Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2730 0 пікір 14 Қыркүйек, 2010 сағат 05:15

Өркен Кенжебек. «Божко синдромы»

19 қыркүйек - Орманшылар күні. Кәсіби мейрамын күтіп жүрген қауым үшін Табиғат-ана тосын «сыйын» ұсынды. Тосын деп айтуға да ауызың бармайды екен... Себебі, Жаратушы ие біз үшін ала жаздай көршіміздің самырсынын отқа жағып, алапат көрініс ұйымдастырған-ды. Осы арқылы табиғат апатынан сәл де болса, қауіптену қаперінде жүрсін деді ме екен? Әйтеуір, телебезердің арғы бетіндегі өртті бутафория деп білді ме, бұған былқ еткен Божко болмады. Өртке қарсы тұру жүйесін түзеу орнына оптимизмін ғана күшейте білді.

19 қыркүйек - Орманшылар күні. Кәсіби мейрамын күтіп жүрген қауым үшін Табиғат-ана тосын «сыйын» ұсынды. Тосын деп айтуға да ауызың бармайды екен... Себебі, Жаратушы ие біз үшін ала жаздай көршіміздің самырсынын отқа жағып, алапат көрініс ұйымдастырған-ды. Осы арқылы табиғат апатынан сәл де болса, қауіптену қаперінде жүрсін деді ме екен? Әйтеуір, телебезердің арғы бетіндегі өртті бутафория деп білді ме, бұған былқ еткен Божко болмады. Өртке қарсы тұру жүйесін түзеу орнына оптимизмін ғана күшейте білді.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында орман өрті 8 қыркүйекте тұтанған. «Ертіс орманы» табиғи резерватының үш жерінен алау шығып, оған маңайлас ауылдарға қауіп төнді. Ұйытқи соққан желмен өрт ресей-қазақ шегарасынан өтіп, Алтай аймағы мен Новосібір облысының территориясын аралап кетті. Министр Владимир Божко «Белгі берілгеннен кейін, бір сағаттан соң өрт 600 га жерге, үш сағаттан соң 1500 га жерге жайылды. Бұндай алапат құбылысты бұрын-соңды көрсем, көзім шықсын», - деп таңдайын тақылдатты. Әжеп болғанда, өрттің алғашқы күні-ақ, Байымбет, Жабағылы сияқты ауылдардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен не керек, өрт сөндірілді. Удай өкініштімсі сол орманшысы бар, ауыл тұрғыны бар, барлығы 7 адам опат болды. Алдын-ала есептеулер бойынша, 3 мың га-дан астам жер, оның ішінде 1,2 мың га орман алқабы отқа оранды. Құнажыны қуырдақ болып, шабындығын өрт жалмаған  шаруаларға өтемақы төленетін болды.   

Апаттың қысқаша хронологиясы осы. «Іс бітті, қу кетті». Тойыс, Божко «апат болды» дегенде жасайтын функциональды амалдарын жасап, қайтадан креслосына барып қонжиды. Келесі апатқа дейін... Күйінсек, біздің атқамінерлердің табиғат апаттарының тілін түсіне алмай қойғанына күйінеміз. Алып Ресейде күн сайын апат болып жатса да, төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгудің төтеннен жол табатынына таң қаласың. Құмырадан шыққан жын сияқты, жетіп барады. Үйін салып, жауапсыз әкімін жұмыстан алып, құбырын қазып, қысқасы апат зардабын толықтай жояды. Жұмысына тәнті болған журналистер оған «Шойгу синдромы» деген айдар тақты. Бұл саяси емес, психологиялық құбылыс деп тағы тереңдейді. Өкінішке орай, бізде «Божко синдромы» қалыптаспай тұр. «Бас құтқарушымыз» апаттың «бас куәгерінен» артылмай тұр. Ендеше, осы жайтты саралап көрелік...

 

Біріншіден, Ресейдегі сұрапыл өртті көре тұра, еліміздің аз да болса, ағашы бар облыстарында төтенше жағдай жарияланбады. «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді». Бұлай еткенде, онсыз да ат төбеліндей аз орманды.. ең бастысы адам өмірін сақтап қалуға болар еді. Төтенше жағдайлар министрінің ойлау жылдамдығын енді өртке алып барған ұшағының жылдамдығымен өлшейміз бе, қайтеміз?

 

Екіншіден, осы өрт Төтенше жағдайлар министрлігіндегі техникалық дағдарыстың бетін ашып берді. Ауыл-аймақтағы бөлімшелерде өрт сөндіретін техника аз, бар болса жүрмейді, жүрсе су жоқ дегендей, мәселесі тізбектеліп кете береді. «Талдықорғанда наркодиспансер өртенгенде, өрт сөндіргіш машиналар су таппай зар қаққан», - дейді көрген жұрт. Осы мәселе бойынша В. Божконың сөзін дәлме-дәл келтірсек, ол:  «Думаю, мы еще раз обратимся к премьер-министру с просьбой поддержать вопрос по материально-техническому обеспечению подразделений", - деді. «Я так думаю!», - дейтін «Миминодағы» алаңғасар Хачикяннан аумай қалды-ау, аумай... Сонда, Божконың ойында жүргенін қағазға түсіріп, қабырғасынан қақыратып тұрып сауал жасауға, қаржы сұратуға не кедергі екен? «Думаю...».

 

Үшіншіден, Төтенше жағдайлар министрлігінің екі шылбыр, бір тізгінін қолына алған қай басшының да қасиеті - ұйымдастырушылығымен есте қалмайды. Шалбай Құлмаханов та, Виктор Храпунов та сол кепті киді. Тіптен, бұл қызметті асарын асап, жасарын жасаған атқамінерлердің карьерасындағы соңғы орынтақ десе болады. Құлмахановтың осы лауазымнан соң мемқызметтен кеткені, ал Храпуновтың Швейцарияға бір-ақ ытқығаны белгілі. Мүмкін, солай екен деп, Божко жұмысына салғырт қарап жүр ме екен? «Мен ұрлыққа түскенде, ай жарық болды» демекші, Владимир Карпович келгелі бері, төтенше жағдай, табиғат апаты дегенің жиілеп кетті. Қарой ауылындағы қару қоймасындағы жарылыс, Қызылағаш оқиғасы, Қарағанды шахталарындағы апат... деп соза берсек, соңғы үш жылдың өзінде қаншама адамның көз жұмғанын байқайсыз. Бірақ, бірде-біреуіне Божко жауап берген емес... Қызылағаш оқиғасына байланысты журналистер оны қыспаққа алғанда, жауапкершілік жүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Құрылыс комитетіне аудара салған. Әрине, Владимир мырза бұл саланың маманы емес. Бұрынғы «чекист». КНБ-ға саналы ғұмырын бағыштаған Божко тыңшы іздеу мен өрт өшірудің екі бөлек шаруа екенін түсінсе керек-ті. Бұрын-соңды мылтық ұстап көрмеген Ә.Жақсыбековтың Қорғаныс министрі болғаны қалай? Божко да сондай кейіпте біз үшін... Ендеше, ТЖМ-ның тізгініне осы саланың тәртібін білетін маман келсе екен деген тілек тіленіп тұр.

 

Төртіншіден, бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі радио-теледидардан хабарлар таратып жататын. «Абай болыңыздар, сел жүру қаупі бар», «Байқаңыздар, нөсер жаңбыр құюы мүмкін» дегендей, жұртты ескертіп отыратын. Қазір радио тыңдамай жүрміз бе, әлде ТЖМ бұндай хабарландыруларға сөз шығындамайтын болған ба? Сирек естиміз. Соған қарағанда, министрліктің бұқарамен жұмыс жасау, түсіндіру жұмыстары екі аяғынан ақсап тұр. Сөзіміз жалаң болмасын десек, ерінбей министрліктің ресми сайтына (www.emer.kz) кіріп шығыңыз. Қазақ тіліндегі соңғы ақпарат 2009 жылдың 5 мамырында енгізілген. Оның өзі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді құттықтау ғана. Қалған ақпарат - 0,01! Сонда ТЖМ қазаққа ақпарат қажетсіз деп тапты ма екен? Яки, осы дәлелдің өзі Божконың халықпен байланысының нашарлап кеткенін білдіре ме? Білдіреді.

 

Бесіншіден, еліміздегі ірі-ірі өндірістік кәсіпорындардың дені Кеңес заманында салынды. Техникалық қондырғылардың көбі тозып тұр. Демек, алдағы уақытта техногендік апаттардың көбеймесе, азаймасы Божко түгілі, бізге де түсінікті. Осыны ескере отырып, ТЖМ-діктер бүгіннен бастап жорамал картасын сызып, болар апаттың алдын алу үшін жұмыс істеулері керек. Құдай сақтасын, Алматыда жер сілкіне қалса, не болады? Оныншы қабаттағы офисте отырған хатшы қыз не істерін біле ме екен? Әлде, «әсем тәнімді бетон жаншығанша» деп терезеден секіруді кұп көре ме? Бұрындары сейсмикалық қауіп турасында көп айтылушы еді. Қазір жым-жыртпыз. Есесіне, Алматы түбінен 300 мың адамға арнап мола-полигон қазып қойғаны туралы баспасөз құралдары кезінде көп жазды. Бар дайындығымыз сол ғана ма? Бұдан соң «ТЖМ апаттың алдын ала ма, әлде өлгендерді жерлейтін агенттік пе?» деген сауал туады.

 

Алтыншыдан... айтар сөз жоқ!

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485