Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Деп жатыр 7983 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 18:14

ДАРИЯ ЖҮСІП, АКТРИСА: ... ҮЙДЕ «КӨКЕМ» ДЕП АЙТАМЫН

— Естуімше, студент кезіңізде топ ішіндегі ең сұлу қыз болған екенсіз. Осы орайда, сізге көз тастап, сөз салушы замандастарыңыздың көп болғаны да анық. Алайда, «Махаббат жас талғамайды» деген емес пе? Бұл сіздің өміріңізде де көрініс тапты. Неліктен Тұңғышбай ағаны өмірлік жар ретінде таңдадыңыз?

— Өнер академиясында оқып жүргенімде ағай бізге 4 жыл сабақ берді. Содан кейін театрда бір-екі жыл әріптес болдық. Студент кезімде сабақты жақсы оқыдым, академияны қызыл дипломмен бітірдім. Кез келген ұстаз үлгілі оқушыны өзіне жақын тартады ғой. Мұны мен өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Шет тілдер университетін бітіргеннен кейін бір-екі жылдай мектепте, институтта сабақ бергем. Студент кезімде ағайдың маған деген жылы көзқарасын байқайтынмын. Негізінде, ағай топтағы барлық қызға сыйластықпен қарайтын. Біз де ағайды қатты құрметтейтінбіз. Бір-бірімізге деген сезіміміз бір-ақ күнде пайда бола салған жоқ. Бірте-бірте, уақыт өте бір-бірімізді тани, араласа келе үлкен сезімдерге ие болдық. Қиындықтар да болмай қалған жоқ. Ағайға тұрмысқа шығатынымды естігенде анам бірден жетіп келді. Туыстарым өте ауыр қабылдады. Ағай анаммен және әкемнің қарындасымен оңаша, ұзақ сөйлесті. Не айтқанын білмеймін, әйтеуір, ағай тілдерін тапты. Академияны бітіргеннен кейін 2 жылдан соң отбасын құрдық.
Жалпы, Тұңғышбайдай азаматқа жар болуым таңдаудан ғана емес, тағдырдан деп білемін. Әйтеуір, мұны сөзбен жеткізіп айта алмаймын…

— Жас айырмашылықтарыңыз қанша?

— 24 жас.

— Тұңғышбай Жаманқұлов сынды өнерде өз орнын тапқан, елге сыйлы азаматты жас бойжеткеннің сұлулығынан бөлек қандай қасиеттері тәнті етті екен деген ой да жоқ емес…

— Оны ағайдан сұрау керек шығар. Негізінде, үй шаруасына пысықпын. Анам ес білгенімнен еңбекке араластырып өсірді. Өздігімнен тамақ істеуді де ерте бастадым. Бұл сұрағыңыздың жауабы ретінде, ағай ең алдымен пысықтығыма қызыққан шығар деп айтқым келеді.

— Тұңғышбай ағаны қайын жұртына қандай күйеубала деп айтуға болады?

— Ағайды жақындарымның бәрі жақсы көреді. Туысқандарыммен де өте жақсы қарым-қатынаста. Әйтеуір, осы күнге дейін араларында қатты сөз болған емес. Ағай менің анамды өз анасындай, туыстарымды өз туыстарындай көреді.

— «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, алғашқы отбасылық жылдары қандай қиындықтар болды? Әйел адамға отбасылық өмірде ең алдымен қандай қасиеттер қажет?

— Әрине, отбасылық өмір қиындықсыз болмайды. Айналадағы жұрттың қаншама жел сөзі де болды. Алайда, солардың бәрі мен үшін аса қиын болған жоқ. Себебі, ағай маған көп жерлерде кешіріммен қарады. Бұл орайда, «Ағай мені қатты жақсы көрді» деу тым қарапайым айтыла салған сөз сықылды болып қалады. Ол кісі маған басқаша сезіммен қарай білді. Мінезінің жұмсақтығынан ба, әйтеуір, бір-екі жылда барлық қиындықтардан өтіп шықтық. Негізінде, әйел адамға ең алдымен жинақылық керек. Бүгін жасалатын тірлікті ертеңге қалдырмаған жөн. Балаларымның сабағын да көзімнен таса қылмай, күнделікті қадағалап отырамын. Өмір күрес қой. Қиындықтардан еш қашып құтыла алмайсың. Сол күрестерде шыдамдылық таныта білу керек. Бастысы – ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл қалдыратын ауыр сөз айтпаса, араларында өкпе де, реніш те болмайды.

— Өмірлік серігі ретінде Тұңғышбай ағаның қандай қасиеттерін ерекше бағалайсыз?

— Ағай — өте балажан кісі. Жауапкершілігі мол. Балалардың да, менің де көңілімді табуға тырысады. «Мен – бақытты әйелмін» десем, жалпылама айтылған сөз сықылды болып қалады. Негізінде, отбасылық өмірдің қыр-сырын жұртқа жария еткенді қаламаймын. Өз жұмбағы болғанын жақсы көремін. Кей әйелдер «Мен сондай кереметпін, күйеуіме күн сайын басымды иіп отыруға дайынмын» деп жатады. Өзім ондай сөздерді айта алмаймын. Бастысы – ағайды қатты сыйлаймын. Шамасы жеткенше бар жағдайды жасап отыр.

— Тұңғышбай ағаны үйде де ағай деп атайсыз ба?

— «Ағай» деп атауға студент кезімнен үйреніп қалғанмын. Жұмыста, жұртпен әңгімелескенде «ағай» деп сөйлеймін. Өзі байқамайды-ау деймін, ештеңе демейді. Ал үйде «Көкем» деп айтамын.

— Әйел адам жарының әрдайым өзіне көңіл бөліп, жылы сөз айтып отырғанын жақсы көреді ғой. Тұңғышбай аға сізге жиі-жиі сыйлық жасап тұра ма?

— Ағай тосын сыйлық жасауды біле бермейді. Дегенмен, менің қалағанымды алып береді. Әшекей, не киім болсын. Ұнатқан затымды 2-3 ай бұрын ағайға айтып қоямын. «Алып бермеймін» деп айтпайды. «Кішкене күте тұр» дейтіні бар. Кейін өзі ертіп апарып, керек затымды алып береді. Жиі-жиі гүл сыйлап тұрады.

— Бір басылымнан Тұңғышбай ағаның алдыңғы жұбайынан туған балалары сізді аналарындай көретінін оқығанмын. Бұл сіздің пейіліңіздің кеңдігінен бе, әлде жарыңыздың көңіліне қарағандықтан ба?

— Екеуі де бар. Бастапқыда арамызда түсініспеушіліктер болды. Ол – қалыпты құбылыс. Уақыт өте келе тіл табысып кеттік. Бүгінде жақсы араласып тұрамыз.

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Дерек көзі: «Жұлдыздар отбасы журналы»

Түпнұсқадағы тақырып: Бір сөйлескеннен-ақ ағай жақындарымның тілін тапты

 

0 пікір