Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 5179 0 пікір 29 Тамыз, 2016 сағат 12:39

МӘДИНА ОМАРОВА: «БҰЛ ПЬЕСАДАН КӨРЕРМЕН НЕНІ ІЗДЕСЕ, НЕНІ КӨРГІСІ КЕЛСЕ, СОНЫ ТАБАДЫ»

91-театр маусымы аясында қазан айының 21-22 күндері жазушы, драматург Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико-сан» драмасының премьерасы болады. Қазір репетициясы жүріп жатқан қойылым авторынан шығарма жөнінде аз-кем сұхбаттасқан едік.

Мәдина, әуелі 91-театр мауысымында прьемерасы болғалы отырған «Ақтастағы Ахико-сан» пьесасының жазылу мақсатына аз-кем тоқталып өтсең?

-  Бұл пьесаны жазу деген нәрсе - Қарлагты зерттеуші, заң ғылымдарының докторы, профессор, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков ағаның идеясынан туындады. Ол кісі театрымызға арнайы келіп үлкен кездесу ұйымдастырды, Қарлаг тақырыбына бағышталған ондаған зерттеу кітабын, осы бағытта жазылған бірнеше өзге де көркем туындыларды театр мұражайына тарту ете отырып, Қарлаг мәселесін, соның ішінде туған жеріне оралса да жерсінбей, Ақтасқа қайтып келіп алған жапон тұтқыны Ахико Тецуро ғұмырын пьесаға айналдырып,  көрермен назарына ұсыну жайымен бөлісті. Бұл ой театр басшыларының, көркемдік кеңестің қолдауына ие болып, сол жерде жазу жағы маған тапсырылды. Сосын мен отырып тақырыпты зерттеуге кірістім. Қарлаг мұражайына барып қайттым. Көптеген деректі, көркем фильмдер көрдім. Қысқасы бұрын тек атын естіп, құрғақ деректер түрінде сұлбасын  ғана ажырататын Қарлагты  қайта бастан кешіп шығуға тура келді. Оңай болды деп айта алмаймын. Дегенмен нәтижесінде дүниеге «Ақтастағы Ахико» келді. Мендік мақсат – сол қанқұйлы замандағы адамдардың кейпін беру; басқа қиыншылық түскенде кейбіреудің адами кейіптен ажырап, хайуани деңгейге құлдилап барып бір-ақ түсетінін, кей адамдардың, керісінше ешнәрсеге қарамастан, бет-әлпеті мен ар-ожданын сақтап қалатынын көрсету болды. Мен үшін бұл құбылыс – феномен. Неге біреу алай, біреу былай? Жазу барысында өзім де осыны жете ұғынуға тырыстым. Негізі мен үшін мақсат та, тақырыпты қаузап қуалауға ынталандырған себеп те осы болды. Рух немесе қарабайырласақ, психология мәселесі.  Жалпы сол дәуірдің келбеті, проблемасы, қиыншылығы, аяусыздығы көркемдік тұрғыдан қисындалған сияқты. Енді оған өздеріңіз төреші боларсыздар. Алла қаласа.

Идеология, саясаттың құрсауындағы қалған адам тағдыры тағы да идеологияға қызмет етіп тұрғандай әсер қалдырады екен...

-         Қоғамда, заманауи әлемде өмір сүргеннен кейін идеология идеясынан ешқайда қашып құтыла алмаспыз. Егер ол идеология көкейге қонып тұрса, оған неге қызмет етпеске... Содан кейін бұл пьесадан, жалпы кез келген әдеби туындыдан оқырман (көрермен) нені іздесе, нені көргісі келсе, соны табады деп ойлаймын. Кішкене көңіл есігін кеңірек ашып, тереңдеу бойласа, өте ауыр ойда қалары анық. Бірақ әйтеуір барлығының оптимистік нотада, көңілді аяқталатыны дәтке қуат.

Шығармада совет өкіметінің қанқұйлы саясатын, қазақ халқының болмысын толық аша алдым деп ойлайсың ба?

- Енді өз деңгейімде, проблеманы бір пьеса бойына арту мөлшерінде, аштым деп ойлаймын.

Пьесадағы Степанның бейнесі сурет өнерімен астастырылады. Бірақ, жауыз. Бұл зұлымдық зынданындағы өнер бейнесін, өнердің халін беру ме, әлде басқа ойға құрылған ба?

- Степанды суретші етудегі басты мақсатым – оны түрмеде отырған жай «урка», «вор в законе», «авторитет» деңгейінде қалдырмай, интеллектуалдық деңгейін көтеру, солайша көрермен үшін қызықты ету; аласапыран күй кешіп, бойындағы өнермен алыса отырып, жан-жағына өлшеусіз қиянат жасайтын есі ауысқан, қатігез өнер адамының бейнесін жасап шығу болды. Ол мен үшін сол кездегі жүйенің – символы. Тіпті көркем бейнедегі - дәл өзі. Сондықтан ол кейіпкер мен үшін осы қалпында өте қымбат.

Жендеттердің қанішерлігін көрсету арқылы сол заманның қатыгездігін жеткізу байқалады. Алайда, жендетке де ақталуға әрі болмысының бір бөлшегін көрсетуге мүмкіндік беруге бармаудың себебі неде?

- Иә, мен тіпті Степанға да ақталуға мүмкіндік қалдырмадым. Оларды сындырған заман, олар іштей  күйрей отырып, амалсыз сол заманның киллері болды деген сентименталды психологияны ишара еміреуінмен бойларына дарытпадым. (Әрине, режиссер өзгертіп жіберсе, амал кем). Себебі, менің ойымша, қашанда, қай заманда, қай жағдайда болмасын әр адамда әуел баста таңдау еркіндігі болады. Құдай билеген әлемде онсыз еш болмайды. Олар өз таңдауын жасаған адамдар. Сондықтан оларды жас талша солқылдатып, толқытып жатуды артық санадым. Бұл үзілді-кесілді пьесаға әлдебір мәрттік берген сияқты...

Қария бейнесі. Аруақ, азапты жеңілдетуші рух бейнесінде алынуы халықтың дүниетанымымен байланыстырылған үміт бейнесі ме?

-  Иә, Абыз қария – Сарыарқа жерінің киесі, иесі ретінде алынды. Анандай керемет даланы бөліп алып, қоршап тастап, ол жерде өсіп-өніп отырған қалың елді тентіретін жіберіп, Ажал, Азап лагерін салып отырған билікке келіп, үрейін алатын, тұтқындарды серпілтіп, Әділет орнатып кететін - Қасиет.

Ақтамақ (кейіпкер) халықтар достығының ұйытқы бейнесін бе әлде қазақтың Құдайшылығын, адамшылығын көрсету ме?

- Бұл екеуінің ара-жігін ажыратып, бірін таңдау мүмкін емес. Біртұтас нәрсе ғой. Адамның ұлтына, нәсіліне қарай өзгеріп отыратын Құдайшылық, адамшылық бола ма? Оны қалай құдайшылық деп айтамыз? Ақтамақ – қазақ анасы, қазақ әйелі. Жоғары мағынада бұл тіркестің аясына дүниенің бар имандылығы сыяды.

Әуезов театрында қойылғалы жатқан алғашқы пьесаң. Өз көңіліңнен шықты ма?

- Әлдене деу қиын. Қазір репитиция барысында түрлі күйді бастан кешіп жүрмін. Біресе алай, біресе былай сияқты. Енді спектакль шықсын, сонда белгілі болады.

Драматургия саласында тағы басқа жаңа ізденістерің бар?

- Идея көп. Барлығы қызық. Барлығы ұнайды. Бір жұмысты бастап алып, тезірек аяқтап, көкжиекте қылтиып шеті көрінген тағы бір образға жан бітіргің келеді. Әрине, бар. Бұйырса, оқып қаларсыздар.

Қазіргі заман драматургиясы несімен ерекшеленуі керек деп ойлайсың?

- Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сияқты ұлы классиктер, кеше дүниеден өткен Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ секілді азулы ағалар іргетасын қалап кеткен қазақ драматургиясы мықты болуға тиіс. Бірақ, әрине, заман өзгерген сайын, әдебиет те бірқалыпта қала алмайды. Әлеммен бірге қарыштап, жаңашылдықтан қорықпай, қабылдау керек, қазақ драматургиясының бойына лайықтап сіңіру керек. Қазір бір қуантатыны жақсы жастар легі келе жатыр. Мұрат Қолғанат, Әлібек Байбол деген балалардың шығармашылығымен таныспын, өте ұнайды. Олар мүлде басқа. Біз де шама-шарқымызға қарай ізденіп жатырмыз. Барлығы жақсы болады деген ойдамын.

Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалықұлы

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320