ДИЗЕЛЬДІК ОТЫН БАҒАСЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖОЙЫЛАДЫ
Жыл сайын астық жинау науқаны таяғанда жанар-жағармай мәселесі өзектілене түседі. Астық жинау жұмыстары кезінде ауылшаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау шаралары осы энергия көздерімен қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығына егіс жұмыстарын жүргізуге арналған дизельдік отын жеткізуге мемлекет тарапынан басымдық беріліп келді.
Атап айтқанда, «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға сәйкес, көктемгі-күзгі егіс жұмыстары кезінде ең алдымен ауылшаруашылық өндірушілері, одан кейін Қазақстан темір жолының жылжымалы құрамы, түрлі деңгейдегі әкімдіктерге осы отын түрі басымдықпен бөлінеді. Республика бойынша дизельдік отынды орташа жылдық тұтыну шамамен 4,5 млн. тоннаны құрайды. Оның 4 млн. тоннасы отандық мұнай өндірушілердің, ал 0,6 млн. тоннасы импорттың үлесінде. Биылғы жылы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арнап көктемгі егіс жұмыстары үшін 366,8 мың тонна және егін жинау науқаны үшін 391,6 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Жөнелтілім төлемақыға сәйкес дер кезінде жүргізіледі.
Биылғы жылы ҚР Энергетика министрлігі 2016 жылы шаруалар үшін егіс жұмыстарына арналған дизельдік отынның көтерме бағасы литріне 79 теңге болады деп мәлімдеді, ал бөлшек сауда бағасы литріне 99 теңгені құрап отыр. Яғни, ауылшаруашылық өндірушілері алатын баға жалпы дизельдік отын бағасынан біршама арзан. Бірақ, соның өзінде ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне осы дизельдік отынды жеткізу мәселесінде түйткілдер аз емес. Айталық, Қазақстанда жанар-жағармай түрлерінің бағасы көрші елдермен салыстырғанда анағұрлым арзан екені белгілі. Сол себепті дизельдік отын мен АИ-80 маркалы бензинді көрші Ресей мен Қырғызстанға жөнелту фактілері белең алды. Әсіресе, көрші елдер мен Қазақстандағы бөлшек саудадағы бағаның айырмасы үлкен, біздің жанармай құю бекеттерінде – 99 теңге болса, Ресейде – 189, Өзбекстанда – 239 теңге (бұл бағалар үздіксіз өсуде). Осыдан келіп, еліміздің солтүстік аймақтары арқылы Ресейдің шекаралық облыстары арзан өнімді сатып алуға мүдделі. Сондықтан да солтүстік облыстарда жанар-жағармай тұтыну көлемі басқа өңірлерлен жоғары болып отыр. Айталық, Павлодар облысы жалпы дизельдік отын көлемінің 11%-ын, Атырау облысы 10%-ын тұтынады (басқа облыстар 5-7 пайыз көлемінде).
Осыған орай, таяуда ҚР Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 19 мамырдағы «Мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасын белгілеу туралы» бұйрығына өзгертулер енгізу туралы бұйрығының жобасын жариялады. Атап айтқанда, бұйрықтағы дизельдік отын бағасын бекіту туралы сөйлем алынып тасталды. Бұйрық жобасы жарияланған 2016 жылдың 19 шілдесінен бастап он күн ішінде құжаттағы өзгертулер талқыланып, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан түсіндірме берілуі күтілуде. Егер де бұйрық жобасына түбірлі өзгертулер мен ұсыныстар енгізілмейтін болса, жоба осы мәтінде бекітілмек.
Министрліктің түсіндіруінше, дизельдік отын бағасын реттеуден бас тартқанның өзінде ауыл шаруашылық өндірушілері сол көлемде, сол жеңілдікті бағамен, яғни дизельдік отынның бір литрін 79 теңгемен сатып алатын болады (жылына 700 мың тонна). Биылғы жылы елімізде дизельдік отын жетіспеушілігі жоқ екендігін ескерсек, ауылшаруашылық тауар өндірушілері бұйрықтағы өзгертулерден зиян шекпеуі тиіс. Өйткені, қалай болғанда да мемлекет бағаны қатаң бақылауда ұстайтын болады. Осылайша, бағаны мемлекеттік реттеуді жою ішкі нарықтағы дизельдік отын жетіспеушілігінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Abai.kz