Қауын-қарбыз мол табыс көзіне айналып келеді
Қауын-қарбыз мол табыс көзіне айналып келеді
Мақталы есептелетін Мақтарал ауданының халқы бір кездері жаппай «ақ алтын» өсірумен шұғылданып кеткен болатын. Бұл жер құнарлығын кемітіп, эрозияға ұшырау қаупін туғызуы да мүмкін болатын. Ғалымдар мен мамандардың дабыл қағуының арқасында бұл үрдіске соңғы жылдары өзгеріс енгізілді. Оның үстіне қауын-қарбыздан да мол пайда табуға болатынын түсінген жергілікті шаруалар бұл өнімге көбірек көңіл бөле бастады. Мақтаралдың мырза шөлінде өскен қауын-қарбыздың дәмі тіл үйіреді. Алысқа тасымалдауға да шыдамды сорттары да бар. Сол себепті оны өткізу де аса қиынға соға қоймайды. Міне, осы секілді ерекшеліктер ескеріле келе соңғы 10 жыл көлемінде Мақтаралда қауын-қарбыз егумен айналысатындар қатары көбейіп, өнім көлемі жылдан жылға артумен келеді.
«Мақтаралдық диқандар биыл 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қарбыз алса, соның 450 мың тоннасын шет ел нарығына шығарған. Бұл гектарынан 263 центнерден өнім алып, өткен жылмен салыстырғанда 25 центнерге артық қауын-қарбыз жинаған мырзашөлдіктер бақша дақылдарын өсіруден Орта Азияның көшбасшысы екендігін дәлелдейді. Мақтаралдың бау-бақша өнімдерінен көл-көсір пайданы ресейлік және беларусьтік кәсіпкерлер де көріп отыр. Оңтүстіктен жеткен қауын-қарбызды осы теріскейдегі көршілер Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалдайды екен»,- деп хабарлайды Мақтарал аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жергілікті қаламгерлер осы сөздеріне дәлел ретінде ресейлік бизнесмен Станислав Каспаровтың төмендегі сөзін келтіреді: «Мақтаралды «Қауын-қарбыздың Отаны» деп санаймыз. Бұл жердің қауын-қарбызының дәмі ерекше тәтті. Сол себепті, Мәскеу мен Минск қалалары осы жердің өніміне тапсырыс береді. Біз осы жерден жеткізіп тұрамыз».
Жергілікті диқандар өндірген өнімдерін экспортқа, яғни Ресей мен Белоруссияға шығаруда кедендік кедергілердің болмауы көп жәрдемін тигізіп жүргенін айтады. Иә, несібесін жерден тапқан шаруалардың шаруасы алдағы уақытта да дәл осылай дөңгелей берсін деп тілейміз. Қазақта «Елде болса ерінге тиеді» деген жақсы сөз бар емес пе? Мақтаралда өскен қауын-қарбызды облысымыздың барлық тұрғындары тұтынумен келеді.
Abai.kz