Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Бәсе... 5264 0 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 09:40

"ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ" ЖАРИЯЛАНСА...

АРДАҚТЫ АЛАШ БАЛАСЫ!

Ұлттың тағдыры мен болашағына, бірлігі мен тірлігіне қатысты қатысты менің мына ұсынысыма қолдау көрсетіп, дауыс берулеріңізді сұраймын!

Бір кездері тарихи жағдайларға байланысты қазақ халқы дүниежүзінің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап, шілдей тозып кетті. Тәуелсіздік алған күннен бері Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон және демографиялық саясатының арқасында алыс-жақын шетелдерден бір миллиондай қандасымыз Отан құшағына оралды. "Қайда болса да жан бақпақ парыз" деген қадыми қағида бар. Сол қағидамен әлі де 5 миллиондай қандасымыз дүниенің түкпір-түкпірінде тірлік етіп жатыр. Елге оралғысы келгені жәйлап келе жатар. Бірақ сол 5 миллион қазақтың түгі қалмай, түп қотарылып көшіп келуі де неғайбыл... 

Тәуелсіздікке қол жеткізуден, оны сақтап қалудың әлде қайда қиын екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Ол үшін Мемлекеттің егесі болып отырған Қазақ халқының өзінің ішкі ынтымақ-берекесі, ауызбірлігі, татулығы, бауырмалдығы шешуші рөл атқарады. Жаһандану дейтін мынадай алмағайып заманда Бізге, Алаш баласына тіпті де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әйгілі ақын Сабыр Адай айтқандай "ӘР ҚАЗАҚ МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ" деп тірлік етуімізге тура келеді. Ол үшін Ұлтымызды ұйыстырып, жұртымызды жұмылдыра түсетін маңызды іс-шаралар керек. Ондай іс-шараның түрі көп. Соның бірі - ҰЛТ БІРЛІГІ КҮНІ! 

Шыны керек, біздің Елде меркелер аз емес. Бірақ олардың бәрі мемлекеттік, жалпыадамзаттық, жалпышығыстық, жалпымұсылмандық сипатта болып келеді. Әрине, ол да керек. Дегенмен, бізге ҚАЗАҚ дейтін халықтың өзінің ынтымақ-берекесіне, ауызбірлігіне, татулығы мен бауырмалдығына оң ықпал ететін жеке мереке өте керек. Сондай-ақ ол мереке бүкіл дүниежүзіндегі қазақ баласының бәріне (көшіп келгені бар, келмегені бар, Отанда өмір сүріп жатқаны бар...) ортақ болу керек! 

Үкімет ұсынып, Елбасы қол қойса, қазірше бейресми мереке ретінде қоғамдық негізде атап өтуге болады. Мәселен, бастапқы кезде, Қазақстанда "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының" орталық аппараты, және оның Астана мен облыстардағы бөлімшелері; Шетелдерде қазақ мәдени орталықтары мұрындық болады. Бірте-бірте жалпыұлттық деңгейге көтеріліп кетеді. 

Бұл әсіресе, Ел егесі болып отырған Қазақстандағы қандастарымыздың береке-бірлігінің нығая түсуіне, сонымен бірге шетелдерде, соның ішінде Еуропа елдеріндегі өте азшылықта өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жас ұрпағы үшін, олардың жыл сайын бас қосып, өздерінің қазақ баласы екендігін сезініп, ұлт патриоты болып өсуіне ерекше игі ықпал етеді деп сенеміз. 

Сонымен біз ұсынып отырған мерекенің атауы - "ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ" 

Уақыты - ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНЫҢ 30-шы КҮНІ. 

Бұл күн: 

- Қазақ елі тәуелсіздігінің екінші жылы, яғни 1992 жылы "Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы" өткен күн.

- Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылған күн.

- Халқымыздың пейіліндей дарқан, берекелі, шуақты кез. 

(іздене берсек, басқа да тарихи даталармен сәйкес келуі мүмкін).

Дүниежүзі қытайларының мерекесі күні


 

P.S: Ескерте кететін бір жағдай, бұндай мерекеден қорқып, үркудің, одан әлде қандай ұлшылдық сыңай іздеудің қажеті жоқ! Өйткені әлем халықтарының көбінде бұндай мереке көптен бері тойланып келеді. Біз бәрін емес, іргеміздегі екі алып көршіміз бен бауырлас Әзербайжан елінде дәстүрлі түрлі тойланып келе жатқанын еске салсақ та жеткілікті.

Ал, Ағайын, қолдаңыздар! 

Дауыс беріңіздер!

Сіздерге деген зор құрметпен -  бауырларыңыз Дүкен Мәсімханұлы

Abai.kz

0 пікір