ЖЕР РЕФОРМАЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІНЕ ҰСЫНЫС
ЖЕР РЕФОРМАЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІНЕ
АУЫЛДАҒЫ ЖЕР РЕФОРМАСЫНЫҢ АШЫҚТЫҒЫ ТУРАЛЫ
Кез келген дұрыс шешім қабылдау үшін бірден-бір шарт – шынайы ақпараттың болуы және оны шешім қабылданғанда пайдалану. Қазіргі кезде Жер реформасы туралы Елбасының шешімімен құрылған арнайы комиссия ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты жер реформаларына бағыт пен бағдар беретін, оның нақты механизмін анықтайтын ҚР Жер кодексіне өткен жылы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды біраздан бері талқылап жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, елімізде қазіргі кезде 100.8 млн. гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның 1,3 млн га жеке меншікке сатылған, яғни бүкіл жердің 1,3%-ы ғана. Қалған жерлер мемлекеттің меншігінде. Олар ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге жалға берілген. Яғни, 98,7% ауыл шаруашылығы жерлері қазіргі кезде жалға беріліп пайдалануда.
Ашықтықтың жоқтығы туралы
Жеке меншікке сатылған ауыл шаруашылығы жерлері туралы мәліметтердің ашықтығы жоқтығынан еліміз бен халқымыздың жерге деген сұранысын толық қанағаттандырып отыр деп айта алмаймыз. Жерге байланысты қандай ақпарат ашық емес деген заңды сауал туады.
Сатылған жерлерді кімдер сатып алды? Олар жеке тұлғалар ма, әлде заңды тұлғалар ма? Жеке тұлғалар болса, олардың аты-жөні кім? Заңды тұлғалар болса, ол қандай компаниялар? Олардың әрқайсысына қанша жер көлемі сатылды? ҚР Жер кодексінде қарастырылып,үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген жеке адамдар мен заңды тұлғалар сатып алатын жерлерінің шектелген көлемі олар жерлерді сатып алғанда сақталды ма, әлде жоқ па? Және т.б. көптеген мәліметтер әлі жарияланбады.
Бұл ретте жер реформасының ақпараттық нәтижелерінің ашықтығын қолдайтын Жер комиссиясы мүшелерінің саны өсіп отырғаны қуанарлық жәй деп ойлаймыз. Тағы бір жағымды хабар ретінде Жер комиссиясы мүшелерінің жер реформалары ашықтығының әртүрлі жақтары мен қырларын өз сөздеріне арқау ете бастауы. Олардың қатарында ұлттық және азаматтық қоғамның белді мүшелері Мұхтар Шаханов, Мұрат Әбенов, Мұхтар Тайжан, Дос Көшім сияқты азаматтардың жерге байланысты көптеген мәліметтер жабықтығын айтып бағуда. Мұрат Әбенов жер комиссиясы Жер кодексіне өзгертулер енгізер алдында әуелі ол туралы толық зерттеу жүргізу керектігі жөнінде де сөз қозғады.
«Ауыл шаруашылық жерлерін жалдау туралы» арнайы заң қабылдау – уақыт талабы
Біріншіден, қазіргі кезде ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің 98,7 пайызы жалға берілгені белгілі, ал белгісізі – ол жерлерді кім жалға алғаны және ол қанша жерді жалға алғаны. Яғни, бүгінгі күні ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің 98,7%-ы жалға беріліп отырған болса, оның кім екенін және қанша жерді жалға алып отырғанын биліктің халықтан жасырып отырғаны, елімізде жүріп жатқан жер реформаларының ашықтық деңгейінің бірден-бір көрсеткіші емес пе?
Екіншіден, жалға беріліп отырған жерлер мемлекеттің меншігі болып табылады. Қазақстан Азаматтық кодексінің 188 бабы «Меншік құқығы және оның құқығы» деп аталған. Бұл баптың 1-ші тармағы бойынша: «Меншік құқығы дегеніміз субьектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиісті мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы». Мемлекет жерді жалға бергенде, жалға беруші ретінде оның айналымын елдің, жердің, қоғамның, мемлекеттің, ауыл шаруашылығының экономикалық, әлеуметтік және басқа да даму бағытына орай реттеп отыруына құқылы. Осы жерде бір айтатын нәрсе: кім мемлекеттің қанша жерін жалға алып отыр деген мәлімет қалай «құпия» болады? Үшіншіден, мемлекеттің меншігіндегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің жеке және заңды тұлғаларға жалға беру мерзімі соңғы кезге дейін жабық мәлімет болатын. Оның жариялануы Жер комиссиясының жұмысы басталғанымен сай келді. Шамасы, үкіметтің Жер комиссиясын ақпараттық камтамасыз етуіне байланысты жұмысының оң нәтижесі болар. Осы ашылған мәліметтерге қарасақ, Қазақстан бойынша 254 932 жер участогы жалға берілген. Оның негізгі бөлігі, яғни 236 749 жер участогі 25 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге екен.
Қазіргі кезде еліміздегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерінің 98,7 % пайызы жалға беріп пайдаланылуда. 2003 жылы ҚР Жер кодексі қабылданға дейін бұл көрсеткіш 100 пайыз болатын.
Жер кодексі нормаларының тәжірибеде іске асуын талдау және жер комиссиясының жердің жалға беру бойынша қордаланған мәселелерді анықтап, оны жетілдіру бойынша құнды ұсыныстар жасауы, бір үлкен мәселенің бар екенін айқындап отыр. Ол ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы арнайы заң қабылдау қажеттігі.
Біріншіден, Жер кодексінде ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы мәселесіне бір-ақ бап арналған. Әдетте мұндай жағдайда біздің үкімет жалға байланысты сұрақтарды әртүрлі заңдық емес нормативтік актілер арқылы реттеп отыратын. Қарап отырсақ, үкімет бұл мәселені осы жағынан толық қамтамасыз етпеген. Яғни, ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру бойынша туындайтын көптеген сұрақтар жалға беруші мен жалға алушылардың құзырында қалған. Дәлірек айтқанда, бұл жерде әкімдерге бар билікті беріп қойған сияқтымыз. Бұндай жағдайда "қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса" деген қағида жұмыс істейтінін естен шығарып алғандаймыз. Соны пайдаланып, әкімдеріміздің жер мәселесін үлкен коррупция ошағына айналдырғаны ешкімнен жасырын емес.
Екіншіден, жерді жалға берген кезде жердің меншік иесі мемлекет болып қалатынын бәріміз білеміз. Біле тұра сондай маңызды да, әрдайым көзден таса қылмайтын және оны ұдайы бақылап отыратын обьектіні, мемлекеттің қөз қырынан шығарып алғанымыз еліміз бен халқымыздың мүдделеріне сай келетін жай емес. Бұл жерде ең кемінде ауыл шаруашылық жерлерін жалдау туралы арнайы заң керектігін уақыт та, тәжірибе де, мемлекетіміздің мүддесі де талап етіп отыр.
Үшіншіден, Ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы арнайы заң қабылдау туралы әңгіме кеше Жер кодексінің жобасын талқылап жатқан кезде шыққан болатын. Жер кодексінде бұл мәселеге бір-ақ баптың арналғанының түп себебі осы. Білетін адамдар осылай түсіндірген болатын бұл мәселені.
Төртіншіден, жаңа заңды дайындау, біздің ойымызша, көп уақытты талап ете қоймас. Оның негізі ретінде осы күнге дейін ҚР ауыл шаруашылық министрлігі мен Жер комиссиясында дайындалған ұсыныстарды алуға болады.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылық жерлерін жалдау туралы туралы арнайы заң қабылдау уақыт талабы деп санаймыз.
Ашықтық дегенімізге де аз уақыт болмады
Жалпы, жер реформасына қатысты ақпараттың ашықтық деңгейі, дәлірек айтсақ жабықтығы, бүгін пайда болған мәселе емес. Мысалы, қазіргі кезде қолданыста жүрген Жер кодексінің қалай жұмыс істеп жатқандығы туралы мәлімет өте аз. Заң қабылданғанына 13 жылдан уақыт өтсе де, көп мәлімет жабық күйінде. Мысалы, жоғарыда айтылғандай, қанша адам және кім жер сатып алды, сатып алғандар заңды тұлға ма, жоқ, жеке тұлға ма, сатып алса, әрқайсысы қанша гектардан алды деген сауалдардың басы ашық тұр. Еш ақпарат жоқ. Жер туралы Кодексте заңды тұлға қанша гектар алуына болады, жеке тұлға қанша ала алады деген белгілі бір шектеулер бар болатын. Осы шектеулер қалай орындалуда? Білмейміз. Осы Жер Кодексінің қалай жүзеге асырылып жатқандығын ғалым ретінде зерттеп көрейік десек, бұрынғы Жер ресурстарын басқару агенттігі оны монополияға айналдырып алған. Ешбір ғылыми-зерттеу институттарына ондай тақырыптарды бермейді. Бүкіл ақпарат, өздерінің арнайы институты бар, Мемлекеттік жер ғылыми-зертттеу орталығы деген, тек соған ғана беріледі, басқа институттардың құқығына шектеу қойылған. Яғни, тақырыптың өзі монополияға айналып кетіп отыр. Оның үстіне, жоғарыда айтылғандай Жер кодексі жұмыс істегеніне биыл аттай 13 жыл болды. Осы мерзім ішінде Үкімет бір рет те парламент алдында бұл кодекс қалай жұмыс істеуде деп есеп берген жоқ. Ондай есепті Үкіметтен парламент те сұраған жоқ.
Кім қанша гектар жер тегін алды?
Жоғарыда айтылғандай, еліміздің ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерінің бүгінгі күні ресми мәліметтер бойынша 1,3 млн га жеке меншікке сатылған, яғни бүкіл жердің 1,3 пайызы ғана. Менің ойымша, жеке меншікке сатылған ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі туралы ақпарат үлкен күмән тудырады.
Енді елімізде осы күнге дейін қанша гектар ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншіктің қолына өтті деген сауалды қарастырайық. 2003 жылы Жер кодексі қабылданған кезде, оның 170-ші бабының 3-ші пункті төмендегіше жазылған болатын: « Мәмілелер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейін сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары, осы кодекс қолданысқа енгізілген кезден бастап, осы кодексте белгіленген жер учаскелері нормаларының шегінде жекеменшік құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерінің меншік иелеріне айналады».
ҚР Жер кодексі бойынша жер мемлекеттік меншіктен жеке меншікке тек сату арқылы өтетіні белгіленген болатын. Сөйте тұра, Жер кодексiнiң 170-бабының 3-тармағында 2003 жылғы заң қабылданғанға дейiн жердi тұрақты және уақытша пайдалануға алған адамдар үшiн жердiң тегiн берілетіні айтылған және заңдастырылған. Осы адамдар ғана жердi тегiн иеленуге мүмкiндiк алды. Оларға осы бап бойынша кемінде шұрайлы деген 4,5-5 миллион гектар жер тегiн берiлдi.
90 жылдардың соңына қарай Қазақстанда ең шұрайлы деген 31,7 миллион гектар бар едi. Оның 57 пайызы Қостанай, Солтүстiк Қазақстан және Ақмола облыстарында орналасқан. Астық шығатын негiзгi аймақтар да осы облыстарда. Ендi қараңыздар, 2003 жылғы жер кодексiнің жобасын лоббист ретінде әзірлеткен – «Аграрлық» партия болатын. Бұл партияны қаржыландырған iрi астық компаниялары. Мiне, осылар ең шұрайлы жерлердi бiр теңге төлеместен қанжығаларына байлады. Елдiң ақша төлеп қолы жетпеген жерлерін осы компаниялар көк тиынсыз-ақ иеленiп кеттi. 1990 жылдары бiздi билiктiң оңбай алдағанына сонда көзiмiз жеттi. Сол жылдары қабылданған заңдар бойынша, мемлекет жердi пайдалану құқын ғана сататын. Жердiң иесi – мемлекет едi. Билік сонда «біз тек пайдалану құқығын сатып жатырмыз, ал жердің өзі сатылмайды, ол мемлекеттің меншігінде қалады» деген болатын. Демек, билiктегiлер қалталыларға жердi пайдалану құқығын сатып, 2003 жылы жер кодексiн қабылдау арқылы ол жерлердiң жеке меншікке өтуін заңдастырып берді. Барлық мәселе алдын ала келiсiлгенi көзге ұрып тұр.
«Қостанай облысында 217 мың гектар жер сатылды» дейді, ал ресми мәлімет - 21 мың гектар
Бір «қызық» мәліметке назар аударайық. 2007 жылдың 15 қарашасында жарияланған мәлiметтерге сүйенсек, осы кезге дейiн ауылшаруашылығы мақсатындағы 86 млн гектар жердiң 499,4 мың гектары сатылған. Оның 306 мыңы - Алматы облысында, 16 мыңы – Ақмола облысында, 12 мыңы – Ақтөбе облысында, 21 мыңы – Қостанай облысында және 20 мыңы – Солтүстiк Қазақстан облысындағы жерлер. Баспасөзде «Қостанай облысында 217 мың гектар жер сатылды» деген мәлiмет таратылды. Ал бiздiң қолымызда осы облыста небәрi 21 мыңы сатылды деген ресми ақпарат бар. Сонда қалған жерлер қай уақытта сатылып кеткен? Оны сатып жүрген кiмдер? Бұл тегiн берiлген жерлер екенi түсiнiктi шығар.
Осы айтылған мысалдан шығатын қорытынды мынау. Халық жердiң кiмге сатылғанын, қаншаға берiлгенiн және қанша жердiң жеке меншiкке өткенiн бiлуi керек. Жер саудасы құпиялылықтан арылуы керек. Жер кодексi ат төбелiндей олигархтардың, астық компаниялардың мүддесiн қорғау үшiн қабылданған. Жер кодексi қабылданбай тұрып бiз астық компанияларының тiзiмiн жариялап, кiтап шығарғанбыз. Ол кезде ұсақ компаниялардың саны өте көп болатын. 2003 жылдан кейiн олардың саны күрт қысқарып, iрi компаниялар пайда болды. Соңғы жылдары айналдырған бес компания елiмiздің экспортқа шығаратын астығының 50 пайызын беретiн деңгейге жеттi. Бес-ақ компания! Демек, Жер кодексi солардың мүддесiнен толық шығып отыр. Олардың әрқайсысында бiр миллион гектар жер бар. Бұрынғы депутат Ромин Мадиновтың компаниясының иелiгiнде 700 мың гектар жер бар. Оған қарасты холдингтiң құрамында 50-ге жуық серiктестiктер бар екен. Екi-үш облыста элеваторлары да бар. Ресейдiң өзiнде бiрнеше мың гектар жерге Мадинов мырза қожалық етуде. Солтүстiк Қазақстан облысында Мәскеу мэрi Лужковтың жұбайы Батуринаның 12 элеваторы бар. Қазiр жұмыс iстеп отырған жер кодексi осы сияқты қалталылардың ойынан шығып отырғанға ұқсайды. («Жас Алаш» газетінде 2008 жылдың 15 шілдесінде жарияланған мақаламнан ).
Ашық болдырмаудың жолдары
Жерге қатысты ақпараттардың ашық еместігін билік қандай жолдармен камтамасыз етіп отыр деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Меніңше, жер иелерінің ашық болмауының, дәлірек айтқанда, оларды халықтан жасырудың жолдары әртүрлі.
Бірінші. Жерге қатысты заңдарда ақпараттық ашықтық туралы нормалардың болмауы.
Екінші. Жер және тағы да басқа меншік иелеріне қатысты заңдарда бұл туралы ақпараттардың жабықтығы заңмен қамтамасыз етілуі. «Жердің ірі иеленушілер туралы ақпарат мемлекеттік құпия қатарына жатады. Ол туралы арнайы заң бар. Жер иелері туралы ақпарат олардың келісімімен ғана жарияланады екен. Еліміздің үлкен қалталылары, үлкен ұрылары өз жағдайларын жақсы қарастырған екен. Ондай әділдік, абыройдан жұрдай заңды о дүниеге аттандыру керек. Мәселен, барлық таулардың етектері, шұрайлы жерлері үлкен билік басындағылардың жақын туыстары, інілері, қыздары жекешелендіріп алған. Егер ол мәліметтер жарияланса, миллион гектар жер иеленген Терещенконың өзі далада қалуы әбден мүмкін. Бұл тұрғыдағы шындық ашылмай елімізді үлкен қауіпке бөлеген жер мәселесінің шешілуі мүмкін емес», - дептi Мұхтар Шаханов (qamshy.kz).
Үшінші. Тәжірибеде қалыптасқан, заңдарымыз «рұқсат беретін» жабықтықты қамтамасыз ететін жолдың біріне еліміздегі сан мыңдаған, миллиондаған жері бар олигархтардың өз аттарына тіркемеуі жатады.
Төртінші. Жер иелерін жасырудың жаппай тараған жолы - оффшорлық зоналарда компанияларды тіркеу. Оның бірден-бір мақсаты компанияның иелерін жасыру екені белгілі. Ал олар неден жасырынады? Ең алдымен халықтан жасырып, билікте отырған кездерінде қызмет бабын пайдаланып, әртүрлі жолдармен жекешелендіріп алған жерлерін сырт көзге көрсетпеу үшін деп ойлаймыз. Қазіргі кезде елімізде мүлік және катитал амнистиясы жүріп жатыр. Оның мерзімі жыл соңына дейін созылған. Бұл амнистия арқылы осындай жерлерді заңдастырып алады. Осымен үшінші рет өткізіліп жатқан бұл амнистияға билік те, жасырын капитал иелері де әбден дәнігіп алған сияқты. Елбасымыз бұл соңғы амнистия деп қадап айтқаны, кейбіреулерге ұнамай жатқан сияқты. Олардың көкейіндегі мақсаттары мүлік пен капитал амнистиялары жалғасын тапқаны болар. Осы ниеттердің бастауы, кеше ғана кейбір депутаттардың жаппай декларацияны енгізу уақытын созу керек деген ұсыныстарының ар жағында келесі амнистияларды өткізуге дайындық па деген ой келеді.
Бесінші. Бізде тәжірибеде қалыптасқан, жер иелерін жабық етудің басты жолы – ол туралы халыққа ештеңе айтпау; яғни сатылған жер туралы мәліметтерді жасырын ұстау. «Жердің біраз бөлігі әлдеқашан сатылып қойған. Тіпті мынау Төлеби ауданындағы ең шұрайлы Қасқасу деген жердің біраз бөлігін біреулер жекешелендіріп алған. Онымен қоймай, ол жерлерді арабтарға жалға беріп тастаған. Соның кесірінен қазір жергілікті тұрғындар малын жая алмайды, емін-еркін кіріп-шыға алмайтын болды. Ал енді осы сияқты мәселе барлық өңірде кездеседі. Бірақ ол нәрсе еш жерде ашық айтылмайды» - деді Жер комиссияның мүшесі Мұқтар Шаханов ( ULT..KZ).
Қызылорда облысында өткен жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның отырысында журналист Жанарбек Әшімжан: «Райымбек ауданының өзінде барлық жерді төрт-ақ адам бөліп алған. Ел қыстаудан жайлауға көше алмайды. Жолға дейін меншіктеп алған», – деді ( Baq.kz).
Алтыншы. Шындыққа сай келмейтін мәліметтер жариялау. Бұның екі түрлі себебі болуы мүмкін. Бірі – жерге қатысты мемлекеттік органдардың ескі мәліметтерді жариялауы, екіншісі – әртүрлі себептермен жасырғысы келген мәліметтерді жарияламау.
Ашықтыққа қарсы заңдарды өзгерту қажеттілігі
Жоғарыда атап өтілгендей, жер иелерінің ашық болмауының, дәлірек айтсақ, олардың жабықтығының басты себептерін ең алдымен қабылданған және осы күні жұмыс істеп тұрған заңдардан іздеген жөн. Жер комиссиясының Қызылорда қаласында өткен отырысында Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі әрі үкімет басшысының орынбасары Асқар Мырзахметов осы туралы былай деген еді. «Бұл мәселе бұған дейінгі отырыстарда да көтерілген. Ал, енді, ол тізім (ірі жер иеленушілері – авт.) қазір міне толық анықталуға жақын. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Біз енді заңды да ескеруіміз қажет. Заңда айтылған, ол меншік иесенің келісімі болса, сонда ғана оны жариялауға болады, яғни ол жерде белгілі дәрежеде шектеу бар. Қазір біз сол жөнінде келісіп жатырмыз. Егер олардың келісімі болған жағдайда оны жариялауға болады. Ал егер келісім болмаған жағдайда заң жағынан белгілі бір проблемалар туындауы да мүмкін».
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ірі жер иеленушілері туралы ақпарат құпия мәліметтерге жатады. Бұл жерде, менің ойымша, қазіргі жұмыс істеп тұрған заңдар жеке бір адамдар мен олардың белгілі бір топтарының мүддесі үшін жасалған. Егер ондай заңдар ауылшаруашылық жерлері иелерінің аты-жөнін, олар қанша жер сатып алғанын жариялауға кедергі келетін болса, ондай заңдарды өзгерту керек. Соңғы жылдары еліміз бен әлем елдерінде ашықтық пен жариялық қағидалары басымдық ала бастағаны халыққа белгілі. Елбасымыздың бес институциялық реформаларының бастауында да сол қағидалар тұрғаны белгілі. Бұл біріншіден.
Екіншіден, жер жекеменшікке сатылғанда мемлекеттің, яғни халықтың меншігі сатылды. Неге сатылған жер, оның жаңа иесі халықтан жасырын болуы керек?
Үшіншіден, неге билік ат төбеліндей топтың мүддесін қорғауға ынталы бола береді? Елбасының арнаулы тапсырмасымен құрылған Жер туралы комиссия жерге байланысты пайда болған, жер реформасының алға басуына кедергі болып тұрған, халық пен биліктің арасын ажыратып тұрған мәселелерді шешу үшін құрылған емес пе еді? Енді ат төбеліндей топтың мүддесі үшін жалпы халқымыздың мүддесін жерге таптаймыз ба? Яғни, ат төбеліндей латифундистердің құқығы бар да, саны 18 миллионға жуық Қазақстан халқының құқығы жоқ болғаны ғой?
Меніңше, бұл жағдайда осы күнге дейін жеке меншікке сатылған ауылшаруашылық жерлерін мемлекеттің меншігіне қайтару керек, яғни национализация жасау керек. Бір жағынан, бұл шара жерді бөліп алған билік иелеріне ұнамасы айқын. «Өз» жерлерінен өз қолымен айрылмайтыны да анық.
Тағы бір анығы – мемлекеттің қолында осындай «қару» бар екендігі. Басқа жол қалмаса осы жолды қолдануды ертең халық сұрайтыны. Екінші жағынан, жеке меншікке өткен ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді национализациялау туралы шешім кабылдау еліміз үшін таңқаларлық жағдай емес деп ойлаймын.
Біріншіден, 2007-2008 жылдары тығырыққа тығылған жүйе құрушы банктерді құтқару үшін үкімет Ұлттық қордан 10 млрд АҚШ долларына олардың акциияларын сатып алған болатын.
Екіншіден, национализациялауды кез-келген мемлекет ұлттық және мемлекеттік мүдде үшін қолданатын құрал болып табылады. Мысалы, өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары көптеген Батыс Европа елдері мемлекет меншігінің үлесін көтеруге пайдаланған болатын.
Үшіншіден, қазіргі кезде жеке меншікке өтіп кеткен жерлердің көлемі аса көп емес. Ол бар болғаны 1,3 % ғана. Ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу, билікте саяси жігер болса үлкен қиындық тудыра қоймас деп ойлаймын.
Төртіншіден, біздің мемлекетімізде национализация жасау туралы заң бұрыннан бері дайындалып, уақытын күтіп тұрған сияқты. Бесіншіден. Жоғарыда айтылғандай, елімізде национализация жасау банктерді құтқару үшін, яғни ақшалыларды ақшаларынан айырмау үшін қолданылса, бұл жолы жалпы халыққа жерін қайтарып беру үшін қолдану үшін пайдалануы бек мүмкін.
Ашықтық болмауының себептері туралы
Жерге қатысты ақпараттардың жабық болуының қандай себептері бар деген сұрақтар қарастырылып отырған мәселенің келесі бір бөлігі болып табылады. Ең алдымен, бұл ақпараттар кімнен құпия? Әрине сатқан және сатып алған адамдар үшін ондай мәліметтер құпия емес. Билікке де олар құпия емес. Яғни, олар жалпы халық үшін ғана құпия. Неге? Бұл жерге қатысты көптеген ақпараттың жабық болуы кімге қажет, кімге тиімді?
Жерге байланысты ақпараттардың ашық болмауының себептерін қарастырып көрейік. Біріншіден, Мұқтар Шаханов ағамыз айтқандай, «Егер ол мәліметтер жарияланса, миллион гектар жер иеленген Терещенконың өзі далада қалуы әбден мүмкін. Бұл тұрғыдағы шындық ашылмай елімізді үлкен қауіпке бөлеген жер мәселесінің шешілуі мүмкін емес».
Екіншіден, билікпен қабысып кеткен бизнес өкілдері де, яғни олигархтарымыз да жерден «өз үлестерінсіз» қалмаған сияқты. Үшіншіден, жердің негізгі бөлігін өздерінің қалауынша» бөліп алған атақты да аттары белгісіз де болып отырған ірі жер иелері. Оларды өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері халық латифундистер деп айтып келеді.
Төртіншіден, жергілікті әкімдер. Жердің «қазаншысы» болған олардың қанжығасындағы жер туралы мәліметтердің жасырын болуына мүдделі емес деп қалай айтасың. Оның үстіне, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» қағидасымен жұмыс істеуге мүмкіндігі болған әкімдер өздеріне берілген жер туралы құқықты қалай пайдаланғанын көрсетер ашықтық үдерістерін қалай қолдай қойсын.
Ашықтықты қамтамасыз ету жолдары
Жерге қатысты ақпараттың ашық еместігі, қазіргі кезде елімізде «жер дауына» байланысты қалыптасқан әлеуметтік шиеленістердің бірден-бір себебі болып табылады. Бұл даулар билік пен халықтың арасын ажыратып, халықтың билікке деген сенімі мен үмітін азайтқаннан басқа не әпереді?
Соңғы жылдары бүкіл өркениеті елдерде бастау алған ашықтық үдерістері бізге де жат емес. Өйткені, біздің билік те бұл мәселе бойынша елімізде қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін алғашқы жұмыстарды да бастап жатқан сияқты. Осы орайда, бізге жерге қатысты ақпаратты да ашу қажет.
Бұл жерде, ең алдымен Жер кодексіне арнайы бап енгізіп, ол бапта жер туралы қандай ақпараттар мен мәліметтер ашық болуы белгіленуі керек.
Екіншіден, жерге қатысты нормативтік актілерді жоғарыда аталған ашықтық талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатымен қайта қарап өткен лазым.
Үшіншіден, жердің инвентаризациясын ашықтық тұрғысынан қайта бір қараған артықтық етпес еді.
Төртіншіден, жер кадастрын ашық етіп дайындау керек.
Жалпы, елімізде жерге қатысты, оны құқықтық жағынан реттейтін ҚР Жер кодексінің, өткен жылдың қараша айында оған енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың бірден-бір осал тұсы – олардың ашық еместігі, жалпы халықтан жасырын екендігі. Оның басты себебі, ол ақпараттардың жалпы Қазақстан халқының емес, « ат төбеліндей» топтың мүддесін қорғауында деп ойлаймыз. Қазір Елбасымыздың шешімімен арнайы Жер реформалары жөніндегі комиссия жұмыс істеуде.
«Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз», - деген болатын Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев. Бізге де керегі сол.
Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеулер
институтының директоры,
экономика ғылымдарыныңдокторы,
профессор Тоқтар Есіркепов
Abai.kz