Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 5963 0 пікір 11 Қазан, 2016 сағат 12:44

ЖОСЫҚТЫ ЖЫР, ЗОР ЕКПІН...

(ақын Шәһизада Әбдікәрімов туралы оймақтай ой)

 Шаһизада ағамның шапағатын көрген інілерінің бірі менмін. Ол турасында ұзақ айтуға болады. Алла жазса, оны «Секундант– уақыт, аялда бір сәт, өтінем», деп Шәкеңнің  жетінші мүшел жасына қалдыра тұрайын. Сонда бәрін айтам...

Ақын Шәһизада Әбдікәрімовтің жырларына бертінде оң-солымызды таныған шақта кезіктім. Ақындыққа араласқан албырт жастық желік қанша қысқанымен арыны қатты адуын жырларды елемей өте шығу  мүмкін емес-ті. Сорымызға қарай ол кездері шайырдың  өлеңдерін жер-көктен іздеп табудың өзі мұң болатын. Жауһар жырларын жариялауға келгенде Шәкең де барынша сараң, жыл аралатып мерзімді баспасөзге шыққан өлеңдерін аузымыздың суы құрып, айлар бойы солығымыз басылғанша азық етеміз. «Сараң» дегеннен шығады-ау, кейін байқасақ бұл өзі хас талантқа ғана тән қасиет екен ғой. Шәкең өзі кейінірек: « Екі өлеңіне  еңіреп сыйлық сұраған, Менің қатарым пысық қой» деп жазған да еді. Әр адымын санап басып, алды-артын жинастырып жүретін пәндәуи пысықтықтан ағам әу бастан ада болды. Кәдуілгі тіршілік өлшемдерінен биік тұрған ақын қарапайым пендеге тиесілі қызықтың бәрін ақындыққа құрбан еткенін, оны өзі де бағамдай бермейтінін біздер ол шақта білген жоқпыз. Белгілі ақын, әрі көсемсөзші Құлтас Достанов Шәкеңнің жырларын жастай жаттап өсіпті. Кейіннен ақынның тұңғыш «Байқоңыр» деп аталатын жыр жинағын шығарып сауапты іс жасаған да осы азамат. Бұл туралы ақынның інісі, көрнекті ғалым Бауыржан Омаров  өз естелігінде әсерлі әңгімелейді. Құлтас ақынмен кездесіп өзінен осы жайлы сұрағанымда: «Шәкеңнің жырларына жастай ғашық болдым. Сол кездегі баспасөзге шыққан өлеңдерін тегіс жатқа білетінмін. Редакцияларға барып жыл бойғы газет тігінділерінен ақынның өлеңдерін іздеуші едім. Ондағылар газетті алып кетуге бермейтін, редакцияда отырып өлеңдерді асықпай  көшіріп алатынмын. Мұның бәрі кейін кәдеге асты. Шәкең тұңғыш жинағын шығарып бергенімде балаша қуанды. Сүлейлердің сарқыты, жастай жырларына ғашық болған ақын кітабын шығару бақыты маған бұйырғанына мен де ризамын»,-деп ақеден көңілмен айтып берді.

Қашанда жұмбақ дүниенің құдіретті болып көрінетіні бар ғой. Ол жайындағы дақпырт  күн озған сайын зорайып, зәремізді алды. Өлең өлкесінде жан-жағымызға ұрлана қарап, соқталы жолдағы соқпаққа апарар сүрлеуді іздеп сабылған біздерге расында шоң ақынмен кездесу зор сынақ сияқты еді. «Жылдарым-ай... заманамен үндескен! Аллаңызбен анадайдан тілдескен, Айдаһардың арқасына мызғып ап, Жолбарыстың жотасына мінгескен»,-деп өзі жазған айдаһардай ысқырып тұрған ақыннан шынтуайтында тіксінбеу де қиын ғой.

Шәкеңмен облыстық «Сыр бойы» газетінің редакциясында ойда-жоқта кездестік. Айтса, айтатындай бар екен. Қырықтың ішін еркін аралап кеткен ақын арқырап, қолды-аяққа тұрар емес. Бұл біздің тұңғыш кездесуіміз еді. Ол кезде ақын Байқоңырда қызмет атқаратын. Сол жолы аздаған ғана үнсіздікті пайдаланып:

«Жұлдыздармен талассам, назым ғой білдірген,

Арасынан солардың өзімді іздеп жүрмін мен.

 Болмаған соң бірдеңе... «ұқсап бағып» не керек,

Абайламай Абайым айтқан шығар кім білген?»,-деп ақынның  «Алыптармен тілдесу» атты өлеңінің осы бір уытты жерін айтып салдым. Балаша аңқаңдап, арқаланған Шәкең мені қапсыра құшақтап, ризашылығын білдірді. Мен арман болған ақыныммен осылай таныстым.

Шәкеңнің өмір жолы мен шығармашылығына сәл шегініс жасасақ, алғаш рет он жеті жасында «Жалын» шығып  дүйім жұртты дүр сілкіндіріпті. Сонан кейін үзіп-жұлқып баспасөз беттерінде ғана көрінген. Араға ұзақ жылдар салып, ел-жұрты мен оқырманынан қысылған болар, ақын Құлтастың баяғы «Байқоңырынан»  кейін жырларын жинастырып екі-үш кітабын шығарды.

Шәһизада Әбдікәрімов есімі қазақ поэзиясында өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңы мен 80-ші жылдардың басында танылып үлгерген. Ақын шығармашылығын зерделесең, алар асу, шығар шыңына Шәкең отызға жетпей шығып алғанға ұқсайды. Бүгінгі біздер айтып жүрген «Спартак» сынды отты жырлары сол жиырманың маңайында жазылыпты. Бір қызығы, қазақ өлеңінде отызға жетпей орда бұзған ақындар аса бір көп емес. Отызында өмірден озған Төлеген Айбергеновтен кейін осыншалық зор екпінмен келген ақынды кездестіре қоймайсыз. Ондаған жылдарға созылған осы үнсіздікті сұрапыл, жойқын жырларымен  бұза-жарып келген Шәһизада ақын екені бүгінде онша бір айтыла бермейді. Пендеміз ғой...

 Қара өлеңнің қалпынан шықпай-ақ, түр мен пішін өзгертуге өлермендікпен ұмтылмай-ақ– ақын өлмес, өршіл жырларын дүиеге әкелді. Шәкеңнің жырлары соншалықты түсінікті болып келеді, онда абстрактілі, беймәлім ұғымдар, елес пен ессіздіктің арасындағы ғайыпқа ұмтылу сынды бүгінгі өлеңдердегідей түсініксіз хәл жоқ.  Ақын жырлары әуелден бүтін, құраусыз құйма.

Төлегеннен кейін отызға жетпей жыр көгінде жасындай көрінген Шәһизада ақын болды дегенге келіспейтіндер де табылар. Алайда, көзі қарақты, жыр сүйер оқырман бүгінгі мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, Шәкеңнің замандастары, тіпті ағалары да қырықтың қырқасына шығып, елуді еңсеріп жан-жақты толысқан шақтарында ғана өздерін айқындаған туындыларын тудыра алғанын білуі  тиіс. Ақиқаты осы.  Әл-Фараби  ақындарды үш топқа бөліп қарайды ғой. Алғашқысы нағыз тума талант болса, екіншілері бойдағы азғана талабын жетілдіріп қатарға қосылатындар,  үшіншісі өлмейін де, қалмайын дейтін өлермендер болып келеді. Ия, солай өткен ғасырдың 70-80 жылдары Шәкеңдей Алматыны «шулатып» артына аңыз қалдырған ақын табу қиын. Шәкеңде «Ұлылық» деген өлең бар: «Қасарысқанмен қанатын жаймас дарағың, Сен жүрер қанша жол әлі. Мойындай қойшы, мойындашы оны, қарағым,... Өзіңе жеңіл болады»,-деп аяқталады.

Сонау бір жылы, жеке басылымда редактор болғаным бар. Сонда сырдағы ақын-жазушылар туралы айтып келіп Шәки ағам жайлы былайша соғып жібергенмін ғой.

   ... «Осы отыздықтың  ішінен университет қабырғасын 22 жылда әупіріммен бітірген Шаһизада Әбдікәрімов ағамызды аттап өту әбестік болар еді. Он сегізінде ордасын да бұзып, қамалын да алған ақын ертерек тоқмейілсіп, тірлікбасты боп кетті. Нағыз әттеген-айды осы жерде айтуға болатын шығар, сірә. Қазақ поэзиясы ой-өлшемі басқадан бөлек, нағыз тарпаң пегаскасынан «тірілей» айырылды. Ақын албырттықтан арылып, ағаларын қуып кемел жасқа да жетіп қалды. «Сары тентек», «Спартактың» инерциясы қай жерге дейін алып барады? Нені күтіп жүр? Бұл әрине, Аллаға, сосын Шәһизадаға ғана аян. Біз де күтіп жүрміз».

Мәссаған, бұ не дерсіз! Осы мақаланы оқыған ағам «сенің не айтпақ болғаныңды мен түсінемін», деп арқамнан қақты сонда. Ренжіген жоқ. Менің қиялымда қалықтаған аңсау мен дәмелі көңілімнің аңсарын сезді. Бүгежектеп, ақталып, аласармады. Мен де соны күткем.

Мұқағали ақын Расул Гамзатов жайлы өлеңінде «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай», деп келмеуші ме еді?! Ақын жырлары ішінен «Пушкинді оқығанда» атты өлеңін ерекше жақсы көремін. Осы өлеңді әр оқыған сайын құдды бір кино көріп отырғандай әсерде болатыным бар. Тұнып тұрған сурет қой. Қаңтар айы, орыс орманы, шыршалы сай...

Үскірік соққан қаңтардың қатқыл кезі еді,

Аппақ қар жапқан шыршалы сайдың өзегін.

Жиырма бес қадам...ішімнен санап бардым да,

Дантеске қарай мушкетімді үнсіз кезедім.

Ашындырған кек аянышыңа қарай ма,

Құтылмас жендет, жасасын мейлі қам-айла.

Бір рет ақын беріп ед сөзсіз кезегін,

Мен бірақ бүгін мүлт жібермеймін қалайда...

... Заманда зауал қапыда кетіп зор дарын,

Қаншама мәрте өкініш күйін толғадым.

... Кірпігінде өмір шырылдап тұрған көздерге

Түсті де көзім, дірілдей берді қолдарым.

Айналам түгел қып-қызыл қан ба... ұшындым...

Қолымда ажал...өзгеріп кетті түсім мың.

Алқынып ұрды кеудемде ақын жүрегім,

Түсіндім бәрін...Мен сені Пушкин түсіндім...

 

Әлем әдебиетінде жас шамасына тән емес шығармалар жазған дарындылар аса көп болмаса да кездеседі. Осы өлеңді Шәһизада ақын жиырмадан енді асқан шағында жазыпты. Мұнда автордың жай-күйі мен жан тебіренісі ғана емес, бейне бір Пушкин қайта дуэльге шыққалы жатқандай сезіледі. Үскірік соққан қыс, айнала ұшқан топ қарға, өксіген бақ, осының бәрі ақынның жан дүниесімен астасып кеткен. «Түсіндім бәрін... Мен сені Пушкин түсіндім», «Кірпігінде өмір шырылдап тұрған көздерге». Тіл жетпейді...

Сол жиырмасында дуэльдегі Пушкиннің жан тебіренісін түсінген Шәһизада ағам асқаралы алпысына келіп жетті. Абыроймен жетті. Дей тұрса да ақын «Жылдарым» атты өлеңінде ... «Үрпиеді ұл-қызым мен жұлдызым, Қалай аман жеткенсің деп біздерге», деп қояды. Соған қарағанда қыздан зият, кірпияз көңіл ақын өмірі оңайдан болмағанға ұқсайды.

Ақынның тағы бір өлеңі: «Жалғыз жарық көрінсе көз ұшында, Байқамай қап... бұрылып өте көрме!» деп аяқталады. Бір ақиқат бар, ол–бірде алыстан, ал бірде жақыннан көрінер Шәһизаданың жарық жұлдызын өлең өлкесіне ұмтылған қай ұрпақтың өкілі болса да, байқамай қап, бұрылып өтпесі хақ.

 

Елубай Әуезов

Қызылорда қаласы

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5598