Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Мәйекті 2931 0 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 13:07

Қырымбек Көшербаев Қармақшы ауданына барды

 

Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ІІІ Интернационал ауылында болды, - деп хабарлайды "Сыр бойы" басылымы.
Күріш өндірісінің алғы шебінде көш бастап жүретін Қармақшы ауданының диқандары биылғы жылы да береке биігінен көріне білді. Аудан еңбеккерлері жиналған күріштің әр гектарынан 58,3 центнерден өнім жинады. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 3,4 центнерге артық. Ал ІІІ Интернационал ауылына қарасты шаруашылықтар бұрын-соңды болмаған өнімге қол жеткізді. Атап айтқанда, «Достық жер МК» серіктестігі мен «Талас» шаруа қожалығы күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім жинаса, «Ақниет» және «Болашақ» шаруа қожалықтары 50 центнерден өнім алды. Бұл бірлік пен татулықты ту етіп көтерген ауыл тұрғындарының орасан зор еңбегінің арқасында келді.
Аймақ басшысы диқандарды осындай жоғары нәтижелерімен құттықтай отырып, соңғы жылдары ауыл диқандары озық технологиялар мен жаңа жоғары сапалы күріш сұрыптарын қолданып жатқандығын атап өтті.
– ІІІ Интернационал ауылының Сыр еліндегі орны ерекше. Ауызбіршілік пен ынтымақтың, «Әлемнің әміршісі – еңбектің» нағыз үлгісі ІІІ Интернационал ауылынан табылады, – деген аймақ басшысы ауыл тұрғындарын «Алтын дән-2016» мерекесімен құттықтады. 
Ширек ғасыр уақытта Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен табыстарға қол жеткізілді. Сыр өңірі де еліміздің толағай табыстарына елеулі үлес қосып келеді. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген пікірі бәріміз үшін үлкен баға.
Биыл Сыр диқандары ауыл шаруашылығында еңбектің ерен жетістіктерін бағындырып, жоғары белестерді мойын¬датудың үлгісін көрсетіп, өңірдің негізгі дақылы – күріштің әр гектарынан 54,9 центнерден өнім алып, 440 мың тоннаға жуық Сыр күрішін қамбаға құйды. Осылай төртінші жыл қатарынан Тәуелсіз Қазақстанның күріш өндірісі тарихындағы ең жоғары рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Сыр диқандарына Елбасы ерекше ризашылығын білдіріп, арнайы жеделхат жолдады. Өткен жылға қарағанда күріш 4 мың гектарға кем егілгенімен, жиналған астық көлемі былтырғыдан асып түсті. Осының арқасында, егіншілеріміз рекордтық көрсеткішті төртінші жыл қатарынан қайталады!
– Осы жерде мен облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ірі және іргелі кәсіпорынның басшысы, осы шаруа¬шы¬лықтың инвесторы – «Жан-Арай» серік¬тестігінің директоры Мақашов Бағдаулет Еркінбекұлына ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
Нақты айтатын болсам, «Достық жер» шаруашылықтың кепілдікте тұрған 2 мың гектар жердің мәселесін шешіп, соңғы үш жылда 500 млн теңгеге жаңа заманауи ауылшаруашылық техникаларды сатып алып, шаруашылықтың машина-трактор паркі толық жаңарды. Сонымен бірге, ұланғайыр дала төсінде ерен еңбегімен аянбай тер төгіп, бейнетінің зейнетін көріп, шаруа¬шылықты басқарып жүрген Арифов Милияр бастаған түрік бауырлардың еңбек әулетін мақтанышпен айтып кеткеніміз жөн. Бұл әулет облысымыздың еңбек династиялары форумында  ерекше аталып өткен болатын.
Бүгінде Қазақстанды құтты мекен санаған ІІІ Интернационал ауылында 14 ұлттың өкілі тұрады. Олардың жүзі бөлек болғанымен, жүрегі бір, тілі бөлек болғанымен, тілегі бір, арманы ортақ. Біз – «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымымыз бен бірлігімізді сақтап келе жатқан елміз, – деген  аймақ басшысы берекелі ауылда атқарылған шаруаны жоғары бағалады.
Салтанатты шара соңында ерен еңбектің үлгісін көрсеткен екі егіс бригадасының жетекшілеріне облыс әкімі «Лада Калина» жеңіл автокөліктерінің кілтін табыстады. Сонымен бірге, ауылшаруашылықтың 80 жұмысшысы бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сапар барысында облыс әкімі ауыл орталығында 100 орынды жаңадан салынған «Бади Нұр kz» балабақшасының жұмысымен танысты. Аталған нысан «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша «Байқоңыр» ӘКК» ҰК арқылы 50 млн теңгеге салынды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиелеу-оқыту процесі мемлекеттік білім стандарты бойынша «Балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасына» сәйкес «Балапан бағдарламасы бойынша» жүзеге асырылуда.
***
Осы күні Сырдария ауданы О.Мәлібаев ауылында «Қызылдиқан» және «Бақ» шаруа қожалықтарының диқандары «Алтын дән-2016» мерекесінде марапат тұғырынан көрінді. Еңбекшілер мерейін тасытқан шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ел қуанышын бөлісті.
Облыс бойынша Сырдария ауданы биыл да «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» аталымын иеленген болатын. Ауданда бұл номинация «Қызылдиқан» шаруа қожалығына бұйырды. Шаруашылық 850 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан 82,5 центнерден өнім жинады.      
Биыл Сырдария ауданы бойынша 18360 гектарға күріш дақылы орналастырылды. Орташа есеппен гектарына 56,7 центнерден өнім алынып, 1 млн центнерден астам астық жиналды. Осы жетістік Сырдария ауданы диқандарының төртінші жыл қатарынан үздіктер сапынан көрінуіне жол ашты. Осындай жетістіктерге қол жеткізуге өндіріске жаңа технологияларды енгізу, тиімділігі жоғары жаңа техникаларды пайдалану өз септігін тигізгені анық. Салтанатты жиында аймақ басшысы облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ірі және іргелі кәсіпорынның жетекшісі, осы шаруашылықтың инвесторы – «Жан-Арай» серіктестігінің директоры Бағдаулет Мақашовтың агросаладағы іргелі бастамаларына тоқталып өтті.
Инвестордың көмегімен «Қызыл¬диқан» және «БАҚ» шаруашылықтарының машина-трактор паркі толық жаңартылып, соңғы үш жылда 900 млн теңгеге жаңа техникалар сатып алынды. Тұқым дайындау агрокешенін салуға да кәсіпкер 600 млн теңге инвестиция тартты.
– «Мәңгілік Ел» идеясы, тәуелсіздік рухы үшін аянбай тер төгіп, жас ұрпақты баянды болашақ мақсатына тәрбиелеуіміз қажет. Сонда ғана біздің мерейіміз асқақ болып, мәртебеміз биіктей береді. Алдағы келе жатқан мерейлі мерекеміз 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы  құтты болсын! Ел үшін жасаған жұмыстарыңыз әрдайым табыс¬ты, бастамаларыңыз берекелі болсын! Еліміз, Елбасымыз аман болсын! – деген облыс әкімі дала еңбеккерлерін табыс төрінен көріне берулеріне тілектістігін білдірді.  
Мерекелік кеште ауыл шаруашылығы саласында үздік мамандар еңбегі бағаланды. Әртүрлі номинациялар бойынша озат еңбеккерлер марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Тахир Ерғалиев,  Әбсадық Маханов, Жанкелді Смайлов, Жасұлан Нұрымбет, Жарқын Шаденова, Әлібек Мықбаев сынды майталмандар автокөлік мінсе, қос шаруашылықтың жүзден астам еңбеккерлері бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қармақшы,
Сырдария аудандары
Abai.kz

 

0 пікір