Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6287 0 пікір 16 Тамыз, 2016 сағат 13:29

ЖЕР МӘСЕЛЕСІНДЕ ҚАЗАҚ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Бүкіл Қазақстан аумағын дүрбелеңге салған жер дауына қатысты мәселеде қазақ ұлты екінші жеңісіне қол жеткізді. Бүгінде кейбір зиялы қауым өкілдері мен белсенділер «комиссия бірнеше айдан бері мораторийді 5 жылға созу үшін ғана құрылды ма?» деп бұл шешімге көңілдері толмайтынын айтып жатыр. Меніңше, қазіргі жағдайда осы бес жылдық мораторийдің өзі ұлттың қол жетпес жетістігі ретінде саналуы қажет.

Шынын айту керек, осыдан екі-үш ай бұрын не белбеу, не бел кететін тұрақсыз хәлдің алдында тұрдық. Әрине, бұған дейінгі шенділердің «мен білемдігі» бұл жолы іске аспады. Талабы күшті халықтың бетін қайтарудың бейбіт жолы таңдалды.

Елбасы 2017 жылдың қаңтарына дейін Жер кодексінің кейбір бабтарына мораторий жариялап, жер комиссиясын құрып берді.

Әрине, бұл қазақ тарихындағы күрделі мәселені шешудің тағы бір дұрыс жолы табылғанын көрсетті. Бұл бұдан кейін де ұлттың есесі кетер мәселеде билік осылай ымыраға келуге мәжбүр болатынының айғағы.

Митингке шығуға – әркім-ақ құқылы. Біздің елде бірақ, сол құқықты толық пайдалануға мүмкіндік бермейтін кейбір кедергілер бар екенін мойындағанымыз жөн.

Мәселен, бірінші кедергіні айтайық. Митинг өткізу үшін жергілікті ресми биліктің рұқсаты керек. Ол рұқсатты қазақты жау көретін жергілікті шенділер өлсе де бермейді. Сосын ашынған халық алаңға рұқсатсыз шығып кетсе, оны заңсыз деп айыптауға жол ашып алады. Қазақ жер мәселесінде сол айыптаудан қорыққан жоқ. Бұған дейінгі санаға мықтап бекіген үрейді жеңіп, бұл елдің иесі кім екенін бүкіл әлемге әйгіледі.

Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Комиссияның құрылуы дегенді биліктің өз кінәсін мойындауы деп түсінген жөн. Рас, Үкімет те қателесуге – құқылы. Һәм сол қателікті мойындауға, халықтың талабын орындауға – міндетті.

Сол міндеттің бейбіт жолмен шешілгені әр қазақты қуантуы қажет.

Біз қандай жетістікке жеттік? Комиссия нені өзгертті?

Ең алдымен осындай нақты сұрақтарға қорықпай жауап беретін дәуірге аяқ бастық.

Екіншіден, бұдан кейін қандай мәселеде болсын, халықтың ойы ескерілетін болады.

Үшіншіден, шенеуніктер шексіз билеуші емес, халыққа қызмет ететін жалдамалы қызметкерлер екені белгілі болды.

Төртіншіден, Парламентті жасақтағанда еркін ойлы, халықтық тұлғалардың депутат болғаны қажет екені айқындалды. Келесі сайлауда осы комиссияға мүше болған, халықты артынан ерте алатын, білімді саясаткерлерге депутаттық кресло ұсынылатын болады. Себебі, бүгінгідей қауқарсыз Парламент опа бермейтіні айқын білінді.

Бесіншіден, «жерді шетелдіктерге сатпаймыз, жалға да бермейміз» деген ұранның шеңберінде жерге қатысты басқа да өзекті қордаланған мәселелер көтеріліп, Жер кодексін қайта қарау қажеттілігі байқалды.

Алтыншыдан, қазақтың кең байтақ жерін иеленіп алған латифундисттерге де тықыр таянатынын болжадық.

Жетіншіден, шекаралы аймақ жерін пайдалану мәселесінде оң қадам жасауға мүмкіндік туды.

Сегізіншіден, ауыл маңындағы жайылымдық жерлер мемлекеттің меншігіне өтіп, халықтың еркін пайдалануына жол ашатын қадам жасалды.

Тоғызыншыдан, жер қазақты біріктіретін идеологиялық күшке айнала алатынын білдік.

Оныншыдан, біз ашық ой айтатын нағыз демократиялық алаңды жасауға болатынын байқадық.

Әрине, бұл жетістік тізімін жалғай беруге болады. «Комиссия түкті де шешкен жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отырған жандарға осы мысалдар да жеткілікті болар деп тізгінді тартуды жөн санап отырмыз.

Мораторийді бес жылға созуды Парламент пен Президент бекітсе, бұл қазақ ұлтының жер мәселесінде екінші жеңісі болмақ. (Бірінші жеңіс, митингілетіп жүріп, жер комиссиясын құрғызуы екенін жоғарыда айттық).

Ал, үшінші жеңіс, яғни аталған мораторийді мәңгілік ету екені белгілі. Оның сәл кейінге қалдырылғанын біреулер «биліктің уақыт ұту саясатынан болып отыр» деп жатыр. Жалпы, алғанда бұл негізсіз пікір емес. Десек те, Үкімет өздеріне бес жылдық үрейлі жолды таңдап алды. Ал, халық болса, бес жыл бойы бүгінгідей қасық қаны қалғанша жерін қорғайтын отаншыл жігерін жанитын сындарлы кезеңге нық қадам басты. Осы көңіл-күймен (осы көңіл күй өзгермесе абақтыға тоғытылған Талғат Аян мен Макс Бокаевтер де бостандыққа шығатынын болжауға болады) қазақ ұлты өзінің жоғын түгендеп, ұлттық дін, діл, тіл мәселелерін де түрлі комиссиялармен шешіп алатынына біз сенейік.

Өз басым жер деп шырылдап, митингке шыққан әр азаматты құрмет тұтамын! Бұл жеңістің бірінші иегері - сол халық. Екінші егесі - комиссия. Үшінші иесі оң шешім қабылдаса Парламент пен Президент болмақ. 

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5541