Шымкенттің туристік әлеуетінің мүмкіндігі зор
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы аптаның екінші күнінде Шымкент қаласының активімен кездесіп, қала əкімі жəне оның орынбасарларының бүгінге дейін атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.
«Алқалы кездесуде қала әкімі Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі бес жылдық даму тұжырымдамасы жобасындағы бірқатар мәселелер мен жаңа бастамалар туралы баяндады. Өз кезегінде, аймақ басшысы облыстың өсіп, өркендеуі әрқашан қаламен тығыз байланыста екенін айтып, Шымкенттің əлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, қалада білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Шымкентті болашақ үшінші мегаполиске айналдыру бойынша жүктеген міндеттерін əрмен қарай бірлесе жүзеге асыруға шақырды», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Үшінші мегаполист атанудан үміткер Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жылдан жылға жақсарып келе жатқаны белгілі. Сонымен қатар, Шымшаһардың туристік аймақ ретінде даму мүмкіндігінің жоғары екендігіне байланысты облыс əкімі қаланың сырт келбетіне айрықша көңіл бөлу қажеттігіне тоқталып, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен бей-берекет орналасқан жарнамалық бидбордтарды ретке келтіруді жүктеді.
Abai.kz