Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 3718 0 пікір 12 Тамыз, 2016 сағат 11:48

ШЕТЕЛДІК ҚАРЖЫ. ҚАЙДАН АЛҒАНЫҢДЫ, ҚАЙДА ЖҰМСАҒАНЫҢДЫ ХАБАРЛА!

Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға қол қойды. Осы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, Салық кодексінің кейбір баптары өзгерді. Мәселен, шетелден қаржы алатын азаматтық және заңды тұлғалар бұдан былай мемлекеттік кірістер органдарына есеп беруге міндеттеледі. Осылайша, Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің стандарттарына көше отырып, шетелдік қаржыландыруға қатысты салық бақылауын кеңейтуді көздеп отыр. Еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру тұжырымдамасын жүзеге асыру бағдарында ел ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңаруларға қолайлы жағдай туғызу, халықаралық қауымдастықта ұлттық мүддемізді қорғау басты басымдықтарымыздың бірі болып қалмақ. Осы орайда, жаңа заңның қабылдануы алға қойған мақсат-мұраттарымызды іске асыруда міндетті қадамдардың бірі болып табылады.

Атап айтарлығы, шетелден қаржыландырылатын көздер бұқараға ашық жария болып отырады. Қазақстан азаматтарының және еліміздегі ұйымдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында, ел Парламенті шетелден қаржы алғанын құзыретті органдарға міндетті түрде хабарлап отыратын субъектілердің нақты тізімін жасады. Сонымен қатар, бұл заңның құзыреті жүрмейтін тұлғалар мен жағдайлар да нақтыланды. Ең бастысы, Қазақстан аумағында өмір сүріп, шетелден қаражат алған тұлғалар мен ұйымдар жөніндегі ақпарат ашық көздерде халыққа қолжетімді болады. Мәселен, шетелден қаражат немесе мүлік алған тұлғалар, оны жіберген тұлғалар, алынған ақша көлемі және басқа да мәліметтер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ғаламтордағы порталында жарияланып отырады.

Бұл жерде мемлекет ешқандай да қосымша әкімшілік кедергілерді қойып отырмағанына назар аудару қажет. Себебі заң шетелдік қаражатты тартуға ешқандай ресми рұқсатнама, лицензия талап етпейді. Бар болғаны ол хабарламалық сипатқа ие. Шетелден қаражат алған тұлғалар өзінің іс-қимылы жөнінде құзыретті органдарды хабардар етуі жеткілікті. Соның ішінде, шетел ақшасының алынғаны және жұмсалғаны туралы мәліметтерді әр тоқсан сайын бір рет салық органдарына жіберу керек. Егер де қаражат бір тоқсан ішінде жұмсалған болса, онда екінші тоқсанда мәлімет беру міндетті емес.

Сонымен қатар, бұл жердегі процедуралар жеңілдетілген. Ақпаратты ұсыну тәртібі, хабарлама мен мәлімет формасы қарапайым. Мысалы, мәліметті салық есебіне сәйкес етіп, салық органына арнайы барып, немесе электрондық поштамен жіберуге болады. Заң ақша мен мүліктің көлеміне қандай да бір шектеу қою қызметін атқармайды. Сол себептен, алатын ақшаның көлеміне де ешқандай шектеу жоқ. Бар болғаны, оны алғаны және қайда жұмсағаны жөнінде ақпарат берілсе жеткілікті. Тағы бір ескеретін жайт, аталған түзетулердің құзыреті белгілі бір тұлғаларға жүрмейді. Ол қандай тұлғалар? Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің (Салық кодексі) 14-інші бабына сәйкес, бұл заңның құзыреті адвокаттарға, нотариустарға, дипломатиялық өкілдіктерге, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына жүрмейді. Мысалы, «Адвокат салық органдарының алдында есеп беруге міндетті ме?» деген орынды сұрақ туады. Құзырлы мемлекеттік органның түсіндіруінше, егер бұл жерде қаржыландыру мәселесі адвокаттың кәсіпкерлік қызметімен байланысты болса, онда ол ешқандай мәлімет бермейді. Себебі бұл  Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің (Салық кодексі) 14-інші бабында анық жазылған.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588