объективті, субъективті себептермен аяқталған. Сол кезде бас көтерген «Азат», «Алаш», «Желтоқсан» сияқты қозғалыстар қазақтардың отарлықтан құтылып, өз ұлттық мемлекетін құруы жолында күресті. Бас көтерер азаматтар ғана емес, жалпы қоғам тарихтың қайта жазылуын, ұлттық символдардың қалпына келуін, тілдің, діннің қайта өркен жаюын талап етті. Сол тұста әрбір газет, журнал ұлттың «өлгенін тірілтіп, өшкенін жағушы» миссиясын атқарып қалуға тырысты.  Кеңес одағы тараған соң тәуелсіз Қазақстанның билік тізгінін қолына алған элитаны қазақ қоғамы өз басшылары, өз ұлтының көсемдері деп қабылдап, соларға сенім артты.

Қазақстандағы ұлттық мәселелерді зерттеген сырт көз – шетелдік сарапшылардың барлығы елде ұлттық мемлекеттің біртіндеп құрылып жатқанын сенімді түрде айтады. Билікте қазақ элитасының отырғанынан бастап саясат пен мәдениет, демография мен тарих салаларындағы барлық тенденциялар Қазақстанның түбінде ұлттық мемлекетке айналатынынан хабар береді. Тәуелсіздік жылдарында шетелдерден 1 миллион қазақтың елге оралғаны неге тұрады? Марта Брилл Олкотт, Эдвард Шац, Марлин Ларуэлл сияқты ғалымдардың зерттеулерін сараптап көрсек, бұған көз жеткізу оңай.

Соған қарамастан, қазақ қоғамында соңғы жылдары қозғалып жатқан мәселелерді талдасақ, олардың көпшілігі бөтен елдің аумағында үреймен өмір сүріп жатқан диаспораның әрекеттеріне ұқсайды. Өз мемлекетінде отырса да өз тілінің жойылып кетуінен, ұлттық болмысынан айырылып қалудан қорқу үрдіске айналды. Қисынға салып қарасақ,төлқұжатына өз ұлтын жазғызуға 11 миллион қазақ емес, басқа азшылық өкілдері көбірек мүдделі болуы тиіс. Бірақ, ұлттық бірегейлігіне қауіп төнеді деп қазақтар алдымен дабыл қақты.  Ұлт бірлігі доктринасынасына қатысты дау туғанда қазақтардың билікке деген сенімсіздігі байқалды, Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштеріне қатысты әңгіме шыққанда қазақтар «саяси элита ұлттың символдарын қорғамай отыр» деп наразылық танытты. Ширек ғасыр ішінде олардың ұстанымы неге бұлайша өзгерді? Бұған үш себеп бар.

Біріншіден, ұлттың санасы толық отарсызданған (деколонизацияланған) жоқ.  Қазақтар кешегі Алаш зиялыларының идеяларын жаңғыртып, кеңестік кезеңнің азабын Ресейдің озбыр отаршыл саясатының кесірі деп түсіндіруді, жедел өзгерістерді қалады. Егер өкімет көпшіліктің ығына жығылып,  тарихты ұлттық тұрғыдан жазып, ашаршылықты «Сталин жасаған қызыл қырғын» деп емес, «Ресей империясының отарлау саясаты» деп түсіндірсе, онда ел ішінде де, Мәскеумен арадағы қарым-қатынаста да күрделі мәселелер туындайтын еді. Яғни, қазақ ұлты мен ресми биліктің тарихты қайта интерпретациялауға қатысты ұстанымдары сәйкес келмеді. Биліктің үлкен  кемшілігі – идеологиялық саясат кеңес дәуіріндегі жасандылықты «мұраға» алып қалды, сөйтіп ұлттық мемлекет құрып жатқанына елді сендіре алмады. «Қазақстан халқының бірлігі күні» сияқты мерекелерді тойлау әр ұлттың киімін киіп, биін билеумен шектелді. Қазақстан халқы ассамблеясы декларативті шаралар өткізіп, түрлі саяси науқандарды «заңдастыру» кезінде ғана кәдеге жарады. Яғни, тарих пен мәдениет көбіне биліктің идеологиялық қажеттіліктерін өтеу үшін ғана пайдаланылды.  Тарихтың жарқын тұстарын ұлтты ұйыстыру, ұлттық рухты көтеру мақсатына қолдануға болар еді. Бұл қазақтың рухани қажеттілігін өтеп қана қоймай, өзге ұлт өкілдерінің қазақ қоғамына интеграциялана түсуіне жәрдемдесер еді.

Екіншіден, Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзімен айтсақ, қазақтар сапалы урбандалған, бәсекеге қабілетті ұлтқа айнала алмай келеді. Қазақтың алтын бесігі – ауылдар күйреді, ауыл шаруашылығы тоқырады, болашағын ойлағандардың көбі ауылда өмір сүрудің еш қисыны жоқ екенін түсінді. Қалаға жөңкілген ағайынның көбі жолы, суы, мәдени орындары жоқ ауылдардан үй соғып алды, енді біразы пәтер жалдап немесе қымбат несиеге пәтер алып тұрып жатыр. «Шаңырақ», «Бақай» оқиғаларының жарасы әлі жазылып бітпеді. 1 миллион мүшесі бар «Нұр-Отан» партиясы қазақтар арасында шынайы әлеуметтік базасын қалыптастыра алған жоқ. Содан болар, қазір жер мәселесін қозғап жүргендер «Нұр-Отаннан» да, басқа партиялардан да қайыр күтпейді. Соңғы кездері «Нұр-Отанның», билік органдарының ғимараттарына келіп өз-өздерін өртеп жатқандардың көбеюі – халықтың билікке деген наразылығының көрінісі. Өз меншігінде ұлтарақтай жері жоқ жастар Б.Андерсонның сөзімен айтсақ, «қиялдағы» жерді «қорғау» үшін алаңға шықты. 

Үшіншіден, шынайы демократиялық өзгерістердің болмауы ең алдымен қазақтарға көп кесірін тигізді. А.Сәрсенбайұлының «Қазақты кедейліктен құтқаратын – демократия» дегені есте. 1990-жылдары «демократия», «сөз бостандығы» дегендер космополит орыстілді қауымның ермегі сияқты әсер қалдыратын. Қазақтардың арасында «тыныштық болсын» деген ой басым болды да, демократия үшін күресіп жүргендер елдегі тұрақтылықты шайқалтқысы келетін байбаламшылдар болып көрінген.

Демократия аясының тарылуы халықтың билікке деген сенімін біртіндеп азайта берді. Кез келген қазақтың мектепте не басқа мемлекеттік мекемеде істейтін я туысы, я көршісі, я болмаса танысы бар. Демек, бүкіл халық сайлаудың қалай өткізілетінін, әдемі көрсеткіштердің қалай жасалатынын жақсы біледі. Яғни сайлау – демократиялық қоғамның көңіл-күйін анықтайтын барометр болудың орнына әншейін бір ұраншыл науқанға айналған. Сондықтан да соңғы сайлаулар кезінде қоғамдық-саяси маңызы бар мәселелер көп қозғалған жоқ. Ал екі министрдің отставкасына, қоғамдық комиссияның құрылуына алып келген соңғы бір ай көлеміндегі ең маңызды тақырып – жер дауы парламентте  мүлде сөз болған жоқ. Яғни, халықтан алшақтап кеткен парламент өзінің функцияларын толық атқара алмағандықтан, халық өкілдері қатысқан жаңа алаң құру қажеттілігі туды.

 Оның үстіне, Қазақстанда көп мекемеге тамыр-таныссыз, парасыз жұмысқа тұру мүмкін емес деп есептейтін қоғамның билікке, жүйеге деген сенімі барған сайын азайып барады. Заңның үстемдігіне, соттың әділдігіне сенетіндер жоқтың қасы. Яғни, билікте қазақ элитасы отырғанына қарамастан, қазақтар мен өкіметтің арасы тым алшақтап кеткен, қазақтардың біршама бөлігі тәуелсіздіктің басындағыдай бұл биліктің ұлт мүддесін қорғайтынына сенбейді. Сондықтан, Алаш идеясына, Д.Қонаевқа деген ностальгия басым. Соңғы кездері Жаңаөзен оқиғасын 1986 жылғы Желтоқсанның жалғасы деп сипаттайтындар көбейді.  Яғни, негізгі бағыт – ұлттық мемлекет екендігіне қарамастан, халықтың біраз бөлігі үкіметтің ұлт мүддесін толық қорғап отырғанына күмәнмен қарайды.  Ұлттың мобилизациялануына алып келген негізгі факторлар – осылар.

 Бұл несімен қауіпті? Бодандықта болған елдердің ұлттық санасы тарихи жарақаттар кесірінен тым секемшіл келеді, біржақты тұжырымдарға, эмоциялық ұрандарға елігіп тұрады. Халық тарихи әділдікті орнату, «кек қайтару» сияқты иррационалды пікірлерге көп бой алдырады. Мұндай кезеңде халық өз мүддесін қорғайды-ау деген тұлғалардың соңынан еруге әзір тұрады. Әдетте жалынды сөйлеп, жұртты соңынан ерте алатын кездейсоқ популистер осы кезде көзге түседі. Символдар саяси реңк алып, халық эмоцияға беріліп тұрған кезеңде ұлт үшін ең қастерлі ұғымдар – жер мен тілге қатысты эксперименттер бықсып жатқан отқа май құйғанмен бірдей.

Мұхтар Сеңгірбай,

Саясаттанушы, конфликтолог

Абердин университеті, Ұлыбритания.

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394