Шаруалар биыл жылдағыдан мол өнім алып отыр
Минералды суымен атағы алысқа ұзаған Сарыағаш ауданында Кеңес Одағы тұсында жүзім шаруашылығы да кең етек жайғаны белгілі. Кейінгі жылдары жүзім алқаптары жаппай жойылып, шаруашылықтың бұл түрінің қанаты қырқылғандай күй кешкен болатын. Жер жағдайы мен ауа райы жүзім өсіруге қолайлы бұл ауданда соңғы жылдары бұл өнім түрін өндіру қайта қолға алынған болатын. Соның арқасында бүгінде жүзім алқабы 1891 гектарға жетті. Оның өнім беретін 1648 гектарынан шаруалар биыл 13184 тонна өнім алды. Орташа өнімділік гектарына 80 центнерді құраған.
«Жиналған жүзімнің 4 313 тоннасы асханалық болса, 8871 тоннасы техникалық сорттар. Биыл жылдағыдан мол өнім алып отырғандығын айтқан диқандар жиналған 8871 тонна техникалық жүзім сортын аудандағы «Caspian Food» ЖШС-гі мен «Семиречье» ЖШС-нің шарап зауыттарына өткізгенін айтуда. Ал қалған өнім ішкі нарыққа және еліміздің басқа облыстары мен 500 тоннасы Ресей Федерациясына жөнелтілген», - деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сарыағаштық шаруалар былтырғы жылы да 1648 гектар алқаптан жүзім жинап, өнім көлемі 13 мың тоннаға жеткен болатын. Орташа өнімділік 79,2 центнер болған. Биылғы өнім берекелділігі артқан.
Abai.kz