«ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ ҮЛГІЛІ КӨЗҚАРАС ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ АЙМАҚ»
Бұл туралы қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты Талғат Әбдіжаппаров (суретте) «Sarap Time» сараптау орталығының «Нұрлы жер» - мемлекеттің жаңа тұрғын үй саясаты бағдарламасын талқылауға арналған кезекті отырысында айтты.
- Менің ойымша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері «Нұрлы жер» бағдарламасын дайындауды жүйелі түрде қарастыруы қажет. Халыққа қиындық тудыратын күрделі тетіктер ойлап табудың қажеті жоқ. Әрбір жекелеген аймақта мәселенің маңыздылығы мен ерекшелігін түсіну үшін сіздерге сараптамалық қоғамдастықтармен, аймақ тұрғындарымен тығыз байланыс орнату керек,- деді Талғат Әбдіжаппаров.
Бұдан бөлек, қоғам қайраткері өзінің пікірінше «үлгілі тұрғын үй саясатын» жүргізіп отырған Қызылорда облысын мысалға келтірді.
- Жақсы мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұл мәселе Қызылорда облысында кешенді түрде шешілуде. Биыл Қызылордада 6600 адам жеке тұрғын үй құрылысын салуға қажетті барлық коммуникациясы жүргізілген 10 сотықтан жер телімін алды. Еліміздегі бірде-бір аймақ осындай нәтижелі жұмысымен мақтана алмайды. Осылайша жер кезегінде тұрған 50 мыңға жуық тұрғынның мәселесі бір мезгілде шешілді. Болашақта бұл «Бәйтерек» шағын ауданы болады, - деді Талғат Әбдіжаппаров.
Жер телімі бөлінген кезде ол жердегі инфрақұрылымдық мәселелер де бірден шешілу қажет, өйткені онда мектеп, аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар бой көтереді. Менің білуімше, Қызылорда облысының әкімдігі бұл аумақтың инфрақұрылымын дамыту үшін шамамен 10 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Негізі өзге аймақтар мен қалаларға да тұрғын үй мәселесін шешу үшін осыны үлгі етіп алу керек,- деп Талғат Әбдіжаппаров өз ойын ортаға салды.
Қоғам қайраткерінің сөзіне қарағанда, жер мәселесінен кейін ел тұрғындары билік тарапынан әділ шешім болмайды деген пікірде қалып жүр. Оның ойынша бұл мәселеге бірнеше себеп бар.
- Біріншіден, бұл тегін жер теліміне кезектің көптігімен байланысты. Екіншіден көптеген жер аумақтары коммуникациямен қамтамасыз етілмеген. Бұған қоса, арадағы делдалдар, шенеуніктер жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа бой алдырып, үлкен мәселелер туындап жатады. Бұған барлығыңыз білетіндей, Астана қаласы Қоянды ауылындағы оқиғаны мысалға келтіруге болады. Мұндай мәселелерге бейжай қарамай, міндетті түрде мән беріп қарау керек,- деді қоғам қайраткері.
Естеріңізге сала кетейік, «SarapTime» сарапшылар пікірсайыс клубының кезекті отырысы 27 қазанда Астанада өткен еді. Отырысқа Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Қазақстан құрылысшылар ассоциациясы өкілдері және белгілі сарапшылар мен азаматтық белсенділер қатысты.
abai.kz