Жұма, 1 Қараша 2024
Деп жатыр 3343 0 пікір 17 Қараша, 2016 сағат 17:38

95 ЖАСТАҒЫ СОҒЫС ТҰТҚЫНЫ ГЕРМАНИЯДАН ӨТЕМАҚЫ АЛДЫ

- Соғыс және еңбек ардагері, Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы Андрей Рудь Германия елінен соғыс тұтқыны ретінде өтемақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО мемлекеттік мұрағатының директоры Айжан Сауғабаеваның айтуынша, 2015 жылы 21 мамырда Германия Бундестагы (федеральдық жиналысы) бұрынғы кеңес әскери тұтқындарына ақшалай өтемақы төлеу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Өтемақы көлемі аз емес, 2500 еуроны құрайды. Осыған орай БҚО мемлекеттік мұрағаты өңірде тұратын соғыс тұтқындарын іздестірді. Мұрағат құжаттары зерттеліп, электронды база тексерілді. Соның нәтижесінде соғыс тұтқыны болған көзі тірі бір адам табылды. Ол - Шыңғырлау ауылында тұратын Андрей Иосифович Рудь.  

А.И.Рудь Ресейдің Краснодар өлкесі Ейск қаласында 1921 жылы 12 қарашада дүниеге келген. Әскери қызметке 1940 жылғы тамызда шақырылған ол Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ ұрысқа кіріседі. 1941 жылдың маусымында бір топ қаруластарымен бірге тұтқынға түскен кеңес жауынгері азапты аз тартпайды. Тек бұдан 1945 жылғы мамырда жеңіс сағаты соққан кезде ғана құтылып, әскери қызметін жалғастырып, 1946 жылы үйіне оралады. 1948 жылы Ейск ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын бітірген жас  маман Қазақстанға жолдама алып, «Шыңғырлау» кеңшарына шеберхана меңгерушісі болып орналасады. Осылайша еңбек жолын бастаған ол бас механик, бас инженер, кейін Фурманов (Жалпақтал), Шыңғырлау аудандық ауыл шаруашылығы өндірістік басқармаларында және «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігінде бас инженер қызметін атқарады. Алпыс сегіз жыл бойы Қазақ елінде тұрып, ауданның құрметті азаматы атанған Андрей Рудь тура 95 жасқа толар кезде мұндай тосын сыйға кезігемін деп ойламаған шығар, сірә.

Облыстық мұрағат нақты деректерді жинастырғаннан кейін құжаттарды неміс тарапына жіберді. Соның нәтижесінде қараша айының басында Германиядан оңды жауап келіп, аталған көлемдегі ақша майдангердің есепшотына аударылды.  

Жуырда, 12 қараша күні Андрей Рудь өзінің 95 жасын атап өтті. Оны аудан әкімі Альберт Есәлиев бастаған меймандар құттықтап, алғысхат пен тарту-таралғы табыс етті. Ал өзі сияқты майдангер, 93 жастағы Шыңғырлау ауданының тағы бір құрметті азаматы Сүйеу Ығылманов досының 100 жасқа жетуіне тілектестігін білдірді. Өтемақы да соғыс тұтқынының қолына тиді.

«Мен Қазақ жерінде бақытты өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, тамыр жайдым. Енді, міне, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын да тойлағалы отырмын. Бұдан артық қандай бақыт керек! Қазақ халқымен біте қайнасып кеткенім сондай, қазақ әндерін өте жақсы көремін. Әсіресе, «Қамажайды» естісем, жаным сергіп, көңілім көтеріліп қалады. Менің ұзақ жасауымның сыры да осындай шалт-шадыман ортада жүргендігімнен болар», деді ҚазАқпарат тілшісіне Андрей Рудь.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар