Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 6850 0 пікір 21 Қазан, 2016 сағат 11:38

«АЛАШТАН ҚОРҚАДЫ... АЛАШ ДЕСЕ, ҰЛТШЫЛ ДЕП ТҮСІНЕДІ»

Қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында Астанадағы Ұлттық музейде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесі болып, көрме аясында Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының 120 жылдығы аталып өткен еді. Осыған орай Қошке Кемеңгерұлының шөбересі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгермен (суретте) әңгімелескен едік.

 

- Биыл – Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы, Қошке Кемеңгерұлының 120 жылдығы, келер жылы Алаш автономиясына 100 жыл толды. Биылғы Алаш қайраткерлерінің мерейтойлары өз деңгейін тойланып, насихатталып жатыр деп ойлайсыз ба?

- Менің пікірімше, аталған меретойлар өз деңгейінде тойланып жатқан жоқ. Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қазіргі кезде Қошкенің атын зиялы қауым, зерттеушілер, тарихшылар, жалпы жұрт біледі. Бірақ, Алаш қайраткерлерінің еңбектері, ел үшін істеген жұмыстары өз деңгейінде насихатталып жатқан жоқ. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Алаш қайраткерлерінің насихаты да күшті болуы тиіс. Ал, Қошке Кемеңгерұлының қазақ театр өнеріндегі істеген еңбегіне келсек, ол кісі қазақтың алғашқы драматургтерінің бірі. Драматургияда есімі аталады. Қошкенің біз білетін жеті пьесасы бар. Сол замандағы газет-журналдарда Қошкенің пьесалары Қызылжарда, Ақмолада, Омбыда қойылғандығы туралы хабарла бар. Мысалы, 1918 жылы шыққан «Жас Азамат» газетінде «Тәліп» қауым жастары 10 декабрьде қазақша спектакль қойды. Тамашаға Қошке Кемеңгерұлы жазған үш шымылдықты «Бостандық жемісі» драмасы мен Міржақып Дулатовтың «Қызыл қашар» фельетоны қойылды» деп дерек келтіріледі. Жиналған қаржы - 2220 сом, 25 тиын. Ол заманда Алаш зиялылары мұндай қаржыларды оқуға мұқтаж қазақ балаларына бөліп берген. Осындай деректер сол кездегі газет-журналдарда көп кездеседі. Мәселен, опера әншісі Ермек Серкебаевтың әкесі Бекмұхамбет Серкебаевтың Қошке Кемеңгерұлының пьесасы туралы жазған естелігі де бар.

- Өзіңіз білетіндей, М.Әуезов театр құрылған жылы ең алғашқы қойылымы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы болды. Осы пьеса мен театрды құрудағы Қ.Кемеңгерұлының істеген жұмыстары жайлы білетін деректеріңізбен бөліссеңіз.

- 1925 жылдың соңына қарай сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов қазақ театрын құру жөнінде комиссия құрып, қазақ даласының түкпір-түкпірінен әртістерді ел астанасы – Қызылордаға жинап, театрдың ашылуына  деп бірнеше спектаклді дайындаған. Соның ішінде театр шымылдығы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен ашылғандығы туралы бірнеше дерек бар. Сол кездегі ресми басылым «Еңбекші қазақ» газетінде «Бүгін мемлекеттік ұлт театрының ашылуы болады. Театр әртістері Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Үзіліс уақытында концерт болады. Театрдың директоры – Дінше Әділұлы» деген хабарландыру берілген. Және Смағұл Сәдуақасұлының «Алтын сақина ойыны туралы» деген мақаласы бар. «Алтын сақинада» кімдер ойнады, қалай ойнады деген сауалдарға өз ой-пікірін жазған. «Алтын сақина» спектаклі 1926 жылдан бастап, бірнеше рет қойылған. Ал, театрда «Еңлік-Кебек» жүрді деп айтылып кету себебі, театр директоры Дінше Әділұлы 1931 жылы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге Бутырка түрмесінде атылып кетті. Сол себептенде көп уақыт театрдың алғашқы қойылымы «Алтын сақина» емес, «Еңлік-Кебек» делініп келді. Алғашқы қошкетанушы Рәзия Рүстембекова, Дихан Қамзабекұлы сынды тарихшылар, зерттеушілер өз еңбектерінде бұл мәселені жазды.

1926 жылы театр ашылғанға дейін театр әрістері «Алтын сақина», «Еңлік-Кебек», «Арқалық батыр» сияқты бірнеше қойылымды дайындаған. Соның ішінде театр шымылдығын «Алтын сақинамен» ашқан. Гүлнәр Дулатова өз естеліктерінде әкесімен бірге осы қойылымға барғанын жазады. Ал, «Алтын сақина» кітап ретінде 1923 жылы шығып, елге тараған. Қошкенің бұдан басқа «Қасқырлар мен қойлар», «Әулие тәуіп», «Ескі оқу» қатарлы драмалық шығармалары бар. ХХ ғасыр басындағы драматургтер қатарында аты аталады. Сол тұстағы сын мақалаларда да айтылады.

- Өткенде Астанада М.Әуезов театр музейінің көрмесі өтіп жатқан Қошке Кемеңгерұлының 120 жылдығына орайластырып, дөңгелек үстел өткіздіңіздер. Осы жиын жайлы айтсаңыз.

- Театрдың негізін қалаған актерлердің портреттері, сахналық киімдер, афишалар басқада театр өнері тарихы үшін құнды эспонаттар көрмеге қойылған екен. Біз Қошке Кемеңгерұлының 120 жылдығын осы көрменің аясында өткіздік әрі тарихи шындық айтылды, «Еңбекші қазақ» газетіндегі хабарландыруды көрсеттік. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев, профессор Сағымбай Жұмағұлов және ұрпақтары, оқушылар, студенттер қатысты. Жамбыл Артықбаев «Алтын сақина» пьесасын тарихшы, әдебиетшілер үшін ғана емес, қазіргі қоғам үшінде маңызы бар драмалық шығарма деп жоғары бағалады. Астанадағы Қошке Кемеңгерұлының аты берілейін деп отырған мектептің оқушылар да келіп, қатысты. Астанада Қошкенің атында көше бар. Енді міне, мектеп әкімшілігі ниет білдіріп, Қошкенің атын сұраған екен. Қазір мораториге байланысты тоқтап тұрған көрінеді. Негізі берілуі тиісті. Жалпы, Қошкенің атында Баянауылда мектеп бар.

- Қошке Кемеңгерұлына қатысты тарихи деректер толық ашылды ма? 

- Жоқ, толық ашылған жоқ. Дихан Қамзабекұлы біраз мұрасын тапты. Бірақ әлі де табылмаған еңбектері бар. Еңбектерінің атын білеміз, мәтіні жоқ. Жалпы, үш томдық еңбегін шығардық. Артында ұрпағы, іздеушісі жоқ, бізге беймәлім қаншама Алаш қайраткерлері бар. Дихан Қамзабекұлы мен Ербол Тілешов құрастырып шығарған «Алаш» қозғалысы деген кітапта тоғыз жүздей адамның есімі аталады. Тоғыз жүз адамды түгел түгендеп, шығарсақ әрине, жақсы болар еді. Бірақ, менің үнемі айтып жүрген бір ұсынысым – екінші жалпы қазақ сьезіне қазақ даласының әр аймағынан келіп қатысқан 82 делегаттың өмірбаянын анықтап, шығармашылық мұрасын түгендеп, айналысқан қоғамдық-саяси істерін зерттесек. Бұл – бір. Екіншіден, Астанада Алаш қайраткерлерінің ескерткіші қойылса, үлкен аллея ашылса.

Алаш туралы көптеген іс-шаралар істеліп жатыр. Алайда, жүйе жоқ. Әркім өзінің білгенінше істеп келеді. Биыл мәселен, Қазақ географиялық қоғам Әлиханның 150 жылдығына орай туған жерінен қайтыс болған жеріне дейін жүріп қайттық. Мұны мемлекет емес,  Қазақ географиялық қоғамы өздері ұйымдастырды. Әлиханның қызмет істеген жері, тұрған жері, отырған түрмесі т.т дүниелерді суретке түсіріп, «Әлиханның ізімен» деп жасадық. Сол сияқты Алашорда үкіметінің 15 мүшесіне де осындай эспедициялар ұйымдастырылса артық болмайды. Алаштың жүз жылдығы да келіп қалды. Бұл той мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде аталып өтуі тиіс. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарда Алашты оқытатын пән енгізіліп, театрда қйоылымдар қойылып, кино түсірілуі қажет-ақ.

Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін Алаштың көзқарасы, Алаштың ұстанымы қазіргі күні бізге өте қажет.

- Осы Алаш ісінің, Алаш мұрасының әлі күнге толық зерттелмей, насихаты кемшін түсіп жатқаны Алашқа күні бүгінге дейін саясаттың салқыны тиіп тұрғанын байқатпай ма?

- Алаштан қорқады... Алаш десе, ұлтшыл деп түсінеді. Алаш десе тек қазақты дәріптейтін қалғанына қырын қарайды деген бір түсінік қалыптасқан. Мұның бәрі жат нәрсе.

«Алыстан Алаш десе, аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын!» дейді Міржақып Дулатов. Алаш дегеніміз, қазақ мәселесі.

«Не көрсемде Алаш үшін көргенім,

Маған атақ Алаш үшін өлгенім

Мен өлсемде Алаш өлмес,

Істей берсін қолдарынан келгенін» дейді Мағжан. Егер біз ұлттық мемлекет құратын болсақ, Алаштан айналып қаша алмаймыз. Алаш біздің шекарамызды айқындады, Алаш біздің пән оқулықтарымызды жазды, Алаш бізге ұлттық баспасөз жасады, саяси партия құрды, автономия алды, театр құрды қай жаққа барсаңыз да Алашқа барып  тірелеміз. Алаш өте үлкен пассионарлық күш болды. Алаш – ұлтты оятқан ренесанстық күш. Абайдан кейінгі кезеңде Алаш шығып, ұлт ұйысты, ұлт ертеңіне сенді, елдік сана пайда болды. Алаштың басында Әлихан Бөкейхан тұрды. Қошке Кемеңгерұлы Әлекең берген бағасында «Басқа жұрттардың көсемдері шетелге кеткенде Әлихан ешқайда қашпай, қазақ ішінде қалды. Бұл Әлиханның қазақты айырықша сүйетіндігінің белгісі еді» дейді. Міне, Алаш бізге осыншама дүнние қалдырып, елін сүюдің, ұлтқа қызмет етудің анық үлгісін көрсетті.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Өміржан Әбдіхалықұлы

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543