Кентау білім көрсеткіші бойынша ең үздік 100 білім ұясына кіреді
Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді баяндаған қала әкімі жалпы өңірлік өнім 1855 млн. теңгеден 28 447,6 млн. теңгеге жетіп, 16 есеге өскенін айтты.
Ал өнеркәсіп орындары өткен жылы 20715,7 млн. теңгенің өнімін өндірсе, өнім көлемі 25 жылда 17 есе артқан. Сонымен қатар, Кентау қаласы бойынша ҮИИД 2010-2019 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 4411,0 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде жаңадан 335 жұмыс орны ашылды.
Егемендігімізді алған жылдардан кейін қаладағы «Шұғыла», «Болашақ», «Батыс», «Жұлдыз» сынды шағын аудандарда 73192,1 шаршы метрді құрайтын 639 жеке тұрғын үй салынды. Қазіргі таңда сол шағын каудандарға инфрақұрылым (жол, ауыз су, электро желілері, байланыс, кәріз жүйелері) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2012 жылы Елбасы қолға алған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
«Білім көрсеткіші бойынша мұндағы мектептер республикадағы ең үздік 100 білім ұясына кіреді. Балабақшалар саны да артқан. Мерейтойды кең көлемде атап өту мақсатында 300-ден астам іс шаралар өтеді. Бүгінде бұл шаралардың бір қатары шағын ауылдарда аталып өтілуде»,- деді қала басшысы.
Жалпы Кентау қаласы және қала аумағында 2006-2016 жылдары 9,33 млрд теңгеге 47 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда: Бір пәтерлі 22 коммуналдық жеке тұрғын үйлер, 1 бес қабатты 60 пәтерлі үй, 6 типтік мектеп, 4 бала бақша, 4 инфрақұрылым нысандары, 1 су тазарту станциясы, 2 беккари шұңқыры, 4 мал тоғытатын орындар мен 3 малдарды қолдан ұрықтандыру бекеттері және т.б. құрылыстар жүргізілген.
Abai.kz