«ТАЛАСБЕК - КИНОНЫ ҚОЙЫП, ЖЕКЕ ҰСЫНЫЛУҒА ТАТИТЫН АРДАГЕР»
Актер әрі режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр. Ал, сыйлыққа ұсынылған ұжымның ішінде фильмнің сценарийін жазған жазушы, күйші, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұловтың болмауы өнер мен мәдениет саласындағы жұрттың кейістігін туғызуда. Бұл турасында мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова «Алматы ақшамы» газетіне мақала жазды. Іле «Айқын» газеті де осы мәселені көтерді (Ескерту: аталған екі мақала да «Абай.кз» ақпараттық порталында жарық көрді). Бұдан әлеуметтік желі қолданушылары да сырт қалмай, Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» фильміне қатысқан ұжымының қатарына еніп, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуын талап етті.
Сөйтіп, біз мән-жайды білу үшін Досхан Жолжақсынов мырзаға телефон шалғанбыз. Фильмнің режиссері, әйгілі актер бізбен арадағы әңгімесінде Таласбек мемлекеттік сыйлыққа жеке дара ұсынылуға тиіс ардагер деп ағынан жарылды.
Abai.kz
Досхан Жолжақсынов, актер, «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің режиссері:
- «Құнанбай» фильмі мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, тізімде Таласбек Әсемқұлов болмай шықты. Осының мән-жайын өз аузыңыздан естиікші деп хабарласып тұрмыз.
- Марқұм Таласбек қай кезде де көшіміздің алды ғой. Әп деп ұсынғанда-ақ, тізімге бірінші Таласбекті жаздық. Сөйтсек, қайтқан адам болмайды дейді. Имекең (қазіргі қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовты айтыр отыр. - ред) прьемер-министр болып тұрғанда Асқар Сүлейменовке және тағы біреулерге алып беріп еді. Содан кейін қаншама уда-шу шықты. Сондықтан мына қалпты ешкім бұза алмайды. Егер ұсынылған кезде қайтыс болып кетсе, әңгіме басқа дейді. «Оны бәрін білеміз, десе де мынау қазақтың біртуар азаматы» деп бастап, айтып көріп едім. Болмай жатыр. Ертең тағы шу шығатын түрі бар. Анаған неге бермеді, мынаған неге бермеді деген дау тумақ. Өздеріңнің естеріңде ғой, ұсынылған біраз адамдарға берілмеді ғой.
Таласбекті тізімге кіргізу үшін мен барлығының алдынан өттім. Тіпті сол кездегі Президент аппаратының басшысы Нұрлан Нығматуллинге дейін барып айттым. Министрдің де алдынан өттік. Комиссиядағылардың аузына салып та көрдім. Олардан да ештеңе шықпады ғой. Міне, бірінші туры өтіп кетті. Осындай заң, ережелерден хабары жоқ адам ойлайтын шығар: «Ойбай-ау, мынау масқара ғой, Таласбек қалай ұсынылмайды?» деп. Заң низамын білмеген соң қиын, әрине. «Осының бәрін Досхан істеп отыр» деп айтатындарды да білем. Шәмшіге берілмеді, Жұмекенге берілмеді. Қазір енді Таласбек деп Үкіметке дейін шығатын болсақ, бәрі ат-тонын ала қашады.
Міне, осындай жағдай, інім! Ана жолы «Алматы ақшамына» Әлия Бөпежанова апамыздың мақаласы шыққан. Содан кейін о кісіге телефон ашып, айттым бәрін, білмейміз енді не істерімізді деп...
- Фильміңіз бірінші турдан өтіп пе енді?
- Өтіпті-мыс.
- «Мыс» дегеніңізге қарағанда әлі нақты емес пе?
- Иә, өтіпті-мыс. Жалғыз біз емес, ұсынылғандардың бәрі өтті-ау деймін...
Шыны керек, фильмнің ұсынылғанын да кешірек білдік. Абай ауданы мен Киноматографистер одағы бірлесіп, өздері болып ұсынған екен. Сөйтіп, «өстиік деп отырмыз, қалай қарайсыз?» деді. Енді, қалай қарайтыны бар?! Кино егер соған лайық болып жатса. Оған дейін «Еуразиялық» кинофестивалдің Гран-приін алғанбыз. Халықтың көзқарасы да жаман емес сияқты. Былайынша мен өзі осындай дүниелерге шорқақ адаммын. Оның қағаздарын толтыруды да білмейді екенбіз. Министрлікке хабарласып, білдік. Сөйтіп, Таласбекті жазып жатсақ, «Жоқ, ол кісі болмайды. Қайтыс болып кетті ғой» деді. Содан әңгіме шықты. Болмайтын болған соң, бес адам ұсынылды. Соның ішінде өзім де бармын ғой. Содан мен де бармын ғой деп тағы да Таласбекті ұсынып едім «режиссер әрі басты рольді сомдаған актер ретінде сіз қалайша ұсынылмайсыз?» деді. Ұсынылуға тура келді. Оператор, қоюшы суретші, содан кейін Айдос Бектеміров, Барақты ойнайтын, Зерені ойнайтын апамыз, мен бар – бес адам болып ұсынылдық.
- Досхан аға, біз осы әңгімені өз аузыңыздан естиікші деп хабарласқан едік, мәселенің мән-жайын таратып айтып бердіңіз, рахмет.
- Таласбек киноны қойып, мемлекеттік сыйлыққа жеке ұсынылуға татитын ардагер ғой, шынын айту керек. Тіпті бір мақаласымен, бір көзқарасымен-ақ жеке ұсынылатын азамат қой ол. Өкінішке қарай, осындай болды, қайтеміз енді...
Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалықұлы
Суретте: Д. Жолжақсынов Құнанбай ролінде
Abai.kz