МАҚТАРАЛДЫҚ ДИҚАНДАР ПАЙДАҒА КЕНЕЛУДЕ
Бүгінгі таңға ауданда 277,0 га жерге бидай, 20 га жерге арпа, 3416,0 га жерге жаңа жоңышқа, 83481,0 га жерге мақта, 5538,0 га жерге түрлі көкөністер, 23615,4 га жерге бақша, 753,0 га жерге картоп, 10358,8 га жерге дәндік жүгері, 487,0 га жерге күнбағыс, 2094,5 га жерге күріш, 158,0 га жерге сүрлемдік жүгері, 140,0 га жерге маш, 32,0 га жерге фасоль, 8,0 га жерге соя, 28,6 га жерге жаңа жеміс-жидек, 58,6 га жерге жаңа жүзім егіліп отыр. Көп жылдық екпелердің үлесі 8122,5 га (оның ішінде: ескі жоңышқа 7003,0 мың га, жеміс-жидек 474 га, жүзім екпелері 645,5 га) жерді құрайды.
Биылғы жылдың өніміне ерте егілген көкөністерден, бүгінге дейін: қырыққабаттан 75 108,0 тн, пияздан 498,0 тн, сәбізден 93,0 тн, асханалық қызылшадан 235 тн, болгар бұрышынан 182,0 тн, қызанақтан 2068,0 тн, қиярдан 1759,0 тн қарбыздан 56047,0 тн, қауыннан 17499,0 тн өнімдері алынып, алынған өнімнің басым көпшілігі Қазақстанның барлық өңірлерімен қатар, Ресей және Беларусь нарығына шығарылуда. Соның ішінде қазіргі таңда қауын мен қарбыздың саудасы қызып тұр. Әсіресе қауын еккен шаруалар қыруар пайдаға кенелуде.
Диқандардың айтуынша Ресей елінде қауынға деген сұраныстың әсерінен өткен жылмен салыстырғанда баға тұрақты, көңіл көншітерлік. Жеке кәсіпкерлер жергілікті қауын мен қарбызды қабылдайтын нүктелерде қауынның 1 килограмы 100 тенгеден, ал қарбызды 25 тенгеден сатып алуда. Қауын мен қарбыз артылған жүк көліктерінің басым көпшілігі Москва, Санкт-Петербург, Самара қалаларына экспортталып жатқандығы, осы қалалардағы сұраныстың жоғары екендігін көрсетіп отыр. Әсіресе егілген қауынның алуан түрлі сорттарының ішінде диқандар арасында «Валет» атымен аталып кеткен түрі ерекше сұранысқа ие.
Аbai.kz