Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 4235 0 пікір 16 Қараша, 2016 сағат 08:45

Т.МАМАШЕВ. "КӨШІ-ҚОН ҚАЙТА ЖАНДАНА БАСТАЙДЫ"

Көші-қон мәселесі - бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Біздің портал бұл мәселе жайлы әрдайым да қоғамдағы келелі мәселелерді көтеріп, шамамыз жеткенше шеттегі ағайынның проблемаларын көтеріп келеміз. Респуьликалық "Айқын" басылымы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтен сұхбат алған екен. Біз сол сұқбатты Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадық.

 

Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары:

Көші-қон мәселесін қайта жандандыра бастаймыз

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы «Көшіп келу туралы», 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарға қол қойды. Бұл заңдар шетелде жүрген қандастарымыздың елге оралуына жаңа серпін берді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агентігі, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы секілді мекемелер құрылды. Атамекенге оралған бауырларымызға жыл сайын квота белгіленіп, белгілі бір аймақтарға қоныстануы үшін мемлекет пен жергілікті қазынадан қаржы бөлінді. Сөйтіп, дүниежүзінде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыздың елге оралуына жағдай жасалды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевке жолығып, сұхбаттасқан едік.

 

– «Арқа тыныш болса, арқар ауып несі бар?» демекші, 1931-1933 зұлмат жылдары бір миллионнан астам қазақ туған жерін тас­тап, өзге елдерге ауып кет­кен екен. Тәуел­сіздік алғалы 25 жыл уақыт өтті. Осы жылдар ішін­-де қанша қандастарымыз елге оралды?
– Әлі есімде, тәуелсіздік алғаны­мыз­ға екі апта өтер-өтпес уақытта Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақ радиосы арқылы шетел қазақтарына арнап сөз сөйледі. Бұл сөзі 1992 жылы 2 қаңтарда «Егемен Қазақ­стан» га­зетінде жарық көрді. Сөйтіп, дү­ние­жүзінде тарыдай шашылып жүрген қандас бауырларымызды атамекенге оралуға ша­қырды. Мемлекет басшы­сының бұл сөзі әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтарды дүр сілкіндіріп, ұлы көштің атажұртқа қа­рай бет бұруына серпін берді. Қазақ елі оларды құшақ жая қарсы алды. Үкімет қол­дан келген көмегін аянып қалған жоқ. Үй-жай, жер-мал берді, қаржымен қарасты, жұмысқа орналастырды, қысқасы ба­рымен бөлісті. Бұл ұлы көш туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан ба­уырларымызды атажұртқа оралту ба­ғытында көптен ойымда жүрген ар­манымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есеп­теймін. Бұл бір жүрекжарды қуа­ныш, сезімге толы салтанат, азаматтық парыздың салмағын сезінудің шы­найы көрінісі болды» дейді «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде. Міне, ел Тәуелсіздік алғалы 25 жыл уақыт өтіпті. Осы ширек ғасыр ішінде шетелдерден 267944 отбасы, 972719 адам, яғни бір миллионнан астам қазақ көшіп келді. Олар қазір егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып ке­леді.
– Елбасы бастамасымен болған ұлы көш соңғы жылдары саябырсып қал­ған сияқты. Оның себеп-салдары ту­ралы не айтасыз?
– Ұлы көштің қарқыны сәл бәсеңдеп қалғаны рас. Бірақ оған қарап көш тоқтады деуге болмайды. Ол әлі өз жал­ғасын табады. 2015 жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Осы заң шетелдегі қан­дас­тарымыздың елге оралып, Қазақстан азаматтығын алуына жол ашты, көп­те­ген жеңілдіктер жасалды. Жоғарыдағы заңға сәйкес, ҚР Үкіметінің қаулысы­мен оралмандардың қоныстану өңір­лері айқындалып, көшіп келу квотасы белгіленді. Жеті аймаққа оралмандар мен ішкі көшіп келушілерге квота бе­рілді. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қа­зақстан, Қостанай, Павлодар об­лыстары көшіп келушілерді «Жұ­мыс­пен қамту – 2020, жол картасы» бағ­дарламасы аясында қабылдауда. Мә­селен, биылғы жылдың бірінші тоқ­са­нында 6840 отбасы, яғни 114944 қандас бауырларымыз елге көшіп келген. Бұ­лардың басым көпшілігі Алматы, Жам­был, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында орналасқан. Олар – Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан және т.б. ТМД мемлекеттерінен ке­лушілер. Енді жоғарыдағы сауалыңыз­-ға нақты жауап берер болсам, 1991-1993 жылдары баспана және жұмыспен қам­ту мәселелері жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Сондай-ақ 1993- 2011 жылдар аралығында Елбасының Жарлығымен квота белгіленіп, қар­жы­лай көмек көрсетілді. 2012-2015 жыл­дары көші-қон квотасы берілген жоқ. Осыған орай 2015 жылы Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму министр­лігі тарапынан «Халықтың көші-қоны ту­ралы» заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. 

 


Нұрсұлтан Назарбаев: Дүниежүзі қазақтарының басын қосу науқандық іс-шара емес, мемлекеттік саясаттың мерейлі де мәртебелі көрінісі болып, халықаралық қауымдастықтан, әлемдік өркениеттен өз бағаларын алды. Әлемде өз қан­дас­тарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортада жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүниежүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан. Бұл тұрғыдан келгенде, Германия мен Израиль мемлекеттерінің өзі бізге қызыға қарайды десек, артық айт­қан­дық емес.


 

– Қоныс аударушылар аймақтар­ға қалай бөлінді? Олардың таңдау мүм­кіндігі болды ма?
– Әрине, бар. Бұрынғыдай емес, көшіп келушілер қаржылай төлемдерін көрсетпей-ақ, өзі қалаған кез келген өңір­лерге қоныстанып, 2-3 айдың ішін­де Қазақстанның азаматтығын алуға мүмкіндіктері бар. Сотталмағаны ту­ралы анықтама Ішкі істер министрлігі тарапынан қойылып отыр.
– «Оралмандар мен қоныс аудару­шыларды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекіту ту­ралы» қаулыға сәйкес 1259 отбасын жұмыс күші жетпейтін аймақтарға кө­шіру туралы жоспар жасалған еді. Соның нәтижесі қандай?
– Ішкі және сыртқы көштің ба­ғытын жұмыс күші жетпей жатқан аймақтарға бұрған дұрыс. Дәл қазір сол­түстік аймақтарға қоныс аудар­ған­дарға толық жағдай жасалады. Мәсе­лен, Қазақстанның азаматтығы, пәтер, квота, мамандығы бойынша қызмет беріледі. Егер тиісті мамандығы бол­маса, Үкімет есебінен оқып, қосымша мамандық алуға мүмкіндігі бар. Айт­пақшы, сол жерде бес жыл бойы тұ­ратын болса, онда баспананы жеке­шелендіріп алуына әбден болады. Мұн­дағы негізгі мақсат – сол аймақ­тарда қазақтың санын көбейту. Ең ал­ғаш тәуелсіздік алған жылдары елімізде қазақтың саны 40 пайыздан аспайтын. Қазір 67 пайызға жетіп қалдық. Алдағы 4-5 жылда 500-600 мың қандастары­мызды елге тартсақ, онда қазақтың саны 75 пайыздан асар еді. Сонда мұр­тымызды балта шаппайтыны анық. Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе бар. Соңғы жылдары еліміздің он шақты жоғары оқу орындарында дайындық бөлімдері ашылып, онда жыл сайын 1500 талапкер тегін оқытылады екен. Бұл жақсы. Елімізде жыл сайын 6000-ға жуық жастар жоғары оқу орнына түсе алмай қалады екен. Оған әскерге бара алмай қалған жастарды қосыңыз. Олар­дың бәрін жоғары оқу орнына сүйрей бермей, белгілі бір мамандыққа бау­литын дайындық курстары мен кол­ледждерді солтүстік аймақтардан көп­теп ашып, сол жаққа баруға ықпал еткеніміз абзал. Сөйтіп, оқу бітірген соң жұмыс, баспана беріп, сонда қал­дырсақ, ұлт үшін ұтарымыз көп болар еді.

 


Нұрсұлтан Назарбаев: Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен сапасын арттыру арқылы ұлттық-демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Халық санын өсірудің тарихи жолын қалыптастыру тұрғысында 
біз жасаған қадамның жемісі де, жеңісі де көріне бастады. Бұл – жалғаса берер жарқын жол. Осынау жылдарда елімізге 1 миллионға жуық бауырымыз оралды. Қазақ елінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейе түсті. Көш әлі де тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да.


–Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығы қай жылы құрылды? Оның құ­рылудағы мақсаты не?
– 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Оның мақсаты – шетелдегі қазақ­тар­мен тығыз байланыс орнату, олармен қоян-қолтық жұмыс істеу, көші-қон мәселесі туындаса, жәрдем беру, сол тұ­рып жатқан елдерде өздерін еркін сезіну үшін қолдан келгенінше көмек­тесу. Қауымдастық Төрағасы – Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Мен Төрағаның бірінші орынба­сары­мын. Осы уақытқа дейін Төрағаның тапсырмасын бұлжытпай орындап ке­леміз. Қауымдастық құрылған 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының I құ­рылтайы өтті. Аманшылық болса, осы қауымдастықтың құрылғанына да, қ­ұ­рылтайдың өткеніне де 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде көптеген тәжірибе жинадық. Десек те, үйренеріміз де, үй­ре­теріміз де көп.
– Келесі жылы атқарар қандай жоба-жоспарларыңыз бар?
– Алға қойған мақсат-мұратта­ры­мыз көп. Солардың бірі де бірегейі – ЭКСПО аясында Дүниежүзі қазақ­та­рының V құрылтайын өткізу. Дайындық жұмыстары басталып та кетті. Негізгі мақсатымыз – сырттағы ағайындарға әлемдік мән-маңызы зор көрмені көр­сету, еліміздің жеткен жетістіктерін мейлінше дәріптеу. Өзге елден келетін қонақтар қыруар ақша төлейтін болса, құрылтайға қатысатын қандаста­ры­мыздың барлық шығынын біз көтере­-тін боламыз. Сондай-ақ келесі жылдан бас­тап дағдарысқа байланысты сәл сая­бырсып қалған көші-қон мәселесін қай­та жандандыра бастаймыз. Бұл туралы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі айтып та, жазып та жүр. Сондай-ақ отандық телеарналар арқылы қа­уымдастықтың атқарып жатқан жұ­мыстары мен алдағы жоба-жоспарлары һәм шетелдегі бауырларымыздың ты­ныс-тіршілігі туралы арнайы бағдар­ламалар дайындап, жақсымызды жар­қыратып көрсетуді қолға аламыз. Осы құрылтайда қаржы мәселесі де оң ше­шіледі деген үкілі үмітіміз бар.

 


 

Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіз мемлекеттің тізгінін қолымызға ұстаған алғашқы күннен бастап халқымыздың ежелгі асыл мұраларын, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, ұлт ретінде түлетіп, жаңа деңгейге көтеруге бар күшті салумен қатар, шетелдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қолөнерін, атакәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені әлемдегі бар қазақ – бір қазақ.


– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қандай іс-шаралар өткізесіздер?
– Бұл мерейлі мерекеге орай өткіз­гелі отырған ауқымды шараларымыз көп. Президент Әкімшілігінің мұ­рындық болуымен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтетін салтанатты жиынға алыс-жақын шетелдерден қа­зақ диаспорасының өкілдерін ша­қыр­мақпыз. Осыған орай үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Сырттағы ағайындар да құр қарап жатқан жоқ. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде ең ал­ғаш таныған елдің бірі Түркия болатын. Олардың қуанышында шек болмады. Сол бауырларымыз осы жолы да шы­найы туысқандық жақындығын біл­діріп, өз елдерінде үлкен жиын өткізбек. Соған бізді шақырып отыр. Делегация құрамына мәдениет, әдебиет, өнер өкіл­дерін кіргіздік. Таяуда барып қайта­-мыз. Дәл осындай жиын Қырғызстан мен Өзбекстанда да өтпек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588