НЕВЗОРОВ: РЕСЕЙДІҢ ЕДС-ТАҒЫ ЖЕҢІСКЕ ЕШ ҚАТЫСЫ ЖОҚ
Ресей-1 арнасында кеңесшілік қызметтегі журналист Александр Невзоров ресейлік БАҚ-қа сұхбат беріп, Екінші Дүниежүзілік соғыс (ЕДС) туралы және оған РФ-ның қаншалықты қатысы бар екендігін талқылап, пікір білдіріпті.
Ресейлік журналистің айтуынша, Екінші Дүниежүзілік соғыстағы жеңісті Ресейдің жеке-дара иемденуге құқы жоқ. Тіпті керек десеңіз, бүгінгі Ресейдің ЕДС жеңісін есі кетіп ерекше тойлайтындай да жөні де жоқ екен.
«Біз Екінші Дүниежүзілік соғыстың жеңісіне келгенде жеңімпаздар тізімінен Еуропа елдері мен АҚШ-ты бірден сызып тастаймыз. Неге? Шындығында оларсыз бұл соғыста Кеңес одағының жеңіске жетуі екіталай еді. Мұнда жалғыз Ресейдің емес, көптеген мемлекеттердің еңбегі, қаны, тері бар. Ал дәл біз білетін бүгінгі Ресейдің бұл жеңіске ешқандай да қатысы жоқ»,-дейді ресейлік журналист Александр Невзоров.
Сондай-ақ, журналист бұрынғы жеңімпаз одақты қазіргі Ресейдің билік басындағы саясаткерлер ыдыратқан деп айыптайды.
«Шындап келетін болсақ, ол соғыста басқа мемлекет жеңді. Бүгінде дербес, мемлекеттік рәміздері бар, өз идеологиясы бар, өзге қоғамдық ұстанымы бар, өз шекарасы бар өзге ел жеңді. Ресей емес. Мүмкін сіз «соғысты бастан аяқ өткерген ардагерлер, тірі ардагерлеріміз бар ғой» дейтін шығарсыз... Рас, ардагерлеріміз бар. Ондай ардагерлер Түркіменстанда да, Латвияда да, Литвада да бар. Ал енді жеңімпаз Кеңес Одағының мұрагері деген атқа жалғыз Ресей лайық па? Ол соғыста жалғыз орыстар ғана соғысқан жоқ. Сол кездегі қаншама одақтас республикалар, Еуропа елдері де бұл соғысқа қатысты, араласты. Енді туындайтын заңды сұрақ – неге Ресей мұрагер емес?.. Дәл қазіргі Ресей әм билік басындағы мырзалар – Екінші Дүниежүзілік соғыстың жеңімпазы болған Советтер одағын ыдыратып, тас-талқанын шығарғандар. Ельциннің басқаруындағы Ресей сол Советтер одағын жер бетінен жоқ қылып тынды. Ол кезде қазіргі басшылар Ельциннің командасында болды. Қазіргі министрлер мен депутаттардың бірде-біреуі Горбачевтың командасы емес, Ельциннің кадрлары. Содан бері Ресей қаншама шайқаста (саяси талас-тартыста) жеңіліс тапты. Енді келіп алып империяның мұрагеріміз дейді. Бұл, біріншіден, сауатсыз пікір. Екіншіден, алдау. Өзін-өзі алдау, жұбату ғана. Біздің бүгінгі басшылар осылайша өздерін-өздері жұбатып қояды. Басқа ештеңе де емес»,-дейді ол.
Соңғы өткен Мәскеудегі әскери парадта бұрынғы Советтер одағы байрағымен қатар қазіргі Ресейдің қызыл ала туы да желбіреді. Хош, шеруді өткізіп отырған елдің мемлекеттік символы тұруы шарт делік. Ал Невзоров мырза РФ қызыл ала туына қатысты мынадай пікір айтқан екен.
«Ақ-көк-қызыл реңкті Ресейдің қазіргі мемлекеттік туы – бұл кешегі Власов армиясының туы болған. Рас, бұл жөнінде талас көп. Дегенмен тарихты бұрмалауға болмайды. Содан кейін бұл ту Демократиялық Ресей байрағына айналды. Бірақ, қай заманнан бері бұл перифериялық символ ғана еді. Ақ-көк-қызыл жолақты белгі сәбет ауылдарын аяусыздықпен қырып-жойған, окоптарда жатқан сәбет әскерлерін жау қолына ұстап берген Власов армиясының символы болғаны шындық. Власовтың Гитлердің жақтастарының бірі болғандығы да рас. Енді сол ту Кремльдің төбесіне шығарылды. Сонда шын мәнінде жеңген кім? Бір кездегі бірліктің белгісі болған символдар бүгінде ұлттар, мемлекеттер арасын алшақтатудың символы болып кетті. Оған куә Қырым, Донбасс пен Лугансктегі жанжалдар. Бір тектес ұлттар ыдырап жатыр. Кімнің арқасы? Қай туыдың астында? Ресей туындағы үш түс, Георгий лентасы секілді бұрынғы империя белгілері бүгінгі биліктің, тоталитаризмнің, агрессияның, биліктегілердің астам саясатының көрінісіне айналды. Түптеп келгенде жеңістің символы – Рейхстагқа тігілген Советтер одағының қызыл туы болуы керек еді ғой. Неге қазіргі Ресейдің, кешегі Власов әскерінің туы бүгінгі жеңістің символы болып кетті? Жалпы Власовшылардың мұрагері болуға кімнің ынта-шынтасы ауып тұр дейсіз?! Мен Власовшының мұрагері болғым келмейді, болмаймын да!»,-деп түйіндейді ресейлік журналист Александр Невзоров "Ресейдің ЕДС-қа еш қатысы жоқ" атты мақаласын.
Аударған Нұрзат Тоғжан
Abai.kz