Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2927 0 пікір 7 Қыркүйек, 2010 сағат 20:27

Әдепхан Дәулетниязов. Көкейдегі көп қиялды қозғаған фильм!

Соңғы кездері дүр сілкінгендей болып, қоғамдық, бұқаралық ортаны кәдімгідей елеңдетіп отырған «Қазақфильм» киностудиясының жаңашыл жұмыстарына тілеулес көңілмен ондағы  қолға алынған әрбір жобаға, әрбір жаңа туындыға сәттілік тілеп, шыққан кинолардың бірін де қалт жібермеуге тырысамын. Әйтеуір, үмітім алдамайды. Ізденісі мол, талабы күшті жастар сенім үдесінен шығып жатыр. Қазақ киносының ертеңі бар деген сөз ғой, бұл!..

Соңғы кездері дүр сілкінгендей болып, қоғамдық, бұқаралық ортаны кәдімгідей елеңдетіп отырған «Қазақфильм» киностудиясының жаңашыл жұмыстарына тілеулес көңілмен ондағы  қолға алынған әрбір жобаға, әрбір жаңа туындыға сәттілік тілеп, шыққан кинолардың бірін де қалт жібермеуге тырысамын. Әйтеуір, үмітім алдамайды. Ізденісі мол, талабы күшті жастар сенім үдесінен шығып жатыр. Қазақ киносының ертеңі бар деген сөз ғой, бұл!..

Тағы бір туындының тұсаукесері өтті. Тағы да көңіл тұшынды, тағы да бір жақсы киноның прокатқа жіберілгенін түйсіндік. Ия, алғашқы әсерден түйген ойым: «Қазақфильмнің» жаңа туындысы - «Қызғылт қоян туралы аңыз» атты көркем фильм, шын мәнінде де, қазіргі өзіміздің өмір болмысымыздан ажыратып алғысыздай,  соншалықты біте қайнасқан, сондықтан да ауылдан келіп, бөлек орта, басқа жағдайларға тап болған кейіпкердің үздіксіз жүріп жататын жан арпалысымен бір қатарда қоғамдық, әлеуметтік мәселелер қатпарын, тірлік үшін күрестің көлеңкелі жақтарын әдемі әшекерелей білген нағыз заманауи картина екен! Мен өте жақсы пікірдемін. Бүгінгі жастар туралы ең үздік фильм десек те болады. Техникалық жетістіктерді ұтымды пайдалану арқылы әсерлілікті, қозғалыс динамикасын күшейтуді ойлаған қоюшы режиссер Фархат Шәріпов оператор жұмысы мен монтажда «голливудтық» еркін тәсілдер қолданып, сайып келгенде белгілеген межеден табылыпты. Фильм  жалықтырмай, ойыңды басқаға бұрмай, қызықтыра жетелеп отырады. Бұл жерде кәсіби шеберліктің маңызы зор. Тырнақалды дүниесімен-ақ өз стилін, өзіндік дара көзқарасын, дүиетанымдық ұстанымын айқын аңғартқан Фархаттың актерлермен дұрыс жұмыс жүргізе алатынын да аңғарасың. Өйткені, танымал актерлер болмаса да фильмге түскендердің бәрінің ойынында жасандылық, жадағайлық жоқ, оқиғаға жан беру, мінез қақтығыстарын айшықтау бар.

...Ойран-топыр отырмақ, көңіл көтеру мейрамынан  кейін патша сарайындай кең үйдің әр тұсында бей-берекет жайрап жатқан, сілелеп ұйқыға бас қойған жастарды көрсететін бір эпизод арқылы оның алдында болып өткен қырғын би, дарақы күлкі, әдепсіз әрекеттерді ғана емес, «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық - аздырар адам баласынның» нақ куәсіндей азғындық пен ақлақтың арасында адасқан жастардың бүкіл өмір салтын  бажайлап өтесің. Бітпестей көріп, қызық қуған, жеңіл жолмен табылар ақша қуған бүгінгі заман жасының құрдым құлқы қайда жеткізбек?! Тойымсыз нәпсі қалауын толық өтеу мүмкін бе?! Астары терең ойға бастайтын осы бір көрініс әсерімен басы сайран, аяғы ойран өмір пәлсапасын тағы да ойға оралтасың.

Қала баласын «көше тәрбиелейтіндігі» туралы қисынға қайыра көз жеткізе отырып, жалпы ата-ана тәрбиесінен мүлдем дерлік тыс қалған, тиым-тоқтаусыз, тәксіз, өз бетімен лағып бара жатқан бүгінгі ұрпақтың болашағына алаңдамай қала алмайсың. «Қызғылт қоян туралы аңыз» көркем фильмінде басты деталь - қоян маска-тұлыбының өзі әлеуметтік-психологиялық ауыр астарды, қоғамдағы таптық керағарлықтарды мегзейді. Көбіне сырты сұлу дүниенің іші түтіндеп жататыны бар-ау, әттең!.. Қызғылт қоян кейпінде ылғи ыржиып күліп жүретін, «төрт құбыласы тең» Бас кейіпкеріміз тұлыпты тастаған кездерінде бастан кешкен оқиғалар тізбегіне куә болып, көріп шыққаннан кейін оның қан жылаған ішкі драмасын жалпыға тән жағдайлармен қабыстыра  ұғынып, «бас жарылса, бөрік ішінде, қол шықса, жең ішінде» дейтұғын көлгір-тірлікке нәлет айтып та қаласың!..

Артық-ауыс пәлсапаға ұрынып, тақырыптан ауытқып кетсем, ғафу өтінемін, көкейдегі көп қиялға қозғау салған астарлы, әсерлі, ойлы фильм осылай айтқызбасқа қоймады. Өз тұрғыластары туралы көркем шындықты өзге емес өзі айтуға тәуекел еткен және оны өте сәтті баяндап шыққан жас режиссерге риза көңілмен алдағы кезде де шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестік білдіремін.

Кейбір кінәмшіл көрермендер баяғы «әләулаймен» қайсыбір  сахналық көріністерді дабырайта айыптап, «қоғам өмірінің көлеңкелі жақтарын көрсете бергеннен не ұтамыз, одан да өнердің тек әдемілікті әспеттеу миссиясын қуаттасақ қайтеді» деп бітпес дауды тағы да қоздатып жатса, оған айтар менің де қарсы пікірім  бар. Біз көркемдік талғам туралы талассақ құба-құп; ал, деректілік пен көркемдіктің, өмір шындығы мен өнер шындығы арасында шатасып, үнемі әсіре тәрбиешіл, ауыр драмаға бармайтын, тек түзу жүріп, түзу тұратын көріністерге құралған киноны талап етуден еш ұтпасымыз белгілі. Сосын, жаңағы айтқан «көркем шындықты» өмірдің күн тәртібіндегі өткір мәселелерінен бетер қызбалана талқылап, тіпті саясат араластырып жіберуді қою керек, ағайын! Жастарға тән жаңашыл лепке, шұғыл да батыл шешімдерге түсіністікпен қараудың орнына шідерлеп ұстаймыз деген ұстаным мүлдем жөнсіз, жойдасыз.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» басшылығы талантты жас режиссерлердің «тұсауын кесіп», даңғыл жолға салып жіберу үрдісін  бұдан бұрынырақта бастаған еді. Ол енді дәстүрге айналып бара жатыр десе де болады. Соның нәтижесінде, міне, алғашқы жеңістер, айтарлықтай табыстар көрініс беруде!..  Фархат Шәріповтың «Қызғылт қоян туралы аңызы» біз көптен күтіп жүрген фильм десем, еш артықтығы жоқ. Ал, алда-жалда бұл сөзіме сенбесеңіз, кинотеатрға қарай беттеңіз!

 

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383