ПОЛЬШАДА ҚАЙРАТҚА АРНАЛҒАН ПОШТА МАРКАСЫ ШЫҒЫПТЫ...
Бүгін Елордада 1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында поляк ғалымы, Азияны зерттеу институтының президенті, PhD докторы Владыслав Соколовский Польшада Қайрат Рысқұлбековке арналған пошта маркасы болғанын мәлім етті. Ғалым Желтоқсан оқиғасы туралы 1986-87 жылдары Польшада елуден астам мерзімді басылымда жарияланған материалдарға шолу жасады.
Польшадағы «Ынтымақтастық» (Солидарность) астыртын ұйымы Халық қаһарманы, Желтоқсан оқиғасының батыры Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне 1987 жылдың шілде айында пошта маркасын шығарып тұрған.
Маркада шалқасынан құлап жатқан ер адамның бейнесінің үстінде «Қ.Рысқұлбековке рақымшылық жасалсын. АЛМА-АТА 18.06.1987» деп жазылған. Горбачевтің суретінің астында «Ашықтық қайда!?» деген сұрақ тұр.
— Марканың астыңғы жағындағы жазу поляк тілінен аударғанда «Марканы сатудан түскен табыс «Еркіндік пен бейбітшілік» қозғалысына беріледі» деген жазу,— деді Владыслав Соколовский.
«Осы орайда, Польшаның «Ынтымақтастық» ұйымы туралы да аз-кем айта кетейік. Жұмысы тоталитарлық режимге, коммунистік жүйеге қарсы бағытталған «Ынтымақтастық» Польша кәсіподақтары бірлестігінің қызметі 1989 жылдың сәуірінде ғана заңдастырылған. Қазіргі таңда ол Польша Республикасының кәсіподағы деген атпен жұмысын жалғастыруда. Ұйымның негізін қалаған Лех Валенса 1983 жылы «Адам құқы үшін күрескер» ретінде Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығымен марапатталған» деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің тілішісі Арнұр Асқаров.
Сурет baq.kz сайтынан алынды
Abai.kz