Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Мәйекті 4207 0 пікір 9 Қараша, 2016 сағат 15:21

ҚАЛАМАҚЫ РЕТТЕЛЕДІ, ҚУАН ҚАЛАМГЕР!

Әр баспа табаққа 150 мың теңге беру қарастырылуда

Жуырда Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Парламент мәжілісінің көшпелі отырысы өтіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыға салынған болатын. Парламент депутаттары бастаған жұмыс тобы отырысының Алматы қаласында өтуі бекер емес. Себебі әсем шаһар еліміздің мәдениеті мен руханиятының мызғымас ошағы, - деп жазады "Түркістан" апталығының тілшісі.

Заң жобасына енгізілген түзетулер көптен бері көптің көңілінде жүрген мәселелерге бағытталған. Атап айтқанда, авторларды қолдау, қоғамдық маңызы бар әдебиеттер шығару және оны мемлекеттік кітапханаларға жеткізу, мемлекеттік сатып алу тетігін жетілдіру, театрлардың, кітапханалардың және өзге де мәдениет ұйымдарының қызметі үшін жағдайды жетілдіру сияқты түйткілдердің күн тәртібінен түспегеніне біраз жылдың жүзі. Әсіресе, қолына қалам ұстаған қаламгерлердің жанайқайына айналған қаламақы мәселесінің мардымсыздығы талай мақалаға арқау болғаны белгілі. Небәрі 2 мың данамен шығатын кітаптың кітапханаларға жетпей, оқырманның қолына тимей қалуы түйткілдің нағыз шарықтау шегіне жеткенін аңғартса керек.

Жиында сөз алған Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева: «Мемлекет үшін мәдени дамуға тұрақты көңіл бөліп отыру – міндет. Бұл бағытта атқарушы үкіметтің де, заң шығарушы парламенттің де бірігіп істейтін жұмыстары баршылық. Әсіресе, бірқатар заңдардың қайта қаралуы мәдени салаға қатысты құжаттардың тез арада жетілдірілуін қажет етуде. Жалпы жұмыстың жемісті болуы – заңдық негіздегі тетіктердің нақты жұмыс істеуіне байланысты. Мәдениетке қатысты да солай. Біздің депутаттық топ мүшелері мәдени мекемелердің статусы, қызметіне қатысты көптеген жаңа нормаларды әзірлеуге қатысып отыр», – десе, Парламент мәжілісінің Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Бекболат Тілеухан: «Былтырғы жылдың күзінде басталған жұмыс тобының отырысы он үш басқосу өткізіп, Заң жобасына жүзден аса түзету енгізді. Яғни, Заң қоғамдық қарым-қатынасты реттеу үшін жасалады. Оның аяққа тұсау болмауы үшін мәселені байыпты түрде қарастыру керек» дегенді жеткізді.

Ал мәдениет және руханият саласының майталмандарының қолына тиген жаңа Заң жобасы осы олқылықтардың орнын толтырмақшы. Мәселен, 3-пункттегі 8-бапта: «Театр, музыка және кино өнері, мәдени демалыс қызметі, кітапхана және музей ісі саласында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады, таратады, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады» деген сөздер «уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қатар, музыка және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі, кітапхана және музей ісі саласында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады, таратады» деген сөздермен ауыстыру мәселесі кеңінен талқыға салынды. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев: «Соңғы үш жылдың өзінде республикамызда 37 кітапхана, 2 театр, 1 музей жабылып қалған. Яғни, мәдени ошақтардың ашылып, жабылуы жөніндегі деректен Мәдениет және спорт министрлігі хабардар болуы керек дегенді құптаймын» деген пікірін айтса, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың да уәжі орынды шықты. «Үшінші пунктті концептуалды түрде қолдауға болады. Әрине, әкімдік белгілі бір өнер ошағын жабу жөнінде министрлікпен келіскені жөн шығар. Алайда бюджет жергілікті әкімдіктің қолдауымен қаржыландырылады. Мұны да ескеру керек. Егер біз қалада балалар бақшасын ашсақ, Білім және ғылым министрлігімен келісімге келмейміз ғой. Әкім ақша тауып, ашқысы келсе, оның бәрін министрлікке айтып отыруымыз қажет пе? Құдайға шүкір, Алматы қаласында мәдени ошақтардың бәрі жұмыс істеп тұр», – деді ол.

Алайда ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің пікірінше, мәдениет саласы өте нәзік идеологиялық сала. «Алматы қаласы – әдебиетіміздің, мәдениетіміздің ірі ордасы. Мәдениеттің өрістеуі, дамуы – мемлекеттік саясаттың бір бұтағы. Алматы қаласы Түркістан қаласына қарағанда өзінің билігі бар, қаржыландыруы бар қала. Ал республика деңгейінен қарағанда, ашылатын мекемеге байланысты жергілікті билік пен уәкілетті орган арасында арнайы келісім болғанның еш сөкеттігі жоқ. Ашылғанын білсе, оның жабылуына қол қоймауға қақысы жоқ», – деді. Осылайша, бұл бап алдағы уақытта қайта пысықтауды талап ететін болды.

Екінші мәселе – кітап шығару және тарату, қаламақы жайы. Бүгінде елімізде баспа ісі, кітап тарату мәселесі кемшін түсуде. Мәселен, кеңестік кезеңде 14 мемлекеттік баспа жұмыс істесе, Тәуелсіздік алған жылдары ірі баспалар жекеменшікке айналды. Мұның салдарынан кітап тиражы күрт төмендеп, қаламгерлер қаламақысы қарабақыр боп қалды. Яғни, автор – баспа – кітапхана – оқырман концепцияның бұзылуы тұтас бір саланың тұралап қалуына ықпал етті. Аудан, ауылдарда кітапханалар жабылып қалды. Мысалы, мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар әдебиет бағдарламасы бойынша жарық көретін кітаптар ең көп дегенде 5 мың данамен шығады. Ал жастар әдебиетінің тиражы өте аз. Айталық, ақын Олжас Қасымның кітабы «Жас толқын» сериясымен «Жалын» баспасынан 2 мың данамен шыққан. Әр баспа табағын 5 мың теңге деп есептесе, бес баспа табаққа 25 мың теңге ғана алғанын айтады. Елімізде 5 мың кітапхана жұмыс істесе, бұл кітаптың барлық кітапханаға жетуі мүмкін емес.

«Әлгінде Олжас Қасым атты жас ақынның сөзін тыңдадым. Жас Олжас, жаңа заманның, тәуелсіз әдебиеттің Олжасы деуге әбден болады! Сол Олжасқа қарап отырып ұялдым. Біз жаңа буынға қандай мұра қалдырдық? Жас Олжастың кітабы 2000 данамен шығыпты. 5 баспа табақ өлеңдері үшін 25 000 теңге қаламақы алыпты. Ол бұған қалай күн көреді? Мемлекеттің қамқорлығын сезінбеген өнер – өгей бала сияқты өмір сүреді. Мен өзім соншама атақты ақын болсам да, тәуелсіздік алған 25 жылда шыққан кітаптарым үшін 1 теңге қаламақы алмаппын. Сол арқылы мемлекет менің кәсіби шығармашылығымның лайықты бағасын бермеген сияқты болып шығады. Иә, маған басқа қызметім үшін ақша төлейді және аз емес. Бірақ мен ақындық еңбегімнің жемісі – өлең жинақтарым үшін лайықты қаламақы алғым келеді. Бұрын жазушы – құрметті мамандық еді. Қазір кәсібилер аз, әуесқойлар көп», – деді мәселеге үн қосқан Қазақстанның Еңбек Ері, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.

Сөйтіп, жаңа Заң жобасында кітап таралымын 2 мың данадан 5 мың данаға дейін ұлғайту мәселесі қарастырылып, қаламгердің қаламақысы артатын болды. Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, бұдан былайғы кезеңде өкілетті орган әлеуметтік маңызды әдебиет түрлеріне берілетін мемлекеттік тапсырыстың шеңберінде, сатып алынатын шығарма үшін төлем көлемін көбейтпек. Демек, қаламгер әр баспа табағына ең аз дегенде 150 мың теңге алады. Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, бюджетті үш жылға есептегенде, әдебиетті шығару және тарату мәселесіне 5 млрд теңге шамасында қаражат кетеді екен. «Яғни, бір жылға 800 млн теңге жобасында қарастырылса, оған қосымша ретінде 1 млрд 641 млн теңге бөлу жоспарлануда. Еліміз дағдарысқа қарамастан, осы ұсынысты қолдады. Қазір үкіметтің қорытындысын күтіп отырмыз. Егер Заң қабылданып, Елбасы қол қойса, сол кезде сүйінші сұрауға болады», – деп түйіндеді ол өз пікірін.

Нұрлан Оразалин, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

– Жаңа заң Тәуелсіздігіміздің 25 жылында іргелі өзгерістерге кеңістік ашады деп сенемін. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 мың данамен кітап шығарып келдік. Ана тіліміз толық аяққа тұрып кете алмай жатқанда оның әдебиетінің оқырманға жетпей жатуы үлкен мәселе. Қазақстандағы көркем әдебиет деген үлкен сала маңайында қордаланып қалған түйткілді шешетін уақыт жетті. Бұрын кітапты тек басып, шығару болса, енді оның жазылуына мұрындық болу қарастырылуда. Жазушы мемлекетпен шартқа отырса, шығармасын сатады. Ол міндетті түрде жарық көреді. Басылған шығарма оқырманның игілігіне айналады деген сөз. Бұл тілді, әдебиетті қорғауға деген қамқорлық. Қаламгер қаламақысы оң шешіліп жатса, рухани өмірімізде жаңа дүниелер пайда болады деп есептеймін. Нағыз кәсіби тұрғыдан әдебиетті дамытқымыз келсек, оған қамқорлық жасау керек.

Динара Мыңжасарқызы

Abai.kz

0 пікір