Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7520 1 пікір 17 Қараша, 2016 сағат 10:19

ҚАРА ЖАМЫЛУ ЖАМАНДЫҚ ТІЛЕУ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ

Ұзақ сонар кіріспе сөз жазып, алтын уақыттарыңызды босқа алмайын. 

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп аталарымыз айтқандай, өзге елдің не кигенінде шаруамыз жоқ. Бірақ, қазақтың Ата салтының бұзылуына қатысты жағдайда қазақ баласының үндемей қала алмасы анық.

Ақиқатында, қазақтың қара жамылмайтынын білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, ұлдарымызды Арабияға жіберіп "оқытып" алғалы бері қазақ қыздары қара жамылып жүретінді шығарды.

Ал, енді «Қазақ баласы не үшін қара түсті жақтырмайды?» деген сұраққа келсек, баршамыз білетіндей, бүкіл дүние: күн мен түн,  қараңғы мен жарық, аз бен көп, оң мен сол, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, мейірімділік пен мейірімсіздік, обал мен сауап, періште мен шайтан, зағип пен жанары бар, ақиқат пен жалған т.т. деген сияқты түгелдей қарама-қайшылықтан тұрады. Ел арасында осы ұғымдардың жағымдысы ақ, жағымсызы қара деген жалпылама атаумен де атала береді. Алланың жолы Ақ жол, аталарымыздың ұстанған ислам дінін Хақ дін дейтіндері де осыдан. Хақтың түбірі Ақ болатыны да осыдан.

Адам – Адам болғалы ата тарихты зерттеп-зерделеп келе жатқан сопылық ілімнің тұжырымы да осы. Ұлы Жаратушы - Алла бәрін қос-қостан жаратқан. Бір-бірінсіз бұлардың бар-жоғын да, қадір-қасиетін де ажырата алмайсың. Адамның  қолынан жарату мен жою да қатар келеді. Ежелгі даналардың жазбаларындағы, Адам Алланың жердегі «көлеңкесі» делінетіні осыдан болса керек.

Ақ (Ағ) - Аға (Су ақпайтын ба еді сағадан, Сөз басталмайтын ба еді Ағадан), Ананың ақ сүті, Ақ адал мал, Ақ неке,  Ақ ниет, Ақ тілек, Ақ жүрек, Ақиқат, Ақпан (Ақ Ман, Ақ адам), Ақтау, Ақша қар т.т. Ақиқатты қайдан іздейміз? Әрине, Ата мен Ағадан. Сондықтан да Ағаның сөз түбірінде Ағ (Ақ, Ақиқат) тұр.  Ежелгі аталарымыз ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажыратып, төрелік айтуды өз хандары мен қағандарына жүктеген. Олардың ел билеген билеушілеріне жасына қарамастан «Хан Аға» деп, қолын жүрегіне қойып, басын сәл иіп тұрып құрмет көрсететіні осыдан болатын.

Аққа қарама қарсы - қара, қара ниет, қара жүрек, қаралық жасау, қара түн, қараңғы түнек, қараңғы надан (білімсіз) адам, қараңғы түрме т.т.

        Ақ – жарық сәуле, Қара – қараңғы түн (түнек).

        Ақ – әділет, Қара – әділетсіздік (қиянат).

        Ақ – жарық дүние, Қара –  бақилық дүние деген мағынада қолданылатындықтан, ежелгі аталарымыз «қара» деген сөзге де, қара киімге де құштар болмаған.

 Қазақтың Ата салты бойынша  жұбайы өлген әйел ғана шашын жайып, қара жамылған. Осыған сәйкес ондай үй «қаралы үй» деп аталған.
Сондықтан қара жамылу, қазақ қызы үшін өте жаман ырым. Қара жамылу өзіне, жұбайына, отбасының өзге де мүшелеріне, бүкіл қазақ еліне жамандық тілеу болып табылады.

Махамбеттің "Хан емессің қасқырсың
                    Қара Албасты басқырсың
                    Дұшпаның келіп табалап
                    Достарың сені басқа ұрсын" дегені Өзің тезірек өліп, отбасың қара жамылсын дегені болатын.

Қазіргі таңда қазақи мәдениеттің тура жолдан ауытқуы тек қана қара жамылумен шектелмейді,  әуретін ашып жүретіндердің де сорақылығы одан еш кем емес. Сонда қалай? Қазіргі кейбір жастарымыздың Ақ пен Қараны ажыратуға да ақылдары мен білімдерінің жетпегені ме?

О, ЖАРАТҚАН! ӘУРЕТІН АШҚАН АРСЫЗДЫҚ ПЕН ҚАРА ЖАМЫЛУДАН САҚТАЙ ГӨР АРУЛАРЫМЫЗДЫ!

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608