Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5983 0 пікір 21 Қазан, 2016 сағат 15:01

«АБАЙ ЖОЛЫН» КҮРЕСІНГЕ ЛАҚТЫРЫП ТАСТАУҒА ҚҰҚЫ ЖОҚ

«Мен жастайымнан сый-құрметке бөленген азаматпын. Ел мені еркелетіп өсірді. «Махамбет сыйлығының лауреаты», «халықаралық Айтматов академиясының академигі», «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» сияқты атақтардың барлығын бір басыма теліп қойды, тіпті Атырау облысында менің атыммен аталатын «Рақымжан» деген көл бар» деп мақтанған, «атағынан ат үркетін», «еркетотай» жазушымыз Рақымжан Отарбаевтың аузынан дәл осындай  естияр қазақ айтатын пікірді естігенде  ат тепкендей есеңгіредік те қалдық.

Япыр-ай, айдың күннің аманында не түлен түртті екен деп те ойладық. Қазақ әдебиетінің сардары деп жүрген қаламгеріміз ұлттық руханиятымызды жоққа шығарып, қара шаңды аспанға бір-ақ көтергені арқаға аяздай батты. Дана қазақ «Ірік ауыздан шірік сөз шығады» деп осындайда айтса керек деп топшыладық.

Сонымен пәтшағар не деді дейсіз ғой.  «Әдебиет» порталына  сұхбат беріп тұрып:

 «Мен сізге бір қызық айтайын, «Абай жолы» романын ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, мың жерден тықпаласаң да бәрібір оқылмайды. Бай-шонжардың баласының әр жерге барып кеңес қылып, жиын-той өткізгені кімге керек? Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бабалар сөзі» атты 100 томдық еңбек шығарылды деп бұқаралық ақпарат құралдары бөркін аспанға атты. Япыр-ай, деп қайран қалдым. Бабаларымыз қазақты ұшпаққа шығаратын жүз томдық сөз айтып кетсе біз неге осыншама сорлап жүрміз?! Жүз томдық әдебиeтіміз болғанда әлем біздің табанымыздың астында жаншылып қалар еді. Сұрыптап, іріктеп келгенде бабалардың құнды пікірі үш томдық қана болады» деген сандырағы көпшіліктің, соның ішінде біздің де ашу-ызамызды тудырғаны рас.

 «Өнегелі қария болмаса, өнерлі жас қайдан болсын» демекші, алпысты алқымдаған ағамыздың  мынадай «ұр да жық» пікірін естіген жастарымыз қайтпек? Шынтуайтына келсек, «Абай жолы», соның ішінде Абай мұрасы сөз жоқ әдебиеттегі қастерлі тұнығымыз деп есептеймін. Абайдың жырлары уақыт өткен сайын жаңғырып, кеудеңді кеңітіп, санаңа сәуле ұялата түсетін құнды дүниелер екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Ал, Рақымжан Отарбаев пен Мұхтар Мағауин екеуінің арасында  тартыста шаруамыз жоқ. Мейлі, екеуі бірін-бірі түтіп жесін, я болмаса аяусыз сынай берсін. Бірақ, Абайға тиісуге, оның мұраларын аяқ есті етуге Отарбаевқа ешқандай құқық берілген жоқ, берілмейді де. Біз өз кезегімізде «Абай жолын» күресінге тастатып қарап отыра алмаймыз.

Тағы бір айта кетерлік тұсы – «жүз томдық «Бабалар сөзі» бостекі, топан сөздердің жиынтығы ғана, жыраулар мирасының ешкімге керегі жоқ» деген ұғымы да еш қисынсыз.

Осы орайда жазушы-драматург Нұрлан Қари деген азаматтың «Жақында «Бабалар сөзінің» қолыма түскен бір томын оқып бастадым. Мен дүниежүзі әдебиетіне жүзе жүріп, мұндай түпсіз де таңғажайып мұхитқа сүңгіп көрмеппін. Содан кейін, бар қормалымды сатсам да үйімнің төрінде «Бабалар сөзінің» жүз томы түгел тұруы тиіс деп шештім» деп ағынан жарылған, ақ адал пейіліне қалай ғана риза болмассың. Міне, қасиетті мұраны қастерлеген, бағалаған, дәріптеген ұлдың жүрекжарды ойы осындай болу керек.

Ендеше, «Мемлекеттік сыйлыққа ілікпедім» деп, жеке басының бақталастығы жолында құдайшылығынан ажыраған Отарбаевтың орынсыз пікіріне түбегейлі қарсымыз. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат бойыңнан түңілер» деген дана қазақ. Олай болса, өз қазынамызға, асылымызға  руханият маржандарымызға мұрын шүйіре бермейік.

Шынын айту керек, қазақ халқының құнды мұрасын зерттеуге Америка мен Европа ынтығып, білек сыбана кірісіп кетуі жайдан жай емес. Сол себепті де, өзіміздікінің қадіріне бірінші болып өзіміз жете білейік, ағайын.

Тегі, жақсылыққа бастамайтын үрдістің бірі – ұлтыңның руханиятын қаралау деп түсінемін. Мына ер тоқымы бауырына түскен заманды сылтау етіп, басқа шауып, төске өрлеген сақалды ағаларымыздың аузынан жеке басының қам-қарекеті жолында небір тұрпайы пікірлерді де есту қаншалықты әділетсіз, әрі қаншалықты жиіркенішті десеңізші. Жақында танымал қаламгер, жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, жүз жерден тықпаласаң да «Абай жолы» бәрібір оқылмайды» деп халқымыздың прозалық қуатының ересен жеңісі деп бағаланған еңбекті бір-ақ сәтте қара сиямен сызып тастағаны қынжылтады.

  Бұл пікір неше жерден ашынғаннан айтылды десек те, оған келіспейтінімізді бірден баяндаймыз. Қазақ екенімізді мойындап, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік үшін мұндай әпербақандыққа жол бермеуге тиіспіз. Демек, қолдан құрастырылған, жалғанды нәрсені тілге тиек етіп, сәуегейлік танытудың еш қажеті жоқ.

Олай болса, қазақ сөзінің салқарлығын, ойының кеңдігін, рухының асқақтығын танытқан мұраларымызды дәйексіз белден сызып тастауға рұқсат жоқ дегім келеді.

Телібек Қарасартов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534