АСТАНАДА АЗИЯ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Eлордада Ғылым, технологиялар және инновациялар жөніндегі Азия парламентаралық форумы өз жұмысын аяқтады. Бәсі биік жиынның соңында жоғарыда көрсетілген салалар бойынша парламентаралық ислам ынтымақтастығын нығайту бағытында Астана декларациясы қабылданды, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" басылымы.
Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) мүше-мемлекеттердің білім және ғылыми әлеуетін дамыту саласында әріптестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған форумның екінші күні де жоғары деңгейде өтті.
V-сессияда Қазақстан Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Нұртай Сабильянов сөз алып, еліміздің өз алдына үлкен мақсат-міндеттер қойып отырғанын, соның бірі – шикізаттық экономикадан «білім экономикасына», яғни, экономикалық өсімнің инновациялық моделіне көшуді көздейтінін атап өтті. Елімізде 4 салалық конструкторлық бюро қызмет көрсетуде. Мысалға, «Өскемен титан-магний» комбинаты жаңа технологияларды пайдалана отырып, авиағарыш, мұнайгаз өнеркәсібінде, атомдық энергетикада, қорғаныс және медициналық салаларда қолданылатын бұйымдар шығаруда. Мұндай өнім үлкен сұранысқа ие. Осыған байланысты, аталған комбинат негізінде біріккен Қазақстан – Франция және Қазақстан – Оңтүстік Корея өнеркәсіптік орындары ашылды, деді Н.Сабильянов.
Сонымен бірге, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осыдан 25 жыл бұрын жабылған Семей ядролық полигонының әскери-өндіріс кешені негізінде Ұлттық ядролық орталықтың құрылуы ғылымға трансформацияланудың жарқын мысалы екенін, бұл орталықтың қызметі ел аумағындағы ядролық сынақтардың салдарын жою жөніндегі міндеттермен ғана шектелмейтінін, ол Қазақстанның атом энергетикасын дамыту үшін қажетті ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық базаны қалыптастыруды және оның ғылыми техникалық әлеуетін мемлекет мүддесі үшін пайдалануды көздейтінін жеткізді.
Бұдан кейін Тәжікстан Парламенті Ғылым, білім, мәдениет және жастар саясаты комитетінің төрайымы Лутфия Раджабова сөз алып, аталған форумның маңыздылығына кеңінен тоқталды әрі өз еліндегі ғылым мен технологиялардың даму үдерістері тұрғысында сөз қозғады.
Өз кезегінде Марокко корольдігі Парламентінің депутаты Рашид Әл-Меньяри өз елінің ғылым, технологиялар және инновациялар мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне назар аударды. Сондай-ақ, ол Астанадағы бұл басқосуда талқыланып жатқан барлық тақырыптардың өзектілігін сөз етті.
Форумның VI-сессиясы «Озық халықаралық тәжірибеден жасалған қорытынды» тақырыбына арналды. Сессия жұмысы барысында Қазақстан Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Азат Перуашев, Ислам ынтымақтастық ұйымы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің бас үйлестірушісі Шаукат Хамид Хан, Түркия Парламентінің депутаты Орхан Аталай, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов, Еуразиялық патенттік ведомствоның президенті Сәуле Тілеулесова және Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде аталған форум ислам елдері арасындағы ықпалдастықты дамытуға тың серпін беретінін, ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы әріптестікті нығайту заман талабы екенін, сондай-ақ, талқыланған тақырыптардың маңыздылығын атап өтті.
Ал форумның VII-сессиясында «Ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы парламентаралық ислам ынтымақтастығын нығайту жөніндегі Астана декларациясы талқыланды. Талқылау нәтижесінде Ауғанстан, Алжир, Әзербайжан, Бахрейн корольдігі, Бангладеш, Комор аралдары одағы, Мысыр, Гамбия, Индонезия, Иран, Қазақстан, Малайзия, Мальдив, Мали, Марокко корольдігі, Оман сұлтандығы, Судан, Тәжікстан, Тунис, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері парламенттерінің өкілдері аталған Декларацияны бірауыздан қабылдады.
Декларацияда парламенттердің ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту үшін құқықтық базаны қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап көрсетілді. Сонымен қатар, құжатта Қазақстан Республикасының 2011 жылы ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалық еткен кезінен бастап ХХІ ғасырда ислам әлемін дамытудың негізгі қағидаттары болып табылатын жаңғырту мен реформалар жүргізу үдерістеріне қосқан қомақты үлесі назарға алынды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ислам инфрақұрылымдық интеграциясы» стратегиялық бағдарламалық құжатын әзірлеу туралы бастамасына қолдау білдірудің маңыздылығы Декларацияда айқын көрініс тапты.
Бұлардан бөлек, Декларацияда: «Біз Қазақстан Үкіметінің ИЫҰ Бас хатшылығымен және Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеттің (КОМСТЕК) Хатшылығымен ынтымақтаса отырып, 2017 жылы ИЫҰ-ның Ғылым және техника жөніндегі алғашқы саммитін өткізу туралы бастамасын жоғары бағалаймыз және ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің үкіметтерін алдағы саммитті дайындауға және барынша жоғары деңгейде өткізуге белсенді ат салысуға шақырамыз. Сонымен қатар, біз ИЫҰ-ға мүше –барлық мемлекеттерді «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырамыз және Қазақстанның ислам мемлекеттерінің ЭКСПО-2017-ге қатысуына қолдауды қамтамасыз ететінін жоғары бағалаймыз делінген.
Ғылыми-техникалық және интеллектуалдық әлеуетті арттыру тұрғысында нақты жеті ұсыныс Декларацияда атап көрсетілді. Бұл ұсыныстар білім, ғылым, технологиялар және инновациялар мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және озық тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге, донорлар мен қаржы институттарына бірлескен бағдарламалар мен ұсыныстар беруге, ислам мемлекеттерінде жаңартылатын бағдарламалар мен жүйелер бойынша зерттеулерге бастамашы болуға, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің арасында ғылым, технологиялар және инновация саласындағы құқықтық база қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасуды кеңейтуге ықпал етуге және басқа да мәселелерге бағытталған.
Бұған қоса, құжатта қатысушылардың осы форумды жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан тарапына, ИСЕСКО мен ИДБ-ға алғысы айтылған.
Соңында Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева қорытынды сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Жолдыбай БАЗАР
Abai.kz